Пікір • 18 Қыркүйек, 2024

Білікті педагог – тұрақты өркендеудің негізі

536 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Биылғы Жолдауда еліміздің кадрлық әлеуетін арттырудың негізгі міндеттерінің қатарында мектептердің әлеуетін нығайту, педагогтердің біліктілігі мен әлеуметтік мәртебесін арттыру көрсетілген. Педагог кадрлардың біліктілігін жүйелі түрде арттыру – білім саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі міндеттерінің бірі.

Білікті педагог – тұрақты өркендеудің негізі

Сурет: ru.freepik.com

Мәселенің бұлай қарастырылуы көбіне әлемдік даму динамикасына, ұлттық және аймақтық, сондай-ақ жаһандық ауқымдағы экономикалық даму жағдайларының тез өзгеруіне байланысты. Атап айтқанда, көптеген халықаралық сарапшы бұған дейін озық ұлттық білім жүйелерінің алдында жас ұрпақты цифрлық дағды­лар­ға үйрету міндеті тұрғанын атап өткен еді. Ал қазір оқушыларға жасанды интеллектімен жұмыс істеу дағ­дыларын үйрету қажеттілігі туындап отыр. Бұл білім жүйелерінің, соның ішінде біздің еліміздің алдында жаңа сын-тегеурін екені сөзсіз. Жасанды интеллект – «таяқтың екі ұшы» бар үдеріс. Үлкен оң мүмкіндіктермен қа­тар, алаяқтық, қауіпсіздік деңгейінің төмендеуі және басқа да көптеген тәуекел бар. Бұл сынаққа жауап, ең алдымен, отандық педагогтердің әлеуетін үздіксіз арттыру жүйесін тереңінен зерделеуді талап етеді. Педагогтер ортасында жас­тарды оқыту мен тәрбиелеудің жаңа дағдыларын игерудің тұрақты қажет­тілігін қалыптастыру маңызды.

Заманауи әлемде қосымша білім қызметінің нарығы өсіп келеді. Көп­те­ген ел жыл сайын педагогтердің білік­тілігін арттыруға, ең алдымен олар­­­дың қосымша білім алуына мил­лиард­таған қаражат бөледі. Елімізде де мұғалімдерді тұрақты қай­та даярлау жүйесін жетілдіру ма­ңызды. Педа­гог­тер­дің кәсіби дамуына мем­лекеттік және жеке мақсатты инвес­тициялар қажет.

Бүгінде «Өрлеу» педагогтердің білік­ті­лігін арттыру ұлттық орталығы сапалы білім контентін құру, педаго­­ги­ка­лық қызметке ынталандыруды арттыру және құндылығын нығайту бойынша жұмыс жүргізіп жатыр. Педагогикалық ұжымдарға отандық және шетелдік өзекті және инновациялық тәжірибені үздіксіз таратуды қамтамасыз етіп отыр. Сонымен қатар педагогтің жаңа педагогикалық дағдыларға қажеттілігі ескерілетін қайта даярлаудың қолай­лы форматтарын іздеу және ен­гіз­у жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қазіргі уақытта «Өрлеу» БАҰО педа­гог­тердің біліктілігін арттырудың ке­шенді бағ­дар­ламасын кезең-кезеңімен жүзе­ге асыруға кірісті. Ол оқытудың үш дең­ге­йін, қатысушылардың курс­тан кейінгі қолдауын қамтамасыз етеді. Әдіскер педагогтерге арналған курстар да өткі­зіліп келеді. «Өрлеу» БАҰО-да аралас (гибридті) оқытудың тиімді технологиялары қолданылады. Оқу үдерісін дұрыс жобалаудың жаңа тәсілдері жан-жақты қарастырылып жатыр. Алғаш рет Мақсатты мектеп мұғалімдеріне арналған онлайн режіміндегі базалық курстар басталды. Бұл ББЖМ, ПИЗА, ПББ, ҰБТ нәтижелері бойынша 1,5 миллионнан аса деректі талдау не­гі­­­зінде әзірленген. Мұнда сондай-ақ жан-жақты диагностикалық және қалып­тастырушы бағалау технология­лары жинақталды. 40 мыңнан аса педа­гогтің пәндік құзыреттіліктері мен әлеу­меттік-эмоционалдық бейіні тура­лы алынған үлкен деректер алдағы уа­қыт­та педагогтерді оқытудың тиімді мо­дель­де­рін, алгоритмдері мен нысандарын әзірлеу үшін өңделеді.

Сонымен қатар қазір Президент ұсынған «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясындағы білім ұйым­да­рының педагогтеріне арналған курс­тар­дың арнайы жүйесі әзірленіп жатыр. Прези­дент­тің Қазақ­стан халқына Жол­дауында оны одан әрі жүзеге асы­ру, жайлы мектептер үшін жеке басқару жүйесін құру да маңызды мемлекеттік практикалық мін­дет ре­тін­де белгіленді.

Мемлекет басшысы 2025 жылды Жұмысшы мамандықтары жылы деп жариялады. Оның іске асырылуының маңызды құрамдас бөлігі ұлттық техни­ка­лық және кәсіптік білімді реформалау жөніндегі шаралары болатыны сөзсіз. Сондай-ақ қазіргі замандағы еңбек нарығы үшін жұмысшы маман­да­рын даярлаудың жоғары сапасын қамтамасыз ететін педагогтердің білік­тілігін арттырудың жаңа жүйелі тәсіл­де­рін айқындау және оны жүзеге асыру маңызды. «Өрлеу» БАҰО ТжКБ педагогтерінің біліктілігін арттырудың бірқатар бағдарламасын іске асыруды, оларды оқу үдерісінде симуляторларды, виртуалды және нақты ортаны, кросс-пәндік және жобалық оқыту құзыреттерін қолданудың ин­новациялық әдістемелеріне оқыту­ды жоспарлап жатыр.

Педагогикалық шеберлікті үнемі арттыру жүйесінде «Ұстаз» ұлттық онлайн-платформасы ерекше рөл атқа­ру­ға тиіс. Бұл елдегі педагогикалық тә­жіри­бенің, педагогтеріміздің кә­сіби же­тіс­тіктерінің электрондық қай­нар көзіне айналады және еліміздің әрбір өңіріндегі кез келген педагогке қолжетімді болады. Плат­форманы құру және мазмұнын тол­тыру бойынша жұмыс белсенді жүр­гізіледі.

Ұстаздың үздіксіз кәсіби дамуы эко­но­миканың, мемлекет пен ұлттың табыс­ты дамуының стратегиялық аспектісі екенін атап өту маңызды. Президенттің Қазақстан халқына Жолдауында осын­дай міндет қою педагогтердің мәр­тебесін арттырады, олардың жаңа буын даярлаудағы ерекше рөлін біл­діреді. Бұл мемлекеттік саясаттың ауқымды бағыты, тиісті шараларды жан-жақты, сапалы қарастырып жү­зеге асырған жағдайда ұлттық білім жүйесі үшін ғана емес, бүкіл елдің дамуы үшін де жаңа мүмкіндіктерге жол ашады.

 

Айдана ШИЛІБЕКОВА,

«Өрлеу» педагогтердің біліктілігін арттыру ұлттық орталығы» АҚ басқарма төрағасы