Оқиға • 19 Қыркүйек, 2024

Эпиграфика мәселелері талқыланды

213 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Алматы қаласында Рамазан Сүлейменов атындағы Шығыстану институты және Ислам Ынтымақтастығы Ұйымы (ОІС) жанындағы Ислам тарихы, өнері мен мәдениетін зерттеу орталығы (IRCICA) Ақтөбе облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының қолдауымен «Алтын Орда және оның мұрагерлерінің арабжазулы эпиграфикасы» атты халықаралық ғылыми семинар өтті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Эпиграфика мәселелері талқыланды

Ғылыми семинар қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде өтті. Жиында тұңғыш рет тарихи Алтын Орда кеңістігіне қатысты бірнеше мемлекет ғалымдары бас қосты. Сөйтіп, ұланғайыр аумақта сақталған арабжазулы эпиграфикалық ескерткіштердің ортақ тамыры, ұқсастығы мен ерекшеліктері, оларды зерттеу мен сақтау мәселесі көтерілді. Бұл жиын «Алтын Ордадан кейінгі қоғамның дәстүрі мен мәдениетіндегі сабақтастық пен өзгерістер (Батыс Қазақстан, Еділ-Орал, Дағыстан, Хорезм аймақтарындағы эпиграфикалық ескерткіштерді салыстырмалы зерттеу)» атты жобаны жүзеге асыруда атқарылып жатқан басты іс-шараның біріне айналды.

Семинар барысында Алтын Орда өркениеті орналасқан тарихи аймақтардың эпиграфикасы, жаңадан табылған олжалар мен олардың интерпретациясы жайлы тың мәліметтер айтылды. Бір қуантатын жағдай – Қазақстанның эпиграфикалық ескерткіштерін көршілес мемлекеттердегі арабжазулы жәдігерлермен салыстырмалы зерттеу қолға алынған екен. Бұл Алтын Орда өркениеті әсер еткен тарихи аймақтардың даму жолын, мәдени дәстүрлердің тамыры ортақ екендігін көрсететін көрнекі жұмыс болады дейді зерттеушілер.

Ғылыми семинарға шығыс эпиграфиясын зерттеуші жетекші отандық жіне шетелдік маман-ғалымдар қатысты. Олардың арасында Стамбулдан Ислам ынтымақтастығы Ұйымы жанындағы IRCICA орталығы бас директордың кеңесшісі, тарих ғылымдарының докторы, профессор Әшірбек Мүминов, Мәскеуден Ресей Ғылым академиясы Ресей тарихы институтының аға ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының докторы, профессор Илья Зайцев, Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты, Қазақ ескерткіштануы бойынша орталықтың басшысы, тарих ғылымдарының докторы, профессор Серік Әжіғали, Өзбекстан Ғылым академиясы Ұлттық археология орталығының бас ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының докторы, профессор Бахтияр Бабаджанов, Түркияның Ахи Эвран Кыршехир университеті Түрік тілі факультетінің доценті, филология ғылымдарының кандидаты Осман Қабадайы, тағы басқалары бар.  

Семинар барысында Рамазан Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының директоры, профессор Дүкен Мәсімханұлы ҚР Ғылым және білім министрлігінің қаулысымен белгілі шығыстанушы ғалым Әшірбек Құрбанұлы «Ғылымды дамытуға сіңірген еңбегі үшін» арнайы төс белгісімен марапатталғанын хабарлап, ғалымға көпшілік алдында табыс етті.

Жиын кезінде Шығыстану институты қызметкерлері жарыққа шығарған «Абат-Байтақ» қорымының арабжазулы эпиграфикалық ескерткіштері» және «Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы. «Рисала-йи жанайиз (Жаназа кітабы)» кітаптарының тұсаукесері өтті.

Семинар меймандары мен қатысушылары Рамазан Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының директоры, профессор Дүкен Мәсімханұлы қол қойған сертификатқа ие болды.

Ғылыми семинардың толық есебі мен жиында көтерілген маңызды мәселелер жайлы кеңейтілген мақала таяуда газетіміздің бетінде жарияланатын болады.

 

Алматы