
Жалау ату сайысын сыналтуға 335–500 оқ бойы қашықтыққа кішкентай жалау тігіп, мергендердің әрқайсы 4 оқпен ататын болған. Бұл сайыста мергендер жебесі жеңіл оқ пайдаланады. Көне жазбаларда: «335-500 оқ бойы қашықтыққа жылқының бас сүйегін орналастырып, оның үстіне шағын жалауша шаншиды. Оны 15 қуатты күші бар садақпен атады» деп жазылған екен (Пэрлээ Х. Кидан және көшпелілер байланысы. Ұланбатыр, 1969. 73-б).
Бұл сайыстың маңызы хақында айтар болсақ, мерген желбіреп тұрған жалауды атады. Жалау үнемі желдің бағытына бағынып, құйқылжып тұратындықтан оны ататын адам әуелі, желдің бағытын есепке алады. Одан кейін, желмен желбіреп құйқылжып тұрған жалау-нысанаға жебе дарыту үшін аса ептілік қажет. Демек, бұл сайыс – мергендердің ептілігі мен дәлдігін сынайтын сайыс.