Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің “Тарих толқынында” атты еңбегінде: “Біз түптің түбінде қазақтың бәрін қазақ етудің қамын жасауымыз қажет. Ал оның негізгі тірегі – ұлттық мәдениет. Жеке адам да, тұтас халық та тек тарихымен, мәдениетімен ғана мақтана алады. Кез келген неміспен сөйлесіп көріңізші, ол сізге алдымен “Мерседесін” емес, классикалық музыкасын айтады, кез келген французбен сөйлесіп көріңізші, ол сізге тамаша жолдарын немесе керемет парфюмериясын емес, ғажайып әдебиетін, Луврдағы жауһар туындыларды айтады”, – деп жазады. Осы жолдарды оқығанда, шіркін, Қазақ елі дегенде қара домбыра көзге елестер сәт қашан келер екен дейсің. Әрине, бұл тек уақыт еншісіндегі нәрсе. Уақыт өте келе, қазақтың әні, күйі, биі, әдебиеті, мәдениеті де жаппай әлем жұртшылығының назарында болатынына күмән жоқ. Әрине, ол үшін рухани құндылықтарымыз мейлінше көп насихатталуы тиіс. Насихат демекші, Қытайда 10 495 домбырашы бір мезгілде “Кеңес” күйін орындап “Гиннестің рекордтар кітабына” енгенін, яғни оны жаңғыртқанын естіп жатырмыз. Жанды жадырататын мұндай жаңалықты естігенде кәдімгідей сүйсініп қалдық. Ондағы қандастарымыздың қазақтың тілін, ділін, мәдениетін, рухани құндылықтарын, салт-дәстүрлерін сары майдай сақтап жүргеніне қалай сүйінбессің. Содан да Аспан асты елінің сайттарына кіріп, болған оқиғаның бүге-шігесіне дейін білуге тырысқанбыз.
Оқырманға түсінікті болу үшін айта кетсек, осыған дейін “Гиннестің рекордтар кітабында” 2008 адамнан тұратын ұлттық музыкалық аспапта ойнаған туынды кірген екен. Ал енді мінеки, қазақтың “Кеңес” күйін 10 495 адам шертіп, дүние жүзіне қазақтың атын тағы да бір паш етті. Осыдан біраз ғана уақыт бұрын Қытайдағы қандастарымыз Қаражорға биін аталған кітапқа кіргізген болса, енді қазақтың күйін тіркеп, дүниенің түкпір-түкпіріндегі қазақты тағы бір мәрте қуантып отыр.
Мұндай іс-шараға Қытайдың Шыңжаң- Ұйғыр автономиясы Іле Қазақ автономиялы облысына қарасты, қазақтар көп шоғырланған Тарбағатай аймағы Толы ауданындағы қандастарымыз мұрындық болыпты. Жергілікті әкімшіліктен қолдау табылғаннан кейін, бұл іске осыдан екі жыл бұрын дайындала бастаған көрінеді. Оны біз күн сайын жарық көретін “Шынжаң” газетінің сайты арқылы біліп жүрдік. Бұл газеттің жазуына қарағанда, күй тартқан 10 495 адам 28 ұлттан құралған екен. Яғни, қазақтан басқа қытай, моңғол, ұйғыр, татар, қырғыз, өзбек, орыс, дүнген, т.б. ұлт өкілдері бар. Әрине, қазақ халқының төл аспабы болғандықтан, қандастарымызға домбырада ойнау қиын емес. Ал басқа ұлт өкілдері қалай үйренді екен дегенге келсек, іс-шара ең алдымен домбыраны насихаттаудан басталыпты. Яғни, жергілікті телеарналарда күндіз-түні домбыра туралы хабарлар, осы хабарлар арқылы домбыраны үйрету жұмыстары жақсы жолға қойылған көрінеді. Содан барып барлық ауылдардағы мектептердің музыкадан сабақ беретін ұстаздарын шақырып, оқушыларға жаппай домбыра үйрету жүктеліпті. Нақты қадағалау жұмыстары мен қызығушылықтың нәтижесінде мектеп оқушылары көп ұзамай “Кеңес” күйін меңгеріп алған. Оқушылардан басқа егіншілер, малшылар, мемлекеттік қызметкерлер, зейнеткер ақсақалдар мен әжелер де белсенді атсалысқан. Домбырашылардың ең үлкені 80 жастағы қария болса, ең кішісі небәрі 2 жаста екен. Осы жерде 2 жасар бала қалай домбырада ойнайды деген сұрақ туындайтыны ақиқат. “Шыңжаң” газеті сайтындағы фотогалереяға кірсеңіз, бұл ақпарымызды айғақтайтын суретті де көруге болады. Сөйтіп, “Кеңес” күйін үйрету жұмыстары әбден тиянақталғаннан кейін мектептер, мемлекеттік мекемелер арасында осы күйді шертуден сайыстар өткізілген. Көп ұзамай, “Гиннестің рекордтар кітабына” тіркелу үшін 10 495 адамның төл- құжаттары ресімделіп, осы іс-шараны сәтті өткізу үшін жұртшылық аудан орталығындағы алаңға жиналыпты.
Осылайша нағыз бұқараға көрінетін күн де келіп жетеді де, мамыр айының соңында қазақтың ұлттық киімін киген 10 495 домбырашы бір мезетте “Кеңес” күйін бастап кеп жібереді. Әрине, мұндай керемет көріністі тілмен жеткізудің өзі қиын. Домбыраға тағылған үкілердің ырғағы, барлық жиналған қауымның “Кеңес” күйіне деген ыстық ықыласы, домбырашылардың жүздеріндегі қуаныш пен мақтаныш қандастарымыздың көкіректеріндегі ұлттық рух бір бірімен астасып, күй құдіретін одан әрі биіктетіп жібергендей болыпты.
Күй орындалып біткен соң, аталмыш шараға арнайы шақырылған “Гиннестің рекордтар кітабының” Шанхайдағы басқарма өкілі Ние мырза “Он мың адамдық домбырамен күй шертуден “Гиннестің рекордтар кітабына” кіргендігі туралы” куәлікті Толы ауданының әкімі Масан Зағыпарұлына салтанатты түрде табыс етіпті.
Осындай рухы биік, ұлттың намысын оятатын іс-шараны шетелде жүрген қандастарымыздың өткізіп жатқаны бір жағынан қуандырып, көңілді марқайтып, шабыттандырып жатса, екінші жағынан Қазақ елінде, өзімізде өткенде ғой деген ой да көңілге оралады.
Жоғарыда аталған газеттің сайтындағы осы іс-шараға арналған мақалаларды қарағанда, жұртшылықтың ыстық лебіздерін де оқыдық. Аты-жөндеріне қарағанда, көбісі өзге ұлт өкілдері сияқты. Мазмұнына үңілер болсақ, көбісі қазақ халқының ұлттық күйінің құлаққа өте жағымды естілетіндігін және мұндай іс-шараның шын мәнісінде таңқалатын оқиға екендігін жазыпты.