Мәселен, паратаеквондодан Нұрлан Домбаев пен паражеңіл атлетикадан Гүлбақыт Қайыржанова үздік бестікке енді. Волейболды отырып ойнайтын ұлттық құраманың сапына атыраулықтар Қуаныш Тәжіков, Бауыржан Сартаев, Пердебай Намұратов, Ақылбек Шікібаев, Берік Ізмағанбетов, Жанғали Сүйеуов, Нұртау Мұқанбетқалиев пен Ерлан Битеміров енді. Олар командамен бірге бесінші орынға ие болды. Парадзюдодан ел намысын қорғаған 5 парадзюдошының екеуі – Зарина Райфова мен Жұрқамырза Шүкірбеков Паралимпиаданың қола жүлдегері атанды.
Облыс әкімі Серік Шәпкнов Парижде өткен XVII жазғы Паралимпиада ойындарының жүлдегерлері мен қатысушыларын спорттағы жетістігімен құттықтады. Атыраудың ғана емес, ел спортын дамытуға үлес қосқан параспортшыларға Алғысхат пен ақшалай сертификат тапсырды.
«Сіздер Париж Паралимпиадасындағы жетістіктеріңізбен жастарға үлгі көрсеттіңіздер. Атырау жұртшылығы да ел намысы үшін аянбай сынға түсіп, көздеген мақсатқа қол жеткізген өздеріңізді мақтан тұтады. Алдағы уақытта да алар асу биік болып, жүлделеріңіз көбейсін», деді С.Шәпкенов.
Жергілікті «Infinity Eco Park» компаниясы Париж Паралимпиадасының қола жүлдегерлері Зарина Райфова мен Жұрқамырза Шүкірбековке «Zeekr» автокөлігін сыйға тартты. Дәл осындай көлік жүлдегерлердің бапкері Жандос Қияновқа да берілді.
Атырау облысы