Аймақтар • 20 Қыркүйек, 2024

Үңгіт кешені

88 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Көне тарихқа үңілсек, б.ж.с. 552 жылы көшпелі түркілер Бумын қағанның атқа қонуымен Нирун (қытай жазбаларында Жужан) ұлысын тізе бүктіріп, апайтөс Еуразияның кіндігі Өтүкен қой­науындағы Орхан дария­сының сағасына орда тігіп, Түрік им­периясын (551-744) құр­ғаны белгілі. Көне қытай де­рек­терінде түріктер темірден түйін түйгені туралы айтылады. Оның бер жағында Өтүкен даласындағы ерте ортаға­сырлық ескерткіш мұралардың дені осы түріктерге тән.

Үңгіт кешені

Бұған дәлел – әлемге жазу мә­дениетінің үлгісі ретінде танымал 38 таңбалы түрік-руна жазуы және тасаттық – құрбандық рәсімін ат­қаратын киелі орындар, моңғол даласында жайылып жатқан балбалтастар...

1990-1993 жылдары Моң­ғол-Жапония бірлескен экспедициясы Моңғолия  аумағындағы көне түрік­тердің киелі орындарын анық­тап шықты. Олар кел­тірген дерекке сүйенсек, мемлекет көлемінде та­сат­тық беретін 489 киелі орын болса, олардың 86-сы ақсүйектер әулетіне тән екен.

Сондай-ақ моңғол даласында көне түрік мұрасы 400-ден астам әртүр­лі балбалтас шоғыры болса, осының ішіндегі ең ірісі, ең көп балбал орна­ласқан жер – Үнгіт кешені.

Бұл нысан Түп айма­ғының Алтын­бұлақ сұмын өлкесі Тула дария­сының ал­қа­бында ел астанасы Ұлан­­­батыр қаласынан 80 ша­қырым жерде. Кешен – әлем бойынша ең көп балбалтас шоғырланған нүкте. Олардың саны – 552. Десек те, кейінгі жылдары жүргізілген зерттеу жұ­мыстары 30-ға тарта бал­балтастың бүлініп, жоқ бол­ғанын анықтады.

Кешен – VI-VIII ғасыр мұ­расы. Иесі – көк түріктер. Мұнда адам бейнелі балбалдардан басқа арыстан, қой мүсіндес жәдігерлер бар. Мүсін тастар күншы­ғыс­қа қарай 2 шақырым созылып, тізбектеле орналасқан.

Кешеннің айналасы 55х38 метр көлемде төрт­бұрыш пошымды кереге тас­тармен қоршалған. Қор­шаудың бұрыштары доғал. Мүсін тастардың жасалу формасы мен стилі басқа өлкеден табылған бал­ба­лдардан бас­қашалау. Яғни шебер ойылып, сұлу бәдізделген.

Өткен жылы кешен аума­­ғынан ерте кезде оты­рықшылар көшпелілердің атты шабуылынан қорғану үшін төрт жағында үшкір ұшы бар, қалай лақ­тырса да бір ұшы көкке қа­рап шаншылып жататын сірге темір және қыш құмыраларды тапты.

Сонымен қатар төрт бұ­рышы тас қабырғалы бейіт іспетті нысанды қор­шай ор­наласқан 13 ағаш ба­ға­наның қалдығы анықталды. Осыған қарап археологтер бұл жерде тасаттық пен құр­бандық рәсімін атқаратын орын болған деген пайым айтады.

Аталған кешенді бақы­лау, аман сақтау ісін 2001 жыл­дан бастап «Құс­тай» (Хус­тай) атты қоғамдық ұйым қолға алыпты. Бұл мекеме 2005 жылы кешеннің сыртын темір шарбақпен қоршаса, 2007 жылы арнайы сұйық пайдаланып, тас мүсіндердің тұғырын тапжылмайтын етіп бекітіп шыққан. Ал 2009 жылы қисайған, құлаған тас мүсіндерді тік тұрғызыпты. 2020 жылы Моңғолия үкіметі Үңгіт кешенін мемлекет қам­қорына алу туралы №13 қау­лы қабылдады.