Білім • 19 Қыркүйек, 2024

Озаттар қомақты сыйақы алады

37 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Озат оқушылар 5,5 млн теңгеден сыйақы алады. Олар мұндай қомақты сомадағы қаражатты халықаралық олимпиадалардағы жеңісі үшін иеленбек. Жүлдегерлерді дайындаған педагогтер де елеусіз қалмайды.

Озаттар қомақты сыйақы алады

Сурет: ru.freepik.com

2022 жылдан бастап беделді 7 олимпиадада жүлделі орындарды иеленген оқушыларға және олар­ды дайындаған педагог­терге мем­лекет тарапынан біржолғы сыйақы тағайындалып келеді. Бұл білім бәйгелерінің қатарында IMO (математикадан), IPhO (физикадан), IBO (биологиядан), IChO (химиядан), IOL (лингвис­ти­кадан), IGeO (географиядан) және IOI (информатикадан) халық­аралық олимпиадалары бар.

Осы аталған жарыстардан алтын медаль жеңіп алған оқу­шы 1500 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) мөлшерінде ақшалай сыйақы алады. 2024 жылғы белгілен 1 АЕК мөлшері 3 692 теңгеге тең екенін ескерсек, алтын медаль иегерлеріне 5 млн 538 мың теңге сыйақы беріледі. Күміс медаль үшін 1000 АЕК (3 млн 692 мың теңге), қола медаль үшін 500 АЕК (1 млн 846 мың теңге) мөлшерінде қаржылай ынталандыру сый­лығы тағайындалады.

2022 жылдан бері белгіленген тәртіп бойынша жоғарыда атал­ған білім бәйгелеріне үздік­терді дайындаған педагогтер де қар­жылай қолдаудан қалыс қал­мауға тиіс. Тарқатып айтқанда, алтын медаль иегерін дайындаған педа­гогке базалық лауазымдық айлы­қақының 26,5 еселенген мөл­шерінде қаржылай сыйақы бері­леді. Айталық, олимпиадаға да­йын­даған оқушысы алтын медаль алған мұғалімнің белгіленген қыз­мет­тік жалақысы орта есеппен 250 мың теңге десек, онда ол осы еңбегі үшін бір реттік 6 млн 625 мың теңге сыйақы алуға құқылы. Ал күміс медаль иеге­рін дайындаған педагогке база­лық лауазымдық айлықақы 17,5 еселенген мөлшерінде, қола ме­даль ие­герін дайындаған педа­гогке ба­за­лық лауазымдық айлық­ақы 8,5 еселенген мөл­ше­рінде бері­ле­ді.

Оқу-ағарту министрлігінің ақпаратына сүйенсек, биыл әлем бойынша беделді 7 олимпиадада жүлделі орын алған 26 оқушымыз қаржылай сыйақы алады. 2023-2024 оқу жылының қорытын­дысы бойынша еліміздің ұлттық құрамасы ең беделді әлемдік пәндік олимпиадаларда 2 алтын, 12 күміс, 12 қола медаль және бір диплом иеленді. Сонымен қатар халық­аралық олимпиадалардың же­ңім­паздарына отандық жо­ға­ры оқу орындарының кез кел­ге­ніне оқуға түсуге грант беріледі.

Естеріңізге сала кетейік, былтыр 23 оқушы 65,6 млн теңге, 20 педагог жалпы сомасы 71,4 млн теңге біржолғы сыйақы алды. Жалпы 12 ірі халықаралық жарысқа қатысқан 1218 оқушының 603-і медаль иегері атанды. Яғни әлемдік додаларда еліміздің намысын қорғаған әрбір екінші қатысушы жүлделі орынға ие болды.