28 Сәуір, 2015

Айқын жеңісімен құттықтады

206 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
55-үлкен Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың атына оның Қазақстан Республикасы Президенті болып сайлануына байланысты Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путиннен құттықтау жеделхаты келіп түсті, деп хабарлады Президенттің баспасөз қызметі. Владимир Путин Нұрсұлтан Назарбаевты президенттік сайлау­да айқын жеңіске жетуіне бай­ланысты шын жүректен құттық­тайтынын жеткізген. – Дауыс беру қорытындысы Сіздің отандастарыңыз алдындағы биік беделіңізді толығымен қуат­тайды. Қазақстан азаматтары өз таңдаулары арқылы Сіздің елді әлеуметтік-экономикалық тұрғы­дан жеделдетіп дамыту, еура­зиялық ықпалдастық үдерістерге белсене қатысу және Ресеймен стра­тегиялық әрі одақтастық серік­тестік қатынастарды нығайту жө­ніндегі бағдарыңызға кеңінен қолдауын көрсетті, – делінген жеделхатта. Ресей Федерациясының Пре­зи­денті сенімді диалог пен екіжақты байланыстардың ауқы­мын одан әрі өрістету жөніндегі бір­лескен жұ­мысты, сондай-ақ Еу­ра­зиялық эко­но­микалық одақ пен өзге де халық­аралық құрылым­дар аясын­дағы сындарлы ықпалдас­тықты жалғастыруға дайын екен­дігін атап көрсетті. – Бұл Ресей мен Қазақстанның бауырлас халықтарының түпкі мүд­делеріне сай келетініне, біздің құрлықтағы бейбітшілікті, тұрақ­тылық пен қауіпсіздікті қамта­масыз ету жөніндегі бағытпен үнде­сетініне сенімдімін, – делінген құттықтауда. Соңында Владимир Путин Нұрсұлтан Назарбаевқа мықты денсаулық, сарқылмас қуат және мемлекет басшылығындағы аса жауапты қызметіне жаңа табыстар тіледі. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың атына оның Қазақстан Республикасы Президенті болып сайлануына байланысты Өзбекстан Республикасының Президенті Ислам Каримовтан құттықтау жеделхаты келіп түсті, деп хабарлады Президенттің баспасөз қызметі. Ислам Каримов Нұрсұлтан На­зарбаевты президенттік сайлау­дағы жеңісімен құттықтады. – Өткен сайлаудағы Сіздің айқын жеңісіңіз халықтың жо­ғары сенімінің және өзіңіздің көре­ген басшылығыңызбен жүргізіл­ген, Қазақстан халқының бақуат­тылығына, сондай-ақ елдің халық­аралық аренадағы рөлі мен беделін арттыруға бағытталған қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық терең реформаларды қолдауының айшықты айғағы болды, – делінген жеделхатта. Өзбекстан Президенті сан ғасыр­лық дәстүрлі достыққа, тату көрші­лестікке және өзара құрметке  негіз­делген жан-жақты даму мен екі­жақты қарым-қатынастың нығаюы бұдан әрі де екі ел халқы­ның мүддесіне, өңірдегі бейбіт­шілік пен тұрақтылықтың сақта­луына қызмет ете беретініне сенім білдірген. – Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, Сізге мықты денсаулық, сарқылмас күш-жігер және мем­лекеттік қызметіңізге жаңа табыс, ал бауырлас Қазақстан халқына игілік пен бақ-береке тілеймін, – делінген құттықтауда. Ислам Каримов, сондай-ақ, Нұрсұлтан Назарбаевты Қазақстан Республикасы Президентінің сайлауындағы жеңісімен кейінірек телефон арқылы сөйлесу кезінде де құттықтады. Бұдан бөлек, Мемлекет басшылары екіжақты ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін және Өзбекстан Президентінің елімізге 2014 жылғы қарашада келген ресми сапары кезінде қол жеткізілген уағдаластықтардың орындалу барысын талқылады. Телефон арқылы сөйлесуге өзбек тарапы бастамашы болды. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың атына оның Қазақстан Республикасы Президенті болып сайлануына байланысты Тәжікстан Республикасының Президенті Эмомали Рахмоннан құттықтау жеделхаты келіп түсті, деп хабарлады Президенттің баспасөз қызметі. Эмомали Рахмон Нұрсұлтан Назарбаевты президенттік сай­лаудағы жеңісімен шын жүректен құттықтайтынын жеткізген. – Өзінің ерік-қалауы арқылы Қазақстан халқы елді өркендетуге, оның халықаралық аренадағы беделін үздіксіз арттыруға және хал­қының бақуаттылығына бағыт­талған Сіздің жасампаз саяса­тыңызды кеңінен және шүбәсіз түрде қолдайтынын бүкіл әлемге паш етті. Бұл жолда жеткен жетіс­тік­тер Сіздің есіміңізбен тікелей бай­­ла­нысты, – делінген жеделхатта. Тәжікстан Президенті, сон­дай-ақ, өзара тиімді екіжақты қарым-қатынастың дамуын атап өткен. – Сіз алда да елдеріміз бен халықтарымыз арасындағы өзара ықпалдастықтың аясы кеңейе, тереңдей түсуіне септігіңізді тигізе беретініңізге сенімдімін. Өз тарапымыздан біз екі мемлекет арасындағы достық қарым-қатынастың нығаюы үшін қажетті нәрсенің барлығын жасайтын боламыз, – делінген жеделхатта. Соңында Эмомали Рахмон Мемлекет басшысына мық­ты денсаулық, ұзақ өмір, Қазақ­стан­ның дамуы жолында тың табыстар мен жаңа жетістіктер тіледі.