Туризм • 19 Қыркүйек, 2024

Әлемдік көрсеткіштегі отандық туризм

115 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Әлемдік туризм саласы экономиканың екінші тынысын ашатын бағыттардың бірі екені анық. Бүгінгі таңда ­туризм арқылы жылына миллиондаған қонақты қабылдап, жаңа жұмыс орындарын ашып, шағын және орта бизнесін өркендетіп отырған мемлекеттер қатары өсіп келеді. Осы орайда оқырман назарына әлемдік туризм саласындағы маңызды зерттеулердің бірі – 2024 жылғы Саяхат және туризмді дамыту индексін (Travel&Tourism Development Index 2024, TTDI) ұсынамыз.

Әлемдік көрсеткіштегі отандық туризм

Суретті түсірген Ерлан ОМАР, «EQ»

Бұл есеп 2007 жылдан бері шығарылып келе жатқан Дүниежүзілік экономикалық форумның іргелі зерттеуіне жататынын атап өту керек. Индекс Суррей университетімен бірлесіп және жетекші туристік мүдделі тараптардың (T&T), аналитикалық көшбасшылардың, деректер серіктестерінің қатысуымен түзілген туризм және саяхаттың тұрақты дамуын қамтамасыз ететін факторлар мен стратегиялар жиынтығын өлшейді.

Индекстегі деректер жиынтығының көп бөлігі халықаралық ұйымдардың статистикалық мәліметтерінен алынған. Ал қалған бөлігі Дүниежүзілік экономикалық форумның жыл сайынғы көшбасшылардың пікірін зерттеу сауалнамасының қорытынды деректеріне сүйенген. Есеп әлемнің 119 елінің экономикасын қамти отырып, халықаралық деңгейде салыстырылатын тұжырымдамаларды өлшеу мақсатында пайдаланылады. Зерттеуде әр индикатор бойынша ұпайлар сарапталып, 1-ден 7-ге дейінгі жалпы шкала бойынша бағаланған. 1 – ең нашар, ал 7 ең жақсы нәтижені көрсетеді. Индекс бес өлшемнен, 17 бағаннан тұрады, 102 жеке индикаторды қамтиды. Алайда бес өлшем индексті есептеу кезінде ескерілмейді, тек ұсыну және санаттау мақсатында қолданылады.

Мамандар берген қорытындыға сүйенсек, жоғары жаһандық инфляция, әлемнің әр түкпіріндегі қақтығыс сияқты сыртқы макро­экономикалық, геосаяси және экологиялық факторлар туризм саласының дамуына кедергі келтіріп жатыр. Сондай-ақ алдағы жылдары климаттың өзгеруі, геосаяси шиеленістер, макроэкономикалық белгісіздік және жасанды интеллект сияқты жаңа цифрлық технологияларды қолдану факторларының әсері туризм және саяхат саласы үшін негізгі сын-тегеурінге айналуы мүмкін.

Бүгінгі таңда көптеген еуропалық туристік компания әлі де жұмыс күшінің тапшылығын сезініп отыр. Бұл ішінара экономиканың басқа сегменттерімен салыстырғанда жалақының салыстырмалы түрде төмендігімен түсіндіріледі.

Есепте берілген деректерге сүйенсек, пандемиядан кейін техникалық қызмет көрсету секторының өсімі жалғасып келеді. Сондай-ақ мемлекеттегі мәдени ресурстардың туризмді дамытудағы маңыздылығы ерекше аталып көрсетілген. Бұл баған археологиялық кешендер мен ойын-сауық орындары сияқты мәдени ресурстардың қолжетімділігін өлшейді. Белгілі бір дәрежеде индекстегі аталған инди­катор мәдени ресурстар әлеуетінің қалай алға жылжығаны мен даму қар­қынын білдіреді. Осы орайда мәдени ресурстың саяхат және туризм әлеуетін дамытудағы көрсеткіші өскенін атап өту керек. Есепте берілген деректерге сүйенсек, мәдени ресурстар көрсеткіші 2019 жыл­дан бері өсіп келеді. 2021 жылы +3,4% болса, 2024 жылы +4,1% көрсет­кішті құраған.

ва

Зерттеуде мамандар келушілер мен жергілікті қоғамдастық арасындағы мәдени алмасуды ынталандыру бағытында бірқатар кеңес берген. Мәдени алмасу әрі толеранттылықты арттыру мақсатында туризмді пайдалана отырып, келушілер мен жергілікті қауымдастық арасындағы шынайы мәдени тәжірибе және өзара әрекеттесуді ілгерілетуге күш салу керек. Бұған мәдени мұра турлары, демалыс үйлері, қоғамдық туристік жобалар және мәдени фес­тиваль сияқты бастамалар арқылы қол жеткізуге болады. Осы мақсатқа жету үшін жергілікті қауымдастықтарды мәдени мұраларды қастерлеуге, туризмді жоспарлау және дамытуға тарту қажеттігі атап көрсетілген. Сондай-ақ шынайы мәдени тәжірибе мен көрнекті орындарды қорғауға бағытталған мақсатты маркетингтік іс-шаралар ұсыну керектігі айтылған.

Төмендегі кестеде саяхат пен туризм саласындағы мемлекеттердің көрсеткіші беріліп отыр. Кестеден көріп отырғанымыздай, алғашқы бестікте АҚШ, Испания, Жапония, Франция, Аустралия мемлекеттері орналасқан. Қазақстан әлемдік рейтингте 52-орыннан көрінді. 56-орында Әзербайжан, 72-орында Армения тұрса, Орта Азия елдерінен Өзбекстан – 78-орында, Тәжікстан – 99-орында және Қырғызстан – 102-орында.

Орын

Мемлекет атауы

Ұпайы

1

АҚШ

5,24

2

Испания

5,18

3

Жапония

5,09

4

Франция

5,07

5

Аустралия

5,00

8

Қытай

4,94

29

Түркия

4,39

45

Грузия

4,14

48

Израиль

4,10

52

Қазақстан

4,07

56

Әзербайжан

3,98

72

Армения

3,73

78

Өзбекстан

3,68

99

Тәжікстан

3,42

102

Қырғызстан

3,38

Дереккөз: Travel &Tourism Development Index 2024

Қорытындылай алғанда, Дүниежүзілік экономикалық форумның Саяхат және туризмді дамыту индексі зерттеушілер мен ғалымдарға, тақырыпқа қызығушы мамандарға статистикалық мәліметтерімен, мамандар тарапынан берілген ұсыныстарымен қосымша көмекші құрал болады.

 

Мария ЖЫЛҚЫШИЕВА,

Қазақстан қоғамдық даму институтының сарапшысы