Энергетика • 18 Қыркүйек, 2024

Энергетикадағы инновациялық өркендеу

118 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев бастаған Атом электр стансасын салуды қолдау жөніндегі Халық штабының мүше­лері кеше Алматы облы­сына барды. Штаб құ­ра­мында депутаттар, сарапшылар, қоғам қай­раткерлері бар. Олар өңірде кәсіпорын ұжым­дарымен, кәсіп­керлер­мен және жергілікті жұр­т­шылықпен кездесіп, елі­мізде АЭС салуға қатыс­ты референдум өт­кізу мә­селелерін талқылады.

Энергетикадағы инновациялық өркендеу

Мәулен Әшімбаев облыс жұртшылығымен кездесуде Мемлекет басшысының АЭС салу мәселесіне қатысты жалпыұлттық референдум өткізу туралы бастамасының маңызына назар аударды. «Бүгін Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың АЭС салу мәселесі бойынша жалпыұлттық референдум өткізу туралы бастамасын талқылауға арнайы келіп тұрмыз. Мұндай маңызды мәселені дауысқа салу «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының жарқын көрінісі екені сөзсіз. Бұл ретте әр азаматтың даусы үлкен мәнге ие. Сондықтан елдің болашағы үшін дұрыс шешім қабылдауымыз керек», деді М.Әшімбаев.

Сонымен қатар штаб мүше­лері «Green Land Alatau» жылыжайында өткен кездесуде отандық кәсіпорын­дарды энергиямен тұрақты қамтамасыз ету мәселесіне баса мән берді. Қазіргі таңда елдің энергетикалық секторы негізінен көмір электр стансаларына тәуелді. Сондықтан сенімді және қауіпсіз энергия көзі ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің тұрақты дамуы үшін де аса маңызды екені сөз болды.

Өңірдегі шағын және орта бизнес өкілдерімен кездесу барысында Сенат төрағасы жаңа жұмыс орындарын ашудың, ірі жобаларды іске асыруға ықпал ететін инфрақұрылымды дамытудың маңызына тоқталды. Сондай-ақ ғылыми-техникалық прогрестің, энергетикадағы инновациялық технологиялардың, жоғары технологиялық сектордың және еліміздегі ғылыми зерттеулердің маңызы да әңгімеге арқау болды.

Алматы облысына сапар аясында Халық штабының мүшелері Ш.Шөкин атындағы Қапшағай ГЭС-нің қызметімен танысып, станса мамандарымен, басшылығымен энергетика саласын дамыту келешегін талқылады.