28 Сәуір, 2015

Ел тұтастығының тұтқасы

483 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
28-04-01 Елімізде бірлігіміз бен ынтымағымызды көрсететін, ертеңге деген сенімді нығайтатын, кеше мен бүгінді сабақтастыра отырып, болашаққа қарай нық қадам басуға жігер беретін іргелі істер жеткілікті. Олардың барлығын тізбектеп шығу ұзақ әрі таусылмайтын әңгіме. Әсіресе, соңғы кездері қолға алынған қыруар жұмыстар еліміздің биік белестерге көтерілуіне, жаңа сипатта дамуына зор ықпалын тигізіп отырғанына ешкім дау айта қоймас. Қазақстанның ішкі тұтастығы, ауызбіршілігі талайдың аузында жүр. Бұл өзгелер үлгі тұтар жасампаз істердің қайнар көзіне айналған жұртымыздың әлеуетіне қызыға әрі қызғана қарайтындар қатары күн өткен сайын көбейіп келе жатқанын білдірсе керек. Күні кеше, яғни, президенттік сайлау өткен 26 сәуір күні әлем халқы ынтымақты ту етіп, тұғырында тұлғалана түскен, татулығын мызғымастай етіп бекітіп, берекесін бірліктен тапқан ел екенімізге тағы бір рет көз жеткізді. Халық ойының өз Көшбасшысын таңдау сәтінде бір нүктеде тоғысуы жақсылықтың белгісі, елдік сананың өскені, іргенің нығайғаны, шаңырақтың биіктей түскені. Негізінде, ел ынтымағын айғақтайтын нышан көп. Ал соның ішіндегі жол бастар азаматын қапысыз танып, оған дәулет тізгінін ұсынуда ұйымшылдық таныта білу ісі бірліктің шынайы сипатын көрсетеді. Кеше Астана төріндегі «Сарыарқа» велотрегінде Мемлекет басшысы Нұр­сұлтан Назарбаевтың қатысуымен «Жеңім­паздар форумы» болды. Оның не үшін өт­кізілгенін тәптіштеп түсіндіріп жату ар­тық шығар. Деген­мен, шараның кезек­тен тыс прези­дент­тік сайлауда жеңіс­ке жеткен Елба­сы Нұрсұлтан На­зарбаев­қа қошемет көр­сету мақсатында ұйым­дас­­ты­рыл­ғанын айта кетелік. Жиын барысында қазақстандық эстрада жұлдыздары концерт берді. Елбасына деген ыстық ықыластарын білдіру үшін велотрекке 8 мыңнан астам адам жиналды. Олардың арасында белгілі қоғам және мәдениет қайраткерлері, танымал спортшылар, зиялы қауым өкілдері және қарапайым азаматтар болды. Жалпы, бұл шараға қатысқан жұрт­шы­лық «Жеңімпаздар форумының» өткі­зілуін сайлауда бағы жанған Елбасы мен оның командасына ғана емес, сонымен қатар, барша қазақстандықтардың жеңісі құрметіне бағытталғанын ұға білді. Тағы бір ерекше ілтипатпен атап өтер жайт, форумға ақжарма көңілмен, шынайы ниетпен келген халайық күні кеше өткен сайлауда Қазақстан халқы жарқын болашаққа бастар жолды жаңылыспай таңдағанын, дұрыс шешім қабылдағанын, қиыс пиғылға жол берілмегенін шынайы пейілдерімен айтумен болды. Қошеметке бөленген Мемлекет басшысы жұрт алдында өзінің риясыз көңілінен шыққан алғысқа толы, мәнді де маңызды сөзін арнады: – Құрметті халқым! Қазақстандықтар! Бүгін еліміз үшін тағы бір ұмытылмас тарихи кезең жазылды. Өздеріңізге белгілі, жаңа ғана Орталық сайлау комис­сиясы мәлімдеме жасады. Еліміздің 95 пайыздан артық сайлаушылары қатыс­қан шарада халық маған 97,7 пайыз дауыс берді. Ең бірінші алғысым – халқы­ма. Осы жылдардың барлығында мені қол­дап, соңымнан еріп, шылбыр мен тізгінді бір қолыма ұстатып, сеніп келе жат­қан отандастарымның жаппай сенімін орындау –  қадірменді міндет. Осы міндетті атқару үшін өзімнің күш-жігерімді, денсаулығымды, тәжірибемді аямай қызмет етуге ант бергенмін. Мен сол антты орындап келе жатырмын, – деді Президент Нұрсұлтан Назарбаев. Сондай-ақ, Елбасы сайлауды өт­кі­зуде белсенділік танытқан «Нұр Отан» партия­сының, Қоғамдық комис­сияның, 10 мың­нан астам штаб­тың мүшелеріне алғысын жеткізді. – Олар менің бағдарламамды халыққа түсіндірді. Баршаларына шын жүректен алғыс айтамын. Белсенді қатысқан жастарға да ризашылығымды білдіремін. Барлық атқарылып жатқан шаруаны Қа­зақстанның болашағы мығым, Тәуел­сіз­дігіміздің тұғыры биік болуы үшін, мәң­гілік болуы үшін істеп жатырмыз. Бұл – жастар үшін, болашақ үшін керек. Олар Отанын сүйіп, елі үшін қызмет ете­ді деп сенемін, – деді Мемлекет басшысы. 28-04-02 Сонымен қатар, Президент Нұр­сұл­тан Назарбаев барша қазақ­стан­дықтарға сайлаудағы қолдауы үшін алғысын білдірді. – Бүкіл Қазақстан кеше бір кісі­дей дауыс беруге келді. Мен азамат­тардың отбасыларымен, балаларымен, немерелерімен сайлау учас­келеріне келгенін көрдім. Бұл маған үлкен жауапкершілік жүктейді, хал­қы­мыз өзінің тұрмысын, әл-ауқатын жақсартып, балаларын тәрбиелеуі және болашаққа сеніммен қарауы үшін не істеу керектігі туралы күні-түні ойлануға мәжбүрлейді, – деді Елба­сы. Мемлекет басшысы ел халқының сайлауға қатысу арқылы Президентке ғана емес, өз болашағына да дауыс бергеніне, тұтастығы мен бірлі­гін, демократиялық тұғырын, сая­си мәдениетін тағы бір мәрте паш етке­ніне, сонымен қатар, шетелдер­дегі Қа­зақстанның достары өз игі тілек­терін айтып, қолдауларын білдіріп жатқанына назар аударды. – Біз дүниежүзінің алдында тағы да бір мәрте өзіміздің демократиялық тұғырымызды, саяси мәдениетімізді көрсеттік. Дүниежүзінен келген 850-ден астам байқаушы, 40 елден 170 жур­­налист осы сайлауды байқады, со­лар­дың алдында Қазақстанның бірлі­­гін, сенімін, Қазақстанның ішкі тату­лы­ғын паш еттік, – деді Н.Назар­баев. Мемлекет басшысы сайлаудан кейін ауқымды жұмыс күтіп тұрға­нына тоқтала келіп, «Нұрлы Жол» мем­лекеттік бағдарламасын жүзеге асы­рып, бүкіл Қазақстан бойынша жол­­дар желісін салып, сапалы автокө­лік және теміржолдарды, электр же­лі­­лерін іске қосу қажеттігіне тоқтал­ды. – Сайлау шаралары аяқталды. Енді нақты жұмыстардың кезегі келді. Біз атқаратын жұмыстарымызды біле­міз. Сайлау алдындағы науқан бары­сында мен ұсынған реформалар­ды түсіндіру жүргізілді. Біз Қазақ­станды индустрияландыруды аяғына жеткізуге, балама экономика қа­лып­тастыруға, сапалы табыс және кәсіби білік­тілікпен байланысты жаңа жұмыс орындарын ашуға тиіспіз. «Нұр­лы Жол» бағдарламасын жүзеге асырып, экономикалық байланыстарымызды белсенділендіруіміз  және транзитті мемлекетке айналу үшін бүкіл Қазақстанды жолдармен қамтуымыз керек. Осының бәрі – жаңа кезең, сіз бен біз атқаруға тиісті ауыр жұмыс, – деді ол. Бұдан бөлек, Президент өзінің бес жаңа институттық реформаны ұсынғанын, осының негізінде бизнестің еркіндігі қамтамасыз етілетінін, ешкім де жекеменшікке күдік ұялатпауы тиіс екенін айта келіп, «Бұл – жаңа кезең, алдағы күрделі жұмыстарды барша халық бірге еңсеруі тиіс. Мен сіздерге жаңа мақсат­тарды іске асыруда табыстар тілеймін», – деді. Сондай-ақ, Елбасы ішкі және сыртқы саясаттағы негізгі ба­сым­­­дықтардың сақталатынын, серік­тес мемлекеттермен достық қа­рым-қаты­настарды дамыта беру  күн тәрті­бінен түспейтінін жеткізді. – Біз ішкі татулықты сақтаймыз, сондай-ақ, одақтастарымыз бен серік­тестеріміздің алдындағы мін­дет­­те­мелерімізге адал боламыз. Өз ішіміздегі келісімді нығай­тып, біздің өңірдегі және бүкіл плане­тадағы бейбітшілікке атсалысамыз. Бізге сенеді, сондықтан біз қақты­ғыс болған жердің бәрінде қантөгіс­ті тоқтатуға үндейміз. Біз көпконфессиялы және көпэтносты елдің тату өмір сүре алатынын көрсе­тіп отырған Қазақстанның тәжіри­бесіне қарауға шақырамыз, – деді Мемлекет басшысы. Айтулы жиын соңында Нұрсұлтан Назарбаев президенттік сайлауды ұйымдастыруға және өткізуге белсене қатысқан баршаға тағы да алғыс айта отырып, қазақстандықтарға амандық-саулық, елімізге татулық пен тыныштық, береке тіледі. Жолдыбай БАЗАР, «Егемен Қазақстан».