Үкімет • 19 Қыркүйек, 2024

Орталық Азия: Арал тағдыры алаңдатады

91 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Еліміз 2024-2026 жылдар аралығында Халықаралық Аралды құтқару қорына (ХАҚҚ) төрағалық етеді. Осыған орай Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Премьер-министр Олжас Бектенов ХАҚҚ басқармасының бірінші отырысына қатысушы елдер делегациялары басшыларымен кездесу өткізді.

Орталық Азия: Арал тағдыры алаңдатады

1993 жылы Орталық Азияның бес мемлекеті – Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан және Түрікменстан Халықаралық Аралды құтқару қорын құруға уағдаласты. Ұйымды құрудағы мақсат Аралдың құрғауының қоршаған табиғи ортаға және өңір халқына теріс әсерін азайту жөніндегі елдердің күш-жігерін біріктіру болды. Қор бірлескен мемлекетаралық экологиялық және ғылыми-практикалық бағдарламалар мен жобаларды іске асырады.

Кездесу барысында транс­шекаралық су ресурстарын бірлесіп пайдалану мәселе­лері, сондай-ақ Арал теңізі бассейніндегі экологиялық және әлеуметтік-экономикалық мәселелерді одан әрі шешу шаралары қаралды.

«Бүгінде мемлекеттеріміздің басшылары су саласына ерекше көңіл бөліп отыр. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Аралды құтқару ұзақмерзімді халықаралық ынтымақтастықтың басым бағытына айналуға тиіс екенін баса айтты. Қордың басты міндеті – Орталық Азияның су-энергетикалық ресурстарын қорғау, олардың әлеуметтік-экономикалық, энергетикалық, ирригациялық және эколо­гия­лық маңыздылығын ескере отырып, оларды кешенді әрі ұтымды пайдалану. Ор­тақ күш-жігеріміздің арқа­сында елдеріміз үшін маңыз­ды са­налатын бірегей су айды­ны­ның жағдайын сапалы түрде жақ­сарта аламыз деп үміттенемін», деп атап өтті О.Бектенов.

Қабылданып жатқан шара­ларға қарамастан, Арал теңізі бассейніндегі су ресурстары­ның, оның ішінде климаттың өзгеруіне байланысты өсіп келе жатқан тапшылығын ескере отырып, ХАҚҚ алдында мүдделі мемлекеттердің шоғырлануын күшейту міндеті тұр.

Олжас Бектенов өңірлік ынтымақтастық институтының маңызды рөліне тоқталып, ХАҚҚ мүше мемлекеттері басшылары еліміздің төрағалық ету кезеңінде қордың алдына қойған басым міндеттерін атап өтті.

Барлық тараптың мүддесін ескере отырып, Орталық Азиядағы су-энергетикалық ынтымақтастықтың кешенді және өзара тиімді тетігін одан әрі пысықтау қажеттігі атап өтілді. Атап айтқанда, жаңа цифрлық технологияларды енгізу, жерді қашықтан зондтаудың спутниктік дерек­терін пайдалану – ынты­мақтастықты нығайтуға және су ресурстарының едәуір көлемін үнемдеуге мүмкіндік береді.

Бұған қоса, энергетика­лық және ирригациялық үдерістерді реттеудің тиімді­лігін арттыру мақсатын­да өңір елдерінің Арал теңізі бассейнінде су ресурстарын есепке алудың, мониторинг жүргізудің, басқару­дың және бөлудің бірыңғай автоматтандырылған жүйесін әзірлеу әрі енгізу жөнін­дегі жұмыс жанданады. Бұл шаралар мемлекеттердің қажеттілігін жабудағы тепе-теңдікке қол жеткізуге және күзгі-қысқы кезеңде электр энергиясының, жазғы кезеңде суармалы судың тапшылығына жол бермеуге бағытталған.

Биыл Арал теңізінің құр­ғаған табанына 275 мың гектар сексеуіл егіледі. 2025 жылдың соңына дейін бұл аумақ 1,1 млн гектарды құрайды. Аталған міндетті Мемлекет басшысы 2021 жылы Арал өңірі­нің эколо­гиялық жағдайын жақсарту мақсатында қойған еді.

Кездесу барысында Тәжік­стан Премьер-министрі­нің орынбасары Зиёзода Сулаймон, Түрікменстан Ми­нистрлер кабинеті төр­аға­сы­ның орынбасары Тангрыгули Атахаллыев, Өзбекстан Президентінің кеңесшісі Шухрат Ганиев ұсыныстарын айтты.

Талқылау қорытындысы бойынша Олжас Бектенов өңірдің экожүйесін жақсарту жөніндегі жалпы іске қосқан үлесі үшін делегация басшыларына алғысын білдіріп, Қазақстан Үкіметінің бірлескен жоспарларды іске асыру үшін сындарлы диалогке мүдделі екенін атап өтті.

Сондай-ақ Астанада өт­кен Халықаралық Аралды құтқару қоры басқармасының бірінші отырысында Атқару комитетінің жұмыс жоспары бекітілді. Жоспар құрылтайшы мемлекеттердің басшылары мен ХАҚҚ президентінің тапсырмаларын іске асыруды, Қордың ұйымдық құрылымы мен шарттық-құқықтық базасын жетілдіруді, халықаралық ынтымақтастықты нығайту мен кеңейтуді, ХАҚҚ атқару комитетінің құрылымдық бөлімшелерінің жұмысын үйлестіруді, табиғи ресурс­тарды қорғау жөніндегі ақпараттық, талдамалық және үгіт-насихат жұмыстарын, өңірлік және халықаралық іс-шараларды ұйымдастыруды, өткізуді және оларға қатысуды қамтиды.