Құқық • 19 Қыркүйек, 2024

Судья қызметін бағалайтын институт

69 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Тиімді сот жүйесі – құқықтық мемлекеттің негізі және азаматтық қоғам дамуының алғышарты. Ал сот реформаларын табысты іске асырудың шешуші бір факторы– кәсіби сот корпусының болуы. Кейінгі жылдары елімізде сот жүйесін жаңғырту, халықтың сотқа деген сенімін арттыру бағытында ауқымды жұмыстар атқарылды. Сот төрелігін күшейтуге және сот корпусының кәсіби деңгейін арттыруға бағдарланған қажетті құралдар әзірленіп, тәжірибеге енгізілді.

Судья қызметін бағалайтын институт

Алға қойған міндеттерді жүзеге асыруда судьяның кәсіби қызметін ба­ғалау институтының алатын орны ерекше. Венеция комиссиясы, Еуропалық судьялардың консультативтік кеңесі және басқа да халықаралық ұйымдардың көзқарасына сәйкес, бағалау институтының басты мақсаты – судьялардың жұмыс сапасын арттыру арқылы елдің бүкіл сот жүйесінің сапасын көтеру.

Судьялардың кәсіби қызметін бағалау бар­лық елде өткізіледі. Бұл қатарда Аустрия, Бель­гия, Болгария, Мажарстан, Германия, Италия, Литва, Латвия, Түркия, Португалия, Румыния, Франция, Словения, Англия, Финляндия, Ресей, Испания, Ирландия, Нидерланд, Шве­ция, Дания, Швейцария, Украина және басқа да елдерді атауға болады. Әрине, әр елдің баға­лау құралдары мен тәсілдері айтарлықтай ерек­шеленеді, бірыңғай көзқарас жоқ, бірақ баға­лаудың мақсаттары – бірдей.

2019 жылға дейін Қазақстанда судьяларды бағалау «билеттер жүйесімен» жүргізілетін. Содан кейін озық халықаралық тәжірибені зерттеу нәтижесінде судьяларды бағалау инс­титутының түбегейлі жаңа моделі әзір­ленді. Енді судьяның жұмысы сандық және сапалық жағынан, нақтырақ айтқанда, сот төрелігін жүзеге асыру, сот актілерін дайын­дау және сот үдерістерін жүргізу сапасы, сот жүк­темесі, үдерістік мерзімдері және басқа да көрсеткіштер бойынша бағаланатын болды.

Судьяларды бағалауға судьялардың өздері сайлайтын, жеті мүшеден – облыстық сот­тардың үш судьясы, Жоғарғы соттың үш судьясы және отставкадағы бір судьядан тұра­тын Сот төрелігінің сапасы жөніндегі комиссия құрылды. Бағалау көрсеткіштері, оны жүр­гі­зу­дің тәртібі мен механизмі халықаралық стандарттар негізінде республика судьяларының пікірін ескере отырып әзірленген судьялардың кәсіби қызметін бағалау әдістемесінде көрініс тапты. Бағалаудың негізгі қағидаттары әлемдегі озық тәжірибеден алынған өлшемшарттар­дың ашықтығы, объективтілігі және әділдігі еке­нін атап кеткен жөн. Бұл әдістеме жоғары баға­ға ие болып, тиімділігін көрсетті.

Объективті болуға адам факторының қаты­суын барынша азайтып, IT мамандар тартылды. Олар арнайы ақпараттық сервистерді құрды, онда судьяның жұмысы туралы деректер жинақталады. Сот төрелігін жүзеге асы­руға қатысты көрсеткіштер автоматты тү­рде қалыптастырылады, яғни барлық үдеріс авто­маттандырылған, ашық және айқын.

2019 жылдан бері комиссия 2 мыңнан аса судьяның кәсіби қызметін бағалады. Бағалаудың жаңа әдістемесі негізділігін көрсетіп, белгілі бір деңгейде тәжірибе жиналып қалды. 2023 жылы Астанадағы ЕҚЫҰ Бағдарламалар офисі қолданыстағы бағалау жүйесін зерделеу мақ­сатында республикадағы барлық судья­ның арасында анонимді сауалнама жүргізді. Нәтижесінде, қатысушылардың көпшілігі, 72%-ы бағалау рәсіміне оң көзқарас білдірді, 63%-ы Сот төрелігінің сапасы жөніндегі комиссия ұсыныстарын пайдалы деп тапты. Бағалау инс­титутын қайта қарау бойынша қолданыстағы заңнамаға бірқатар түзету дайындау кезінде осы сауалнаманың нәтижелері ескерілді. Сөйтіп, биылғы 5 шілдеде «Қазақстан Республикасы­ның сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі тура­лы» Конституциялық заңға судьялар­дың қыз­метін бағалау институтын одан әрі жетілді­руді көздейтін түзетулер қабылданды.

Түзетулер судьяның іскерлік және адам­гершілік қасиеттерін бағалауға, соттан тыс жұмыс жүктемесіне қатысты өлшемшарттар­ды алып тастауды көздейді. Себебі судья­ның басты міндеті – сот төрелігін жүргізу. Ал адамгершілік қасиеттер өлшемшарты Сот жюриі, Сот әдебі комиссиясы және жалпы отырыстар арқылы бағаланады. Көрсетілген өлшемшарттарды қысқарту комиссияға өз қызметін тек «сот төрелігін жүзеге асыру сапасы» негізгі өлшемшартын зерттеп, бағыттауға мүмкіндік береді.

Мерзімді бағалаудың бұрынғы 5 жыл­дық мерзімі сақталып, алғашқы бағалау мерзімі ­1 жыл­дан 3 жылға ұлғайтылды. Тәжірибе ­көр­­сеткендей, бір жыл ішінде жас судьялар­дың кәсіби білімі мен дағдыларын толық әрі объективті бағалау үшін сот тәжірибесін мең­геруге үлгермейді. Басқа сотқа ауыстыру ме­ханизмі бойынша комиссия шешімдері нақ­тыланды. Атап айтқанда, бірінші сатыдағы ­судьялар үшін жүктемесі аз басқа сотқа ауыс­тыру, ал жоғары тұрған соттың судьялары үшін төмен тұрған сотқа ауыстыру туралы шешімдері қарастырылған.

Судьяның жұмысында кемшіліктер анық­талған жағдайда ол Сот төрелігі академиясына біліктілікті арттыру курстарынан өтуге жолданады. Мұндай тәжірибе көптеген шетелде (Гер­мания, Польша, Бельгия, Литва және т.б.) қолданылады.

Сот төрелігінің сапасы жөніндегі комиссия құрамы мен оны құру тәртібі қайта қаралды. Комиссия кәсіби деңгейі жоғары, абыройы мінсіз, судьялар қауымының арасында беделді және судьялық өтілі 20 және одан да көп жыл болған, яғни бағалаудан босатылған судьялардан қалыптасады. Комиссия құрамының жартысы жыл сайын қайта сайланады.

Жалпы бағалау емтихан немесе судьяларға әсер ету ретінде емес, керісінше, оларға тәжі­рибелі судьялардан тұратын комиссия тарапынан көмек беру, ынталандыру, біліктілік­те­рін арттыру арқылы сот төрелігін жүзеге асыру сапасын және сот корпусының сапалы құрамын арттыру құралы екенін түсіну қажет. Бағалау кезінде комиссия сот төрелігін жүргізу сапасының көрсеткіштерін зерделеп, судьяның әлсіз әрі күшті жақтарына өзінің назарын аударып, тиісті ұсыныстарды әзірлейді.

Халықаралық стандарттарға сәйкес комиссия судьяның қызметін бағалау нәтижелерін мансаптық өсу мен біліктілігін арттыру үшін белсенді түрде пайдаланады. Қабылданған шаралар заң талабына сай тәуелсіз жұмыс істеу­ге қабілетті, кәсіби күшті сот корпусын қа­лыптастыруға ықпал ететініне кәміл сенемін.

 

Есіркеп СЕЙІТЖАН,

Сот әкімшілігі Сот төрелігі сапасының мониторингі бөлімінің меңгерушісі