Мал басын көбейту арқылы отбасылық кәсіпті дөңгелетіп отырған қожалық басшысы Нұқанат Мамытақынов 2017 жылы «Нұрқанат» шаруа қожалығын құрған. Қарамағындағы мал басын көбейтіп, шаруашылығын кеңейтуді діттеген шаруа қыстың қамына кірісіп кеткен. Шапқан шөптерін жинап, қыстаққа тасып алу қамында жүрген отбасылық кәсіп иелерінің тынымсыз тірлігі сүйсінтеді. Ағалы-інілі екі азаматтың бірі таң бозынан тракторын «тізгіндеп» шөп шауып жүрсе, енді бірі шабылған шөпті баулауда бел жазбай жұмыс істейді. Шөбі шүйгін шабындық төсіндегі қожалық жетекшісі Нұрқанат пен інісі Нұрланның шауып, баулаған шөбі «ЮМЗ-6» техникасымен тасымалданады.
«Шілденің ортасынан ауа шабындыққа шалғы түсірдік. Былтыр осы 40 гектар шабындық жерден 85 дана бауланған шөп жиналған. Биыл бұйырса, мөлшермен 100 орамнан аса алуды жоспарлап отырмыз. Бір буылған шөптің орташа салмағы шамамен 250-280 килодай болады. Қазір қожалыққа қарасты «Дардамты» жерін шауып жатырмыз. Шөптің түсімі былтырмен салыстырғанда әлдеқайда жоғары. Биыл ылғал мол болып, шөп бітік шықты. Ауа райы ашық болса шабындықты бір апта аралығында аяқтап, «Темірлі сай» деп аталатын шабындыққа жылжимыз. Оның көлемі 80 гектар», дейді шаруа қожалық иесі.
Алматы облысы,
Кеген ауданы