Жансарай • 20 Қыркүйек, 2024

Рысқұл Ойнаров, академик: Ар-ұят секілді қалқанымыздан айырылып қалғандаймыз

1631 рет
көрсетілді
20 мин
оқу үшін

Академикпен кең отырып әңгімелесуге Еуразия ұлттық университетінің ғимаратында кездесетін болып келістік. Бұрын көрмеген ғалыммен кездесу қалай болады деп аздап қобалжып, параққа жазып алған сұрақтарымды қайта-қайта қарап, бір пысықтап алдым. Сөйткенше, аталған оқу орнына да жеттім. Алдымнан ұзын бойлы, жүзінен мейірімі төгілген кісіні көргенде, көңілім бірден жайланып сала берді. Сондай зиялы, қарапайым тұлғаның бойынан қазақылықтың иісі аңқып тұр. Құдды ауылдағы жақын ағамды көргендей болдым. Осы жолы елімізге белгілі физика-математика ғылымдарының докторы, профессор Рысқұл Ойнаровпен отандық ғылымның дамуы, қазақ тілінің жағдайы, ұрпақ тәрбиесі туралы сөйлестік.

Рысқұл Ойнаров, академик: Ар-ұят секілді қалқанымыздан айырылып қалғандаймыз

Ғылымның дамуына орта керек

– Рысқұл аға, әңгімені қа­зақ ғылымының дамуынан бас­тасақ...

– Шынымды айтсам, отан­дық ғылымды дамыту туралы сан түрлі пікір айтылады. Ғалымдардың өздері де осы са­ладағы қордаланған мәселелерді көтеріп, газет-журналға, телевидениеге сұхбат беріп жатады. Бір жағынан, дұрыс. Алайда ғылымды дамытуға кешенді қарамаймыз. Қарапайым сөзбен айтқанда, ғылымның дамуына орта керек. Мысалы, кеңес дәуірінен бері Алматы – еліміздің ғылыми орталығы. Әлі де сол деңгейде. Өйткені онда Ұлттық ғылым академиясы мен қаншама ғылыми зерттеу институты, жоғары оқу орны орналасқан. Ғылымның әр саласында мықты ғалымдар жұмыс істеді. Тың жаңалықтар ашылды. Екінші ғылыми орта­лық Қарағандыда болды. Іргелі өндіріс ошағы атанған шаһарда да ғылыми зерттеу институттары мен бірталай жоғары оқу орны бар. Мұнда да білікті ға­лымдар шоғыры қалыптасты. Ал бұрынғы облыс орталығы – Ақмолада екі-үш жоғары оқу орны болғанымен, ғылыми орта болған жоқ.

Жалпы, ғылыми ортаның ма­ңызы бөлек. Ғылымды дамыту үшін алдымен жастар тәрбиесін түзеуіміз қажет. Әбу Насыр әл-Фарабидің «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» дегені бекер емес. Адамның ата-анасынан алған тәлім-тәрбиесі мен ішкі мәдениеті көп нәрсені шешеді. Соның бәрі бірге дамуы керек. Қазіргі жастар заман көшінен қалмай дамығанымен, олардың тәрбиесіне көңіл бөлмей жүрміз. Мұның соңы жақсылық­қа апармайды. Кейбір жас ғалым­дар ғылым саласында бір нәти­жеге қол жеткізсе, бірден шетел­ге кеткісі келеді. Мәселен, Америка болсын, Еуропа болсын, олар талантты адамды сатып алады. Сөйтіп, өздерінің ғылымын дамытады. Мысалы, кеңестік кезеңде шахмат ойыны керемет дамыды. Соның нәтижесінде даңқты шахматшылар шықты. Оларды даярлаған белгілі бапкерлер ортасы қалыптасты. Сол секілді бізге де ғылыми орта керек. Мен Астанаға 2000 жылы көшіп келдім. Содан бері Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық уни­верситетіне, Назарбаев уни­верситетіне біраз ғалым шақы­рылды. Сонда да елордада ғы­лыми орта қалыптасты деп айта алмаймын.

 – Не себепті?

– Ғылыми орта болу үшін ғалымдар жиі бас қосып тұруы қажет. Онда түрлі ғылыми семинар өтіп, өздері зерттеп жүрген салалары бойынша баяндама жасап, қызу талқылау жүріп жатса, қанекей. Бір жағынан, мұндай іс-шара ғалымдардың еңбегін насихаттауға дайын жарнама. Бірақ мұндай ғылыми орта жоқ. Үнсіздік. Бүгінгі ғалымдар өз бетімен ізденіп, халықаралық журналдарға материалын жа­рия­лап, PhD қорғай береді. Мұны біздің кезіміздегі ғылыми ортамен салыстыра алмайсың. Қазір қазандай бұрқ-сарқ қайнаған сондай ортаны сағынамын.

 – Енді ғылым қалай дамиды?

 – Ғылым жеке-дара ешқа­шан дамымайды. Ғылымның дамуы­на адамның білімі, біліктілігі, ­ішкі мәдениеті бірдей дамуы ке­рек деп тағы айтамын. Біз жастарды ғылымға неге даярлаймыз? Олар да елге еңбек етіп, отандық ғылымды дамытуға үлесін қосса дейміз. Бір өкініштісі, қазіргі ­жастар біз ойлағандай емес. Бұ­ған бола оларды жазғырмай­мын. Уақыт солай ма, әлде елімізде­гі ғылым дамуының әлі де кемшін тұсы бар ма, дарынды жастар ғылыми дәрежесін алғаннан кейін шетелде жұмыс істегісі келеді. Онда барғаннан кейін тұрақтап қалады. Сондықтан адами мәдениеттің негізінде ұлттық мәдениетті көтеру керек секілді. Ұлттық мәдениеті жоғары адам өз елінен ешқашан кетпейді. Біз дамыған Еуропа туралы көп айтамыз. Өз басым, жұмыс бабымен Еуропаның біраз жерін араладым. Еуропа халықтарының бәрі де өз елін, ана тілін жоғары қояды. Бір-бірімен өз тілдерін­де сөйлеседі. Мысалы, Италия­ға барғанда италиялықтар­дың кәрі-жасына қарамастан, өз тілінде сөйлесіп жүргенін көр­дім. Тек басқа елден келген азамат­тар­мен ғана ағылшынша тіл­десе­ді. Еуропаның кез келген мем­лекетіне барсаңыз, осындай көрі­ністі көресіз. Бірде Швеция орманын аралап жүріп, адасып кеттім. Содан орманнан шығатын жол іздеп, қорықшының баспанасы секілді бір кішкентай үйді көріп, есігін қақтым. Үйден жасы келген кемпір шықты. Менің ағылшын тілім оңып тұрған жоқ, сонда да оған адасып жүргенімді айтып түсіндірдім. Әлгі кемпір менімен ағылшынша өте жақсы сөйлесті. Ол кісі өз ана тілін білгенімен қоса ағылшын тілін де еркін меңгер­ген. Бұл да – мәдениеттіліктің бір белгісі. Қысқасы, елдің, адам­­ның мәдениеті көтерілмесе, ғылым алға дамымайды. Мұны билік өкілдері түсінсе деймін. Қазір елімізге сан тараптан инвес­торлар келіп жатыр. Солардың бірі осында зауыт салып, заманауи құрал-жабдықтарын әкел­ді делік. Ал сонда еңбек ететін біздің азаматтардың білімі мен мәдениеті соған сай ма? Егер ол инвестор әлгі зауытқа 6-буын­дағы жаңа технологияны алып келгенімен, онда істейтіндер­дің мәдениеті төмен болса, шетелден келген қожайынға ешқан­дай пайда жоқ. Сондықтан ғылым­ды дамыту туралы айтқанда, тек ғылымды ғана емес, адамдар­дың мәдениеті мен білімін қоса кө­теру қажет деп санаймын.

 

Математика – күрделі ғылым емес

– Еліміздегі мықты мате­ма­тиктердің бірісіз. Осы ғылым­ның басқа саладан ерекшелігін айта кетсеңіз?

– Математика соншалықты күрделі ғылым деп айта алмаймын. Негізін түсінсеңіз, ең оңай сала. Математика «Неден?», «Не себепті?», «Қайдан?» деген сұрақтарға жауап береді. Мә­селен, адамзат жаралғаннан бері қаншама миллиондаған жыл өт­ті. Содан бері адам баласының жинаған байлығы не дегенде, ойлау жүйесі дер едім. Ойлау жүйесі әртүрлі сала арқылы дамиды. Айталық, әдебиет те, бейнелеу өнері де, музыка да ойлау жүйесін дамытады. Ма­тематикада оңтайлы ойлау деген әдіс бар. Мұнда бір ойдың шындығын келесі сатыдағы ойда қорытып, дәлелдейді. Соны адамдарға үйретуге есеп керек. Математика ғылымының да өз философиясы бар.

– Ғылыми орта сіздің ма­те­матикаға енгізген жаңа­лы­ғыңызды жоғары бағалайды, осыған тоқталсаңыз?

 – Математикада «интеграл операторлары» деген ұғым жиі кездеседі. Мен осы саланы ұзақ зерттедім. Бұған кандидаттық, докторлық еңбектерімде де жан-жақты тоқталдым. Осы интег­рал операторларының жұмысын дамытуға оны дербес жағдайында бір жаңалық тауып, «Ойнаров шарты», «Ойнаров ядросы» деген терминді ғылымға енгіздім. Менен кейін де бұл шарттарды басқа да ғалымдар зерттей бас­тады. Жаңалықтың мағынасын түсіндіру қиындау. Дегенмен қазақшалап айтқанда, былай: Таулы өлке. Енді соны мекендеп отырған малшы жердің оты таусылғаннан кейін отарын бас­қа жаққа апарсам дейді. Жан-жағы биік таудың ортасында ғана ашық жер бар. Содан кішкен­тай саңылау тауып, малды шөбі мол беткейге шығарады. Менің ғылымға енгізген жаңалығым да солай. Басқа ғалымдар мен тап­қан саңылау арқылы сол саланы одан әрі зерттейді.

– Қазақ тілін ғылым тіліне айналдыру туралы не айтасыз?

– Бұл тақырыпқа байланыс­ты газет-журналға біраз мақала ­жаздым. 90-жылдары Матема­ти­ка және механика институтында қызмет істеп жүргенде терминологияға байланысты түрлі семинарға қатысып, осы саланы біраз зерттедім. Мәскеудегі терминология орталығына барып, солардың жұмысымен таныстым. Осыдан 40 жыл бұ­рын «интеграция» деген сөз сирек қолданылатын. Қазір осы ғылыми терминді жиі айтамыз. Мысалы, математика ғылымы­на байланысты терминдерді де басқа салаға да қолдана бе­реміз. Өйткені уақыт, қоғам жа­ңарған сайын терминдердің де мағынасы кеңейеді. Мәселен, «математикалық анализ» деген сабақ бар, соны қазақша «ма­тематикалық талдау» деп ата­йық десек, кейбіреулер бұған ке­ліспейді. Қазақтың тілі бай, оралымды, кез келген ғылыми терминді өзімізге икемдеуге болады. Сондықтан терминологияға өте мән беру керек.

– Ұлт зиялысы ретінде сізді қоғамда не толғандырады?

– Толғандыратын мәселе өте көп. Айталық, бұрын халқы­мыз­дың бойында ар-ұят деген қал­қан бар еді. Кейінгі отыз жылда сол қалқанымыздан айырылып қалғандаймыз.

– Мұндай күйге қалай түстік деп ойлайсыз?

– 1991 жылы еліміз тәуелсіз­дік алғанда бөркімізді аспанға атып қуанғандардың бірімін. Сол күні түнімен ұйықтамай шыққа­ным да есімде. Өйткені қазақ­тың азат ел болуын жас күнімнен аңсадым десем, өтірік айтқа­ным емес. 60-жылдардың ортасын­да университетте оқып жүрген­де жатақхананың бөлмесінде бірге тұратын жігіттермен есікті ішінен тарс жауып, жарықты өшіріп қойып, осы тақырыпта әңгімелесуші едік. Егемендік алғаннан кейін бірден даму жолына түсеміз деп ойладық. Бірақ жағдай біз ойлағаннан басқаша өрбіді. Алыпсатарлық белең алды. Бұрын халқымыз алыпсатарлықты жек көрген еді. Баю мақсатымызға айнал­ды. Соның салдарынан обал-сауап пен ар-ұятты ұмыта бастадық. Әлі де ештеңе өзгеріп кеткен жоқ. Соған қатты қапалана­мын. Енді осылай кете береміз бе деп қорқамын. 1991 жылы тәуелсіз­дік алғанда ғылым жолында жүр­­ген бір топ досыммен бірге «Еге­­мен ел болдық, енді өзіміз қа­рыш­тап дамимыз» деп қуанып, сол кезеңді көрсек деп арманда­дық. Бүгінде сол достарымның көбі өмірден озды. Кейбіреуі ауырып жатқанда: «Біз еліміздің өркендегенін көрсек деп аңсап едік. Енді оны көре алмаймыз, соған сен жет» деп, ақырғы аманаттары секілді тілектерін айтты. Шынымды айтсам, достарым аңсаған дамыған уақытты мен де көре алмайтын сияқтымын.

– Сонда болашаққа сеніміңіз аз ба?

– Бұрын сенуші едім, қазір күн­нен-күнге сенімім азайып барады. Әсіресе өз салт-дәстүрі­нен, тілінен, дінінен жерінген бауырларымды көріп, жаным түр­шігеді. Мемлекеттік тілдің де жағдайына алаңдаймын. Осы тақырыпта әлеуметтік желіге үш пост жаздым. Біз – біраз бо­дандықтың қамытын киген, түр­лі идеологияның ықпалын­да бол­ған, 4-5 қоғамдық формацияны бас­тан кешкен халық­пыз. Соның кесірі­нен ұлтымыз екіге бөлінді.

Мәселен, орыстанған қазақ­тарды алайық. Олар жан-тәнімен орыс тілін қорғап, өздерін қазақ тілділерге қарағанда жоғары санайды. Еліміздің толық қазақ тіл­ді болуына да қарсы. Бұлар­дың қарсылығы орыс этносы өкіл­­дерінен де басым түседі. Бір жағынан, оларды алған тәр­биесі мен өскен ортасына қарап, кінә­лаудың өзі қиын. Дегенмен көш жүре түзеліп, ел қазақ тіл­ді бола бастағанда бұлар да қа­­та­рымызға қосылады деп ойлай­мын. Бір сөзбен айтқан­да, мем­лекеттік тілді меңгеру – мә­де­ниеттілік белгісі. 1997 жыл­дың шілде айында шыққан «Тіл ту­ралы» заңының 4-бабында «Қазақ­стан Республикасының мем­лекеттік тілі – қазақ тілі» деп жазылған. Аталған заңда рес­­­пуб­ликаның әрбір азаматы мем­лекеттік тілді білу парыз деп көрсетілген. Егер осы заң толық жұмыс істегенде қаншама іс алға басар еді. Қатынас қағаздары мемлекеттік тілде жүргізіліп, айналымға енуші еді. Бұл өзекті мәселені Ұлттық құрылтай мүше­леріне де ұсындым.

 

Қарапайымдылық – ұлы қасиет

– Ғылым жолы ауыр деп айтамыз. Шынымен де солай ма?

– Ғылымға кеш келдім. Қа­зақ ұлттық университетіне оқу­ға түсуге келгенде, мені­мен құ­жат тапсырған талапкер­лер­дің дені аудандық, облыстық, рес­пуб­ли­калық білім олимпиада­­сы­­ның жүлдегерлері екен. Мектеп­те оқып жүргенде олимпиадаға қа­тыспақ түгілі, ондай сөзді есті­ген емеспін. Орыс тілін де білмей­мін. Сол жылдары Министр­лер кеңесінің қаулысымен оқу­­ға түскендердің арасында емтиханнан жоғары баға алғандарға Ресейдің орталық қалаларын­да­ғы іргелі университеттерге бару­ға жолдама берілді. Бұған мені де қосты. Оқу-ағарту министрі жолдама алуға шақырды. Бар­ған жоқпын. Бір күні факуль­тет деканы Қасен Ибрашев шақы­рып алып: «Сен неге жолдама бо­йынша орталыққа оқуға бармай жүрсің? Оған бару қажет. Қазақ балаларының өскені дұ­рыс», деп біраз ақылын айтты. Мен ол кісіге орыс тілін біл­мегендіктен оқи алмайтыным­ды түсіндірдім. Осы кезде тағы бір оқытушымыз: «Қасеке, бізге де бала керек қой, осы жігіт өзі­мізде оқы­сын», деп мені қолдап сөйледі. Университетте өте жақсы оқы­­­дым. Киров атындағы сти­пендиат атандым. Оқу бітіргеннен кейін әс­кер­ге кеттім. Екі жыл Отан алдын­дағы парызымды өтегеннен ке­йін Алматыға келіп, ғылым жолын қайта жалғастыруды ойла­дым. Бірақ әкем: « Мен зейнеткер­лікке шықтым, үйдің үлкенісің, біз­ге көмек беретін сен, ауылда бол», деп шақырып алды. Сөйтіп, зайыбым екеуміз ауылға келіп, мектепке орналастық.

Арада екі-үш жыл өтті. Жаз еді, бір күні үйге әкем келді. Шай іштік. Әйелім дастарқанды жинайын деп жатыр еді, «жинама» деп қолын жайып: «Мен ауыл­ға шақырғанда сөзімді жерге тас­тамай келгендеріңе риза­мын. Бү­гіннен бастап, қайда ба­рам де­сеңдер де жолдарың ашық», деп ба­тасын берді. Келін­ше­гім екеуміз апыл-ғұпыл заттарымызды жинап, Алматыға тарттық. Мұнда жұмысқа тұру үшін мекенжайға тіркелу керек. Он­дай таныс жоқ, біраз қиналдық. Қазақ ұлттық уни­верситетінен қосымша сағат алып, жұмыс істедім. Жалақы­сы өте мардым­сыз. Сенбі-жек­сенбі күні вокзалға барып, вагон түсірдім. Ақыры сол кездегі Оқу-ағарту министрі Қ.Балахметов­тің қабылдауына жазылып, үш ай дегенде көмек­шісі арқылы өзім оқыған уни­верситетке оқыту­шы болып, толық орналас­тым. Бі­раз жыл студенттерге дәріс оқы­дым. Одан кейін Ұлт­тық ғылым ака­демиясының Мате­матика және механика институ­тында аға инженер, жетекші ғы­лыми қыз­мет­кер, зертхана мең­герушісі бо­­лып, кандидаттық, докторлық дис­сер­тациямды қор­ғадым.

– Өмірде кімді ұстаз тұт­тыңыз?

– Арал қаласының іргесін­дегі №19 мектепте оқыдым. Осы білім ордасында математика­дан Темір Тілесбаев есімді мұға­лім сабақ берді. Өте шыншыл, өт­кір адам еді. Кейін мектеп дирек­то­ры болды. Бұл кісі біздің жақ­қа 1962 жылдары Орал өңірі­нен жолда­мамен келген. Зайы­бы кітапхана­шы болып істеді. Екеуі де сыпайы, мәдениетті адам­дар. Олардың бір-біріне ізеті, сыйластығы, жарасымды киімі ауылға керемет әсер етті. Біздің де соларға ұқсағымыз келді. Өз басым, осы ағайым­нан көп өне­ге алдым. Кейін ол кісі отбасымен Алматыға көшіп келіп, өте жақын араластық. Менің әр­бір жетістігіме қуанып, марқа­йып отыратын. Ал ғылымдағы ұс­таздарымнан Ресей Ғылым ака­де­­миясының академигі, әлемге есі­мі мәлім математик 107 жасқа келіп қайтыс болған Сергей Ми­хайлович Никольскийді бөлек көремін.

– Сізді басқадан қарапайым­дылығыңыз ерекшелеп тұрады, осының сыры бар ма?

– Қарапайымдылық маған әке-шешемнен, өскен ортамнан, туған ауылымнан дарыған. Қандай биікке көтерілсем де, осы қалпымнан өзгерген емеспін. Әйтпесе өзінен төмен адамға шікірейіп қарайтын талайларды көріп жүрміз ғой. Бұл адам мәдениетінің төмендігін көр­сетеді. Өз басым, «мен ғылым докторымын, профессормын» деп ешкімге кеуде қағып көр­ген жоқпын. Адам қандай жағдай­да да адам болып қалуы керек. Көшедегі кез келген адамдар­мен араласып, сөйлесіп кете бере­мін. Қарапайымдылық – ұлы қасиет. Біздің буынды ата-ана, ауыл, қоғам тәрбиеледі. Бір мысал айтайын. Жаз шыға сиырдың жүнінен доп жасап ойнаймыз. Сондай ойын­ның қызығына батқан 6-7 жастағы кезім. Әлгі допты қуалап келе жатқанда әңгімелесіп тұрған бір топ үлкендердің жанынан сәлем бермей өтіп кеттім. Оны өзім сездім. Бір кезде менімен қатар­лас бала «сені шақырып жатыр» деп, солар тұрған жақты нұсқа­ды. Барып сәлем бердім. Бәрі де әке-шешемді, руымды сұрап, сәлем бермей өткен қылығым­ды жақтырмай тұрды. Бір сағат өткеннен кейін анам ойын үсті­нен «әкең шақырып жатыр» деп алып кетті. Табалдырықты аттай бергенде, әкемнің қамшы­сы арқамнан осып өтті. Жаным шығып кете жаздап, шешеме барып тығылдым. Әдетте мені қызғыштай қорып жүретін анам бұл жолы итеріп жіберді. Әке­ме қарасам, қабағы түсіп кеткен. Бір кезде жүзі сұрланып: «Сен үл­кен адамдарға сәлем бермей, жүгі­ріп өтіпсің ғой. Енді мұндай әдеп­сіз қылық жасасаң, бұдан да жаман болады», деп қатуланып сөйледі. Бұл оқиға маған өмірлік сабақ бол­ды. Енді ауылда үлкендерді көрсем, анадайдан жүгіріп ба­рып сәлемдесе­тін болдым. Әкем­нің осындай мықты мектебінен өткеніме ризамын.

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен –

Азамат Есенжол,

«Egemen Qazaqstan»