Аймақтар • 20 Қыркүйек, 2024

2 нысан, 8 жеке үй салынды

102 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Батыс Қазақстан облысы Қазталов ауданында 8 отба­сы баспаналы болып, аудан орта­­­­лығын­дағы спорт кешені мен Қайыңды ауылындағы мәдениет үйі пайдалануға бе­ріл­ді. Қуанышты жиынға облыс әкімі Нариман Төреғалиев қатысты.

2 нысан, 8 жеке үй салынды

Суреттерді түсірген – Асылбек НӘСІПҚАЛИ

Бұдан бұрын облыста «Қала­дан – ауылға!» кешенді бағ­дар­ламасы қолға алын­ға­нын хабар­лаған едік. Қазталов ауданында осы бастама қарқынды жүріп жатыр. Міне, Болашақ ауылдық округінің Жаңатаң және Көпкүтір елді мекен­де­рінде 4 отбасы жаңа баспанаға ие болды.

– Өңірде Мемлекет басшысының тапсырмасымен бірқатар инфрақұры­лым­дық жоба, мемлекеттік бағдарлама, өңірлік бағдарламалар да жүйелі жүзе­ге асып жатыр. Соның ішінде «Қаладан – ауылға!» жобасы ауылдарды дамытуға сеп болды, жас отбасыларға да үлкен қолдау. Бағдарлама аясында Қазталов ауданына көшіп келген жас отбасыларды құттықтаймын. Шаңырақтарыңыз берекелі болып, қуаныш пен шаттыққа толсын! — деді облыс әкімі тұрғын үй кілтін салтанатты түрде табыстап тұрып.

ва

Айта кетейік, дәл осы жоба аясында ауданда 16 тұрғын үй сатып алын­ған. Бүгінге дейін ауылдарға 14 шаңырақ көшіп келіп, орналасыпты. Осы отбасыларда 78 жан болса, соның 50-і бала екен. Барлық отбасы тұрақты жұмыспен қамтылып, мектеп жасындағы 24 бала мектепке, 25 бала балабақшаға орналасқан.

– Біз осы бағдарлама арқылы Жаңа­таң ауылына биылғы ақпан айы­ның басында көшіп келдік. Қаладан келген бойда басымызға уақытша тұрғын үй берді, қорамызға сиыр мен қой-ешкі кіргізді. Қазір сол төрт түліктің игілігін көріп отырмыз. Жолдасым Аят екеуміз тұрақты жұмысқа орналастық. Осы үйдің құрылысына да күйеуім өзі атсалысты. Құшақ жая қарсы алған ауыл халқына алғысымыз шексіз, – дейді су жаңа үйге кірген Шынарай Төремұратова.

Қайыңды ауылы аудан орталығына едәуір қашық орналасқан. Ауыл тұрғындары мәдениет ошағы керектігін жиі айтып жүруші еді. Халықтың талап-тілегі орындалып, заман талабына сай рухани кешен есігін айқара ашты. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында салынған мәдениет үйінде 150 орындық көрермен залы бар, ауылдық кітапхана да осында орналасқан.

– Соңғы жылдары өңірде, аудан-ауылдарда жаңадан білім ордалары мен мәдениет үйлері көп салынып жатыр. Қайыңды ауылындағы мәдениет үйінің жобасын өзге де елді мекендерде жүзеге асырамыз. Алдағы уақытта Қазталов пен Қайыңды бағытында жол салуды да ойластырып жатырмыз, – деп қуантты Нариман Төреғалиев ауыл тұрғындарын.

Жоғарыда аталған 8 үйдің төртеуі қаладан ауылға көшіп келген отбасы­­лар­ға берілсе, қалған 4 баспана үй кезегінде тұрған мұқтаж азаматтарға табысталды. Жалпы аудан бойынша биыл Президент тапсырмасына сәйкес 28 елді мекенде үй кезегінде тұрған әлеуметтік осал топтағы отбасыларға арнап қос пәтерден 116 үйге қаржы бөлініп, құрылыс жүрген еді. Міне, сол үйлер қазір өз иесін тауып жатыр.

– Бүгін Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлының бастамасымен ауыл-аймақтарды дамыту бойынша берілген тапсырмасының арқасында бас­паналы болдық. Осы бағдарламаның жүзеге асуына атсалысқан барша азаматқа және жаңа баспана салып берген мердігерге ризашылығымды білдіремін, – дейді Қазталов ауылының тұрғыны Арайлым Сансызбаева.

Дәл осы күні аудан орталығында 320 орындық спорт кешенінің құрылысы аяқ­талып, пайдалануға берілді. Ны­сан­­­ның ашылу салтанатына облыс әкімі Нариман Төреғалиұлы, аудан әкімі Асланбек Сарқұлов, облыстық мәслихат депутаттары Тұрарбек Тілемісұлы, Самат Хамзаұлы, «КПО Б.В.» компаниясы бас директорының орынбасары Мұхтар Манкеев қатысты. Біраз жылдан бері құрылысы тұрып қалған нысанның ақыры халық игілігіне жарағанына ел-жұрт риза. Спорт кешенінде волейбол, футзал, баскетбол ойындарына арналған зал және бокс, дзюдо, күрес, жаттығу залдары бар. Енді бұл жерде ауыл балаларына түрлі спорттық секция ашылып, жұмыс істейді.

 

Батыс Қазақстан облысы