Тұлға • 19 Қыркүйек, 2024

Өнердің биік өлшемі

1831 рет
көрсетілді
17 мин
оқу үшін

Ұлтымыздан шыққан аға буын композиторлар мектебінің негізін қалаушылар санатын­дағы кәсіби классик-композитор, халық шығармаларын сүйіп, құмарта тыңдаған Сыдық Мұхамеджановтың туғанына 100 жыл толды. Балалық шағы ауылдық жерде өткендіктен, жас талант Арқадан шыққан дарынды тұлғалар Ақан сері, Біржан сал, Мәди, Естай, Үкілі Ыбырай, Тәттімбет, Сайдалы сары Тоқа, Әбди, Қыздарбек, Сембек, Әбікен Хасенов, т.б. әндері мен күйлерін бойына сіңіріп өсті.

Өнердің биік өлшемі

Композитор бірден му­зы­каға келген жоқ, мек­тепті бітіргеннен кейін 1947 жылы Киноактер тех­ни­кумын тәмамдап, одан соң му­зыка училищесінің тарихи-тео­риялық бөлімін аяқтап, содан Құрманғазы атындағы кон­сер­ваторияның композиция фа­куль­тетіне профессор Евгений Бру­силовскийдің класында оқып­, толық 40 жылдан­ ас­там өмірін музыка жазуға ғана ар­на­ды. Му­зыкалық жанрдың бар саласын­да қалам тербе­ген клас­­сик­тің 1964–1981 жылдар­ ара­лы­ғын­да жазған  «Ай­сұлу», «Жұм­бақ қыз», «Ақан сері – Ақтоқты» опералары Алматы­да­ғы Абай атындағы Опе­ра және балет театрының сах­насында қойылды.

Вокалдық-сим­фониялық шы­­­­ғар­малары одақ­тық және ше­т­­­ел­ маман­дар­ының тарапынан жоғары бағаланды. 1960 жылы Қуандық Шаңғытбаевтың сөзіне жазылған, 8 бөлімнен тұратын «Ғасырлар үні» ораториясы – отыз жылға жуық үлкен сахналарда үзіліссіз орын­­далған, сонау  «Ақтабан шұ­бы­­рындыдан» ­бастап бүгінгі күн­ге дейін ұлт тарихын те­рең байыптап, тыңдаушы, көрер­­менге рух беретін, пат­риот­тық сезімді оятатын үлкен музы­калық туынды. Қазақ ұлт аспаптар оркестріне ар­налған шығармаларының ішіндегі «Шаттық отаны» атты еңбегі алғаш Шамғон Қажы­ғалиев, Алдаберген Мырза­бе­ковтердің дирижерлігі­мен Құр­­манғазы атындағы ор­кестр­дің орындауында 1953 жылы алғаш рет тыңдарманға жетіп, оркестрдің шетелдік гастрольдерінде өте жоғары ба­ға­­­ланды. Ол әлі күнге дейін рес­пуб­ликадағы барлық ұлт аспаптар оркестрлерінің репертуарларынан түскен емес.

С.Мұхамеджановтың скрип­каға, дауысқа, домбыра, қо­быз­ға арналған концерттері де жетерлік. Камералық аспаптарға арналған пьесаларының өзі он­нан асады. Хорға арналған ака­пелла, кантата, поэма, марш­тары және бар. Жиырмаға жуық драмалық спектакльге арна­лып жазылған музыкалары рес­публика театр­ларында осы күнге дейін орындалады. Он­нан астам кинофильм­ге жа­зылған музыкасын есті­ген­де, ком­позитордың өзіне тән қол­таңбасын бірден та­нуға­ болады. Халық әндерін өңдеу­дің хас шеберінің фортепиано сүйемелдеуінде түсірген кла­вирлерін классик әншілер әлі күнге өз керегіне жаратуда. Дж.Бай­рон, Т.Шевчен­ко, Р.Бейрус, С.Сейфуллин, И.Бай­зақов, С.Бегалин, М.Хәкім­жанова, Қ.Аманжолов, ­М.Ма­қа­­таев, Т.Әб­дірахманова, А.Шам­­­кенов, Ж.Өмірбеков, Н.Бай­ма­ғанбетов, С.Адамбе­ков, А.Бейсенов, Е.Әу­ке­баев, Ж.Тұрбекова сияқты ақын­дардың сөзіне жазылған ән-романс дуэттері екі жүзге жуық. Ал Абай мен Қуандық Шаң­ғытбаевтың сөздеріне жазылған вокалдық циклдері – бағасы жоқ дүниелер. Мысалы, «Жарқ етпес қара көңілім не қылса да», «Өзгеге көңілiм тоярсың» атты туындысы, романс жанрында жа­зылған шығармалары – лири­ка мен сұлу әуеннің бір-бірі­не ерекше үйлескен шоқ­ты­ғы биік туынды. Қуандық ақын­ның сөздеріне жазылған циклдерін­дегі «Тербеледі тың дала», «Жар­қырайды Теміртаудың оттары», «Есімде», «Әйтеуір, сол қыз – бір сұлу», «Уа, жеңгелер» атты әндері мен дуэттері әлі күнге дейін ел аузында.

С.Мұхамеджанов музыкасы­ның ерекшелігі ұлттық негізден нәр алған иірім нақыш­та­ры, әуездік үнділігі, кәсіби әнші­лер­дің дауысына өте ыңғай­лы мелодиясы тез көңілге қонып, есте сақталатынынан болуы керек. Ол кісіні өнер әлемі «Қазақтың Пуч­чиниі» деп атайды. Сон­дықтан болар, музыкалық колледждер, консерватория мен өнер университеттерінің оқу бағ­дарламаларына оның ария, ән, ро­манс, дуэттері енгізілген.

Менің өнер жолымда Сыдық Мұ­хамеджанов ерекше орын алады және оның ұлы тұлғасы мәңгі есімде қалады. 1981жылы Рим­ский-Корсаков атындағы Ле­нинград консерваториясын бітіріп келіп, Алматыдағы Абай атындағы Опера және балет теа­т­­рына орналастым. Ол кез­­де театрдың көркемдік кеңес мү­шелері: театр директоры Т.Өз­беков, бас дирижері В.Руттер, бас режиссері Б.Рябикин, бас хормейстері Б.Жаманбаев, бас балетмейстері З.Райбаев, бас суретші Г.Исмайлова, партия ұйымының хатшысы В.Яковенко, кәсіподақ төрағасы К.Бейсалиев, КСРО халық әртістері Е.Серке­баев, Р.Жаманова, Р.Бапов, ­Б.Тө­легенова, Р.Абдулин, Мәде­ниет министрінің орынба­сары Қ.Саудабаевтардың алдында­ Тұрғыт Османовтың ди­ри­жер­­лік етуімен опералардан бір­неше арияны симфониялық оркестрдің сүйемелдеуінде орындап бердім. Көркемдік кеңес­тің қызу талқысы мен шеші­мінен кейін, бақытыма орай, опера труппасына қабыл­дандым. Сол жылы театрдың жаңа мау­сымына композитор С.Мұ­хамеджановтың Ғ.Мүсірепов либреттосына жазылып біткен «Ақан сері – Ақтоқты» операсы қойылатын болып, көркем­дік кеңестің шешімімен Ақан пар­тия­сын орындау үш тенорға – Н.Қа­ражігітовке, С.Байсұлтановқа және маған жүктелді. Содан қызу дайын­дық басталды да кетті. Әуелі бір айдан астам уа­қыт әрбір партияның мелодия­сымен бірге сөздерін жаттау, клавирмен түгелдей танысу, бір айдай фортепианоның сүйе­мелдеуімен әрбір партия­ны орындауымен спектакль дирижері ән, романс, ария, ансам­бльдерін қабылдап әрі қарай барлық орындаушының басын қосып (спевка)жатқа айт­қы­зып қабылдағаннан кейін оркес­трімен бірге қосылып айту басталады. Бәрін пысық­тап алған соң, режиссер сахнада әрбір орындаушының образдарымен жеке-жеке жұмыс жүргізіп, әр актінің мизансцена­ларын көрсетеді. Спектакльде әрбір бей­нені сомдайтын әнші­лер құрамы 3-4 адамнан тұрады. Күнде дайындық: өзіңді-өзің бап­тап, бар күш-жігеріңді сақ­тап, кәсіби әншілердің тамақ ауруы саналатын тра­хеит, фарингит, ларингитпен ауы­рып қалмауға тырысасың және бір-біріміз­ді сырттай байқап, бақылап, өзара кемшіліктерімізді бай­қап, толықтырып отырамыз. Орын­даушылық өзара бә­се­келестік деген осы. Бірінші тұсаукесер премьераны кім айтады – сол үздік. Спектакльдің дирижеры Валерий Руттер, режиссері Бәйтен Омаров, хормейстері Базарғали Жаманбаев, сурет­шісі Гүлфайруз Исмайлова, опера ав­торы Сыдық Мұха­мед­жа­нов­тардың талабы қа­тал, сын-ескертпелерін мүлт жібермеуміз керек. Сонымен, алты ай бойы дайындалған шығарманы кос­тюм, грим, декорация партия­ларды орындаушы үш құрамды әншілерді барлық болмысымен көркемдік кеңес мүшелері бір тыңдап, Мәдениет министрі Жексембек Еркімбеков бір тыңдап, 1981 жылдың тамызында басталған спектакльге даяр­лық 1982 жыл­дың 23 қаң­тарында мәресіне жетіп, көр­сетуге жарнамалар ілінді. Бірін­ші премьерасын Ақан серіні – мен, Ақтоқтыны – Хорлан Хали­лам­бекова, Жалмұқанды – Ға­физ Есімов, Хазіретті – Қырғыз­стан опера театрының әншісі Қуаныч­бек Құлматов, Мылқауды – «Қазақфильм» актері Димаш Ахимов, Сердәліні – Кеңес  Бейсалиев, Қоңқайды Аманжол Жанбатыров айтатын болып шешілді. Спектакльдің алғаш қойылымына Ғабит Мүсірепов бастаған Жазушылар одағы, Еркеғали Рахмадиев бастаған Композиторлар одағы, бүкіл Алматының зиялылары түгел жиналды. Қойылым ойдағыдай өтіп, БАҚ-та жақсы баға берілді. Театр табалдырығын аттай сала менің тырнақалды бас партия орындағаныма да жылы пікірлер айтылды.

Содан жарты жыл өткенде Сыдық аға­мыз­дың сұрауы бо­йынша Софы Сма­таевтың либреттосына жазылған «Жұмбақ қыз» операсындағы Адақтың партиясын­ орындадым. Опера және балет театрында істеген 1981–1996 жыл аралығында 30-дан астам орыс, қазақ, Еуропа операларының бас партияларын айтып, театрдың бүкіл репертуарына ендім. Әлі есімде, 1984 жылы композитордың ­60 жылдық мерейтойын өткізетін болып бір топ өнер адамы Жезқазған облысын араладық. Сыдық ағамыздың шаш­ба­уын көтеріп Композиторлар ода­гының хатшысы Тілес Қа­жы­ғалиев бастаған әншілер: Хафиз Есімов, Алма Оспанова, Люция Төлешова, Зейнеп Қой­шыбаева, фортепианода сүйе­мелдеушi концертмейс­тер Римма Кузмина – бәрімізді Жез­­­қазған аэропортынан облыс­тық атқару комитетінің төр­аға­сы Хамза Жұмабеков, облыс телерадиосының төрағасы Сәбит Байдалы және бір топ адам гүл шоқтарымен қарсы ал­ды. Мұнан соң баратын же­рімізге төрт ақ «Волгамен» аттандық. Әр елді мекенде өткен кездесу-концерттерде мерейтой иесінің операларынан үзінді, ән, романстарын орындаймыз. Тілес Қажығалиев баяндама жасайды. Композитормен жүздесу­ге, музыкалық шығармаларын тыңдауға келген халық залға сыймай кетеді. Жезқазған жерін аралап келе жатқанда сар далада жөңкіген мыңдаған жез­киік­­ті көріп, таңғалғанымыз есімізде.

Сол елде өткен мерейтой сапарынан шабыт алып, рухтанып қайтқан композитор осы жылы өзінің 4-симфониясын, қазақ ұлт аспаптар оркестрімен орындалатын домбыра және қобызға арналған концерттерін, фортепианоға арналған концерттік вальстерін жазып тастады. «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» операсы 2 бөлімді 4 картинадан тұратын клавирін аяқтадым, енді ойды пісіріп, патитурасына кірісемін, Қозының партиясын сен орындайсың», деп маған ескертіп те қойған еді. Әр нәрсенің себебі бар. Е.Брусиловский, А.Жұбанов, Л.Хамиди, М.Төлебаев, П.Ара­вин сынды аға буын композиторлар арасындағы шығармашы­лық бәсекелестік пен кейде күр­делі қатынастары одан кейінгі ­Е.Рах­мадиев, С.Мұхамеджанов, Ғ.Жұ­ба­нова, Н.Тлендиев, Қ.Қо­жамия­ров толқынына әсер ет­­кені белгілі. Бірақ сол­ бә­­секе­лес­тік аталған ком­по­­зитор­лар­дың бір-бірінен қа­лыс­­пай, өзін-өзі қамшылап, не­­бір қомақ­ты музыкалық туын­ды­­лар жазуы­на ықпал етті. Бү­гін­­­де артында қалған олар­дың мол мұрасы театр, оркестр, жеке орындау­шы өнер иеле­ріне әлі күнге дейін азық. Өкі­ніш­ке қарай, бүгінгі композитор­лар ара­­сында шынайы шығар­ма­шы­лық бәсекелестік мүлдем жоқ...

КСРО халық әртісі атағын өз әріптестерінің соңынан алғандығы әсер етті ме, С.Мұ­ха­меджанов өмірінің соңғы кезінде мінезі томаға-тұйық болып, денсаулығы нашар­лап, дімкәстана берді. Бірде маған  «Жұмбақ қыз» операсындағы Абылай бей­несі үшін мені «ұлтшыл» деп айып­­тап, сергелдеңге салды, ақырында инфаркт алдым...» деді. Осыны айтқанда өнер тұлға­сының жүзінен мұң көр­ген едім... Сыдық ағамыздың шығар­масында Абылай аңсай­тын­ еліміз тәуелсіздік алатын­ 1991 жылдың 3 ақпанында дү­ниеден озды.

1994 жылы композитордың 70 жылдық мерейтойы Қазақ­стан Ұлттық ғылым академия­сы «Ғалымдар үйінде» сол мә­дени орданың елшіл басшысы Ғайни­кен Бибатырованың бастамасымен өткенін халық жақсы біледі. Ол мәдени-танымдық кеш «Сазың кетпес құлақтан» деп аталып, оны жүргізу маған бұйыр­ған еді. Кештің алғы сө­зін атақты «Елім-ай» романы­ның авторы, «Жұмбақ қыз» опе­­ра­­сының либреттосын жаз­ған, хан атын атауға болмайтын заманда спек­такльге Абылай бейнесін ен­гізген, халық бәсінде батыл да биік жазушы, ақын Софы Сматаев айтты. Сол шараға Жезқазғаннан арнайы келген Сыдық ағамыздың  93 жас­тағы әкесі Мұха­меджан ақсақал кон­­­церт­тің соңында сөз алып: «Айна­лайындар, Сыдығым өл­ген жоқ, қазақ халқы аман болса, ол да мәңгі жасай береді» деп, жи­ынға келген жұрттың көңілін босатқан еді. Со­дан бері қанша жыл өтті, компози­тордың артында қалған өшпес музыкалық мұрасы әлі де орында­лып келеді, орындала да бермек.

2013 жылдың наурызында Еуразия ұлттық универси­теті «Кәусар» мәдени-таным­дық бірлестігінің бастамасымен өткен кездесуінде қоғам қайраткері, Еңбек Ері, марқұм Еркеғали Рахмадиев: «Сыдықтың мерейтойлары аталып өткен жоқ, не бір көшеге, не бір өнер ғи­маратына есімі берілген жоқ, кеше ғана оның музыкасын, ән романстарын айтып жүр емес пе едіңдер, көзі жұмылғаннан кейін оны ұмыт­қандарың ба?» деп біраз басшының есігін тоздырдым. Біз­дің тұлғаны баға­лауымыз әлі дана Абай берген сипаттан аспай тұр ғой», деп өкінішті сөзін жеткізген еді.  Ерағаң айтып кеткен аманат әлі де арман болып тұрғанын неге жа­сырамыз? Еліміздің баға жет­пес рухани қорына енген Сыдық Мұхамеджановтың шы­ғармалары – тұнып тұрған мөлдір бұлақтай, ұлттық нақы­шы қанық классикалық дүние­лер. Кеңес империясы құлап, мемлекетіміз тәуелсіздік алған кезеңде дәстүрді арқалаған халқымыз Сыдықтай композиторларын іздеді. Бірақ рухани кеңістіктің бостығынан, елдігімізді қор етуді қалаған түрлі ағымның белсенділігінен отандық музыка әлемін инкубатордан шыққандай бір-бірінен аумайтын, бүгін айтса, ертең еске түспейтін жылауық әндер мен ыңырсық әншілердің афро-америкалық, англо-саксондық эстрадасы жаулап алды. Осыны керемет көрген, бұған көзсіз еліктеп өскен жастардың санасы уланып, талғамы бұзылып бара жатқан үрдісті қазіргі алапат дерт «Эболамен» салысты­руға болады. Елді үйлесімділік пен сұ­лулыққа, тазалық пен шы­­найы­лыққа баураған Сыдық Мұхамеджановтай тұлға­лар­­дың мұрасы бүгінгі жасан­ды «жұлдыздардың» көз қарық­ты­рар жарығының астында, көлең­кесінде қалуы ұлт музыкасына, шын өнер иелеріне жаны ашитын адамдарды бейжай қалдырмауы керек.

Қазір қалада қаптаған маши­наның шаң-тозаңына уланған мына заманда эфир мен сахнаны жаулап алған жасанды әншілерден халық ығыр болды. Шаршады. Мұны қалай қойдырамыз? Жер бауырлап кеткен ән әлемінің  беделін қалай көтереміз? Осы сұрақтар өнер адамдарына да, жал­пы халыққа да қойылып тұр­ғ­ан­дай. 2022 жылы «Хабар» агент­ті­гі­­­­нің сол кездегі төрағасы Берік Уәлиге барып, кабинетінде «Тербеледі тың дала», «Әйтеуір, сол қыз – бір сұлу», «Қырманға кел, қал­қа­тай» әндерін ыңылдап айтып, «Бұл кімнің әні?» деп сұрадым. Ол жұлып алғандай: «Әрине, Сыдық Мұхамеджанов», деді. «Олай болса, бауырым, Сыдық Мұха­мед­жановтың осы күнге дейін мерейтойлары аталмай келеді. Енді екі жылдан кейін жүз жылдығы болады. Соған орай, композитордың «Сазың кет­пес құлақтан» атты жеке-дәріс концертімді түсіруге ат­са­­лы­суыңды сұраймын», дедім. Берік Уәли сөзінде тұрып, Ұлт­тық кітапхананың ақ роялі бар бөл­­ме­сінде, пианист-концерт­мейс­­тер Любовь Глинканың сүйе­­мел­деуінде түсірілген дәріс-кон­цертті  «Еларна» арнасында көр­сетті.

Былтыр Қарағанды облысы­ның әкімі Ермағамбет Бөлек­баевтың қабылдауында болдым. Осы облыстың Шет ауданы­ның тумасы Сыдық Мұхамед­жановтың 100 жылды­ғын өз­де­ріңіз бастап бер­сеңіз­дер, аруағы риза болар еді. Әкім сол жерде облыс әкімі­нің орынбасары Ерлан Құсайы­нов, Мәдениет басшысы Ер­кебұлан Жұмекеновке компози­тордың мерейтойын өткізуді келесі жылдың жос­парына енгізуге тапсырма берді. Композитордың көзін көр­ген үш опера, оратория ән-романс­тарынан үзінді видеоларды  осы жылдың басынан өзімнің Facebook парақшамда жариялап келемін. Осыны байқаған «Абай» телеарнасының «Ұмытпаймыз» бағдарламасының авторы және жүр­гізушісі Жаңылхан Асыл­бекқызы мені арнайы Алматыға шақырып, сұхбат алды. Онда біраз мәселені айтып, ой бөлістік.

Ұлы композитордың мерейтойы еліміз бойынша кең көлемде  аталып өтіліп, оның музыкалық шығармалары орындалып, насихатталады деп сенеміз. Бұл ретте Сыдық Мұ­хамеджанов тұлғасы және өнері асық пен жасықты тануға өлшем бола алар еді деп ойлаймыз.

 

Кенжеғали МЫРЖЫҚБАЙ,

Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, профессор