Шаруашылық • 20 Қыркүйек, 2024

Керекудің астығы аста-төк

132 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Ертіс-Баян өңірінің диқандарына биылғы күз берекелі болып тұр. Қыркүйектің жаңбырлы күндері жиі айналып соққанына қарамастан, егіс алқаптарындағы орақ жұмыстары қызу жалғасып жатыр. Гектар басынан жиналып жатқан дәнді дақылдардың өнімділігі өткен жылмен салыстырғанда үш есеге жуық жоғары.

Керекудің астығы аста-төк

Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «ЕQ»

Павлодар – еліміздегі астықты облыстардың бірі. Соған қарамастан кейінгі екі жыл қатарынан жергі­лікті қамбаларға құйылатын дәнді дақыл әдеттегіден азайып кеткен еді. Көрсеткіштің бұлай құлдырауына көктемгі ылғалдың аздығы мен жаздағы құрғақшылық себеп болған еді. Ал биылғы жағдай қуантарлықтай. Көктемгі ылғалдың мол болғаны соншалық, жаздың ыстық болғанына қарамастан егін жақсы жетілді. Егіс алқаптарында дәнді дақылдар бітік шығып, ендігі жерде жер-ананың ырыздығын шашпай-төкпей жинап алу міндеті тұр.

Өңірлік Ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы Есентай Мүрсәлімовтің дерегінше, биыл облыстағы егіс алқаптарының жал­пы аумағы 1 млн 406,2 мың гектар­ды құрады. Бұл өткен жылмен салыс­тырғанда 165,5 мың гектарға көп.

«Астықты дәнді дақылдар жалпы егістің 928,5 мың гектарын алып жатыр. Майлы дақылдар – 374,4 мың, картоп – 24,8 мың, мал азығы – 70,8 мың, көкөніс және бақша дақылдары – 7,8 мың гектар. Дақыл түрлерінің қайсысы болсын, аумағы жағынан көп. Әсіресе майлы дақылдардың көлемі бірден 47 пайызға артып отыр. Облыс бо­йынша қазір астықтың өнімділігі гек­тар басына 11,7 центнерден айналып тұр. Бұл өткен жылмен салыстырған­да шамамен 3 есе артық. Был­тыр­ғы құрғақшылықта кеткен есені диқандар биылғы науқанда қайтарады деген сенім­деміз», дейді басқарма өкілі.

Шаруалар егіс алқаптарын­дағы астықты және бұршақты дәнді дақылдардың 312,2 мың гектарын немесе 33,6 пайызын орып үлгерген. Картоп гектарынан 317 центнерден жиналып, рекордтық көрсеткішке жақындап келеді. Қазірдің өзінде картоп өсірушілер 282,6 мың тонна түйнекті жинап, қап­тау­ға кірісті. Жергілікті кар­топтың көбі суарылатын бол­ғандықтан ұзақ сақтауға тиім­сіз, егіс даласынан бірден ірі жеткізушілер алып кетеді. Ал Ертістің топырағына әбден жерсінген, қыста сақтауға жарайтын тұқымдары кептіріліп, қоймаларға жөнелтіледі. Сәбіз, қырыққабат, пияз сияқты кө­көніс түрлері де қоймаларда қыс бойы сақталып, облыстық тұрақ­тандыру қоры арқылы аудан-қалалардағы әлеуметтік дүкендерге жыл бойы сұранысқа сай босатылып тұрады. Ал негізінде, Павлодар облысы өңір тұрғындарының сұранысынан 10 есе көп картоп өсіреді.

Дей тұрғанмен, биыл кере­кулік картоп өсірушілерді атал­ған дақылдың түрлі ауруы маза­лап тұрғанға ұқсайды. «AndasAgro» ЖШС басшысы Зейнолла Сәлменбаев егіс даласынан жина­лып жатқан кар­топтың сапасына қатысты біраз мәселе бар екенін жасырмады. Айтуынша, сатып алушылар картоптың түрлі ауруын сылтау етіп, бағасын түсіруге тырысады. Соған орай алдағы уақытта фермерлер үшін картоп бойынша тиімді баға қа­лып­тас­пайтыны анық дейді ол.

Басқармадағылар егін жинау жұмыстары болжамды мер­зі­мінен кешігуі мүмкін екенін де ескертті.

«Биылғы орақ науқаны бас­тапқыда қыркүйек айының соңында аяқталады деп болжаған едік. Алайда қыркүйек айының басы мен ортасы жаңбырлы болып, жиын-терін жұмыстары тұрып қалды. Кейбір астықты аудандарда жаңбырлы күндер әлі де жалғасып жатыр. Мәселен, Ертіс ауданында қазірге дейін барлық астықтың – 33,2 пайызы, Железинде – 27,1, Тереңкөлде – 37,3, Ақтоғайда 30 пайызы ғана орылған. Ендігі меже – қазан айының алғашқы онкүндігі деп отырмыз. Астықтың негізгі көлемін беретін ірі шаруа­шылықтар сол уақытта бар­лық жұмысты аяқтайды, ал бірлі-жарым ұсақ шаруашы­лық­тарда орақ науқаны біраз созылуы мүмкін. Бүгінге дейін дәнді және бұршақты дақылдар бойынша 364,3 мың тонна астық жиналды. Бұл көрсеткіш алдағы күндері еселеніп өсуі керек. Себебі өңірде күн ашылып, диқандарға жайлы болып тұр», дейді Есентай Мүрсәлімов.

Атап өтерлігі, биыл Жол картасы бойынша ғылыми негіз­де 94 100 тонна минералдық тыңайт­қыш фермерлерге берілуі керек еді. Аталған көлемнің 62 па­йызы немесе 54,5 мың тоннасы бо­йынша келісімшарттар жасалып, жөнелтілген. Сондай-ақ күзгі жиын-терін жұмыстарын өткізуге 30,7 мың тонна арзан­датылған дизель отыны бөлін­ген. «Lf trade» ЖШС және «ТК Парнас» ЖШС жанар-жағар­май­ды жеткізуші оператор ре­тінде таңдап алынған.

Операторлық қызмет құнын қосқанда 1 тонна арзандатылған дизель отынының құны 282 мың теңге немесе литрі 237 теңге тұрады. Бұл баға нарықтағыдан 58 тең­геге арзан. Шаруалар атал­ған көлемнің 14 мың тоннасына төлем жүргізіп, әзірше 12,4 мың тоннасын тасып жеткізген.

 

Павлодар облысы