Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»
Биыл Қызылжар өңірінің диқандары 4,4 млн гектарға астық сіңірген, соның 3,3 млн гектары – дәнді дақылдар. Егін орағына облыста 7 мыңнан артық комбайн шығарылған. Астық қабылдайтын 46 элеватор (сыйымдылығы – 3,2 млн тонна) бар. Олардан басқа 3,7 млн тонна астық қабылдай алатын 332 астық қабылдау пункті бар. Диқандар литрі 250 теңгеге арзандатылған жанар-жағармаймен толық қамтылған.
Ауыл шаруашылығы басқармасының соңғы мәліметіне қарағанда, 1 млн 210 мың гектар жердің астығы орылып, бастырылған. Алынған астық көлемі 2 млн 100 мың тоннадай. Астық шығымдылығы орта есеппен гектарынан 17,1 центнерден айналып жатыр. Былтыр бұл уақытта 1 млн 370 мың гектар алқаптың астығы орылып алынған еді. Алынған астық көлемі 1 млн 400 мың тоннадай болған. Гектар шығымдылығы ол кезде 10,6 центнерден айналған.
Қызылжар ауданында 7,5 мың гектар жерге егін салатын, Жомарт Омаров басқаратын «JJ Trade group» ЖШС-на соғып, орақ барысын білдік.
«Биылғы егін бітік шықты, бірақ алу қиынға айналып тұр. Көп жауған жаңбырдан арамшөп те қаптап кетті. Оны құрту – қосымша жұмыс. Біздің егіс алқабымыздың шығымдылығы әртүрлі. Ең нашар деген алқаптан гектарына 20 центнерден алып жатырмыз. Сонымен бірге 25–30 центнерге дейін астық өскен алқаптар бар. Сонда орта есеппен 25 центнерден айналатын шығар. Бізге ең бастысы ауа райы құрғақ болып, енді бір 10 күндей тұрса деп тілейміз», деді.
Диқанның айтуынша, қазір астық қабылдау орындары аузы-мұрнынан шығып, машиналарға толып тұр. Астықтың ылғалдылығы да жоғары, соңғы алынған астық қана біршама құрғап, 15 пайызға дейін түскен. Алдыңғы тапсырылғандар
20–25 пайыздық ылғалдылықпен өткен.
Тәжірибелі диқан биылғы астық бағасы да 3-сыныпқа 80 мыңнан аспайтын шығар деп ойлайды. «Әдетте астық көп болған жылдарда баға төмендейді ғой. Әзірге азық-түлік корпорациясы бидайдың бағасын нақты белгілеген жоқ, бірақ 80 мың теңгенің шамасында болар деп ойлаймын», деді.
Ауыл шаруашылығы басқармасы әзірге астық қабылдау кәсіпорындарына 370 мың тоннадай астық жеткізілгенін мәлімдеді. Соның 226 мың тоннадайы – бидай. Соның ішінде жұмсақ сұрыптысы – 210 мың тоннадай. Сапасы үшінші сыныпқа сәйкестері – 93,5 мың тонна. Бұл – барлық бидайдың 44,3 пайызы. Ал төртінші сұрыптағылар – 97,9 мың тонна, 46,4 пайыз. Қазір 39 астық қабылдау кәсіпорны жұмысқа толық кіріскен.
Солтүстік Қазақстан облысы