Әлем чемпионына не болған?
Жексенбі күнгі ойындар тағы да сенсациялық жағдайларға толы болды. Парагвайдың Словакияны, әлем чемпионы Италияның осы топтағы ең әлсіз құрама саналатын Жаңа Зеландияны жеңетініне күмәнданатындар аз болған.
Парагвай Словакия құрамасын 2:0 есебімен ұтты. Осылай болуы тиіс десті жанкүйерлер. Өйткені, словактар азусыз болды. Тіпті олар, ойынның тез аяқталуын күткендей де әсер қалдырды.
Ал, Жаңа Зеландия... Иә, бұл команда айды аспанға шығарды! Әлемдік рейтингте Италия құрамасы бестіктің ішінде болса, Жаңа Зеландия 78-ші орында-тын. Мұндай жағдайда итальяндықтар қарсыластарының қақпасының аузын құрғатпаса керек еді. Бірақ, мақтаған құрамамыз алғашқы кезеңде белсенділікті қарсыластарына беріп қойып, соның ащы жемісін алдымен татты.
Стандарттан Уинстон Рид қақпаға бағыттап шірене тепкен. Қырсық шалғанда доп әлемдегі ең үздік қорғаушылардың бірі Канновароның денесіне тиіп, қақпа алдында қанкөбелек ойнап қалды. Тегін олжаны Смелц қақпаға сүңгітті де жіберді. Бұл ойынның бар болғаны 7-ші минутындағы оқиға еді.
Дзамбротта аяғына іліккен допты Жаңа Зеландия қақпасының алдына тастауға тырысты. Шабуылшылардан қайран болмағаннан кейін өзі де белсеніп әрекет жасап көрмек еді. Жан бермек оңай емес. Итальяндықтар құрсаудай қысып бара жатқан соң қорғаушы Томми Смит Де Россидің жейдесіне жармасты. Мұндай жағдайда пенальти белгіленеді. Яквинта қапысыз соқты. Есеп –1:1.
Соңғы 15 минутта Жаңа Зеландия қақпасының алдында дауыл тұрғанымен, итальяндықтар жеңісті бөктеріп кете алмады. Олар қақпаны 25 рет көздегенімен, голға лайық 7 допты Марк Пастон қайтарды. Бұған итальяндықтардың тағы да 15 рет бұрыштан доп тепкенін қосыңыз.
Осындай нөпір шабуылға төтеп беріп, ұпай бөліскен Жаңа Зеландия футболшыларының ерлігін бағалау керек. Италия алғашқы ойынында Парагваймен тең ойнады, бұл жолы да тең. Словактармен итжығыс түскен Жаңа Зеландия неге өз тобынан шығып қалады?! Рики Херберт бапкер үмітті. Ал, итальяндықтардың бапкері Марчелло Липпидің қабағынан қар ұшқындап, сіркесі су көтермей жүр.
Әлем чемпионы жағдайын қиындатып алды.
БРАЗИЛИЯЛЫҚТАР АЙДАРЫНАН ЖЕЛ ЕСЕДІ
Какасы бар ел бақытты ғой. Қай клубта ойнаса да Каканың жанынан табылуға шабуылшы біткен құмар. Әсіресе, аргентиналық Игуайн. Какаға доп тисе өкпесін қолына алып, қақпа алдына жетеді.
Трансферде ойыншылары бағалы болғандықтан, Африкадағы ең қымбат команда атанған Кот-д’ Ивуар құрамасымен өткізген ойында да қарсылас қақпаның алдына қарбалас тудырған осы Кака. Алғашқы шабуылда одан доп алған Робиньо қақпаны көздей шірене тартқан. Доп маңдайшаны жалап өтті.
Ойынның 25-ші минутында Луис Фабиано Кот-д‘Ивуар қақпасына гол соқты. Қайран Кака жан-жағынан қаусырмалап қысқан қорғаушылардың арасынан инедей саңлау тауып, ала допты алға атылған Фабианоның алдына салды да берді. Гол! 1:0.
Қара маржан Дидье Дрогбаның жүзі өкініштен күреңітіп кетті дейін десек, өтірік айтқан болар едік. Қарақошқыл өңінен сезім әсері әрине білінбейді. Бірақ, жүрегінің қан жылағаны анық. Бірінші тайм аяқталғанда жерден бір шөкім шөпті топырағымен жұлып алып, маңдайына басты. Тәу етті-ау.
Көмектеспеді. Ырымын айтамыз да. Бірінен бірі өткен бразилиялықтар қарсыластар алаңынан шықпай-ақ қойды. Қақпа алдындағы қарбалас. Бір қорғаушыны алдап өтіп, екеуінің үстінен доп асырған Фабиано әуелеген допты кеудесімен қағып, аяғына туралап алды да қайқайта тартты. Бубакар Барри созыла қарғыды. Саусағының ұштары тиіп, шоршыған доп қақпаның бұрышында ауға түскен алабұғадай бұлқынды. 2:0. Бір өкініштісі – Фатиано допты қолымен ыңғайлап алған. Төрешілер байқамады.
Еуропаның ең үздік шабуылшысының бірі Дидье Дрогбаның да гол соғатын мүмкіндігі болды. Бірақ, баспен ұрған добы қақпадан сәл қиыс кетті.
Айып алаңында жасындай жарқ еткен Каканың зеңбіректен атқандай ғып тепкен добын Барри қақшып алды. Сабазың мұнымен де тынбады. Сол жақ қапталда қаумалаған үш қорғаушыны тарыдай шашып, сол Кака қақпа алдынан көлденеңдетіп тағы бір пас жіберді. Оған алдымен Элану үлгерді. 3:0!!!
Бірақ, әлемдегі үздік сұрмергеннің бірі Дрогбаның қайрат көрсетпей кетуі әділетсіздік болар еді. Жирвиньо Коло Туреге әдемі пас берді. Осы сәтте Дрогба лып етіп, қақпаға қарай өтті де өзіне бағытталған допты баспен ұрып, қақпаға кіргізіп жіберді. Бразилиялық қақпашы орнынан қозғалып та үлгерген жоқ.
Ойынның соңғы минуттары жүйкені жүндей түткен. Шабуылшыны шалып құлатқан Кака сары қағаз алды.
Кот-д ивуарлық Тиоте ұрынарға қара таппай қойды. Сол айқасқа кірген жерден шу шығады әйтеуір. Бразилиялық ойыншыны шалып жығып, ойнақтап шыға келген Тиоте қанғалақтап Каканың жанына келіп қалды. Сабырынан аса төгіле қоймайтын сырбаз Кака бұрылып қарамаған күйі шынтағын көтеріп қалды. Ыңқ ете қалған Тиоте ойбайлап құлады. Төреші әуелі сары, сосын қызыл қағазды көрсетті. Кака алаңнан кетті. Кот-д ивуарлықтар күшейді. Допты толық бақылауларына алды. Гол соғуға ниеттенді.
Бірақ, қоянның құйрығындай шолтаң ете қалған уақыт Дрогбаның жігіттерінің ниетін құптамады. Бразилиялықтардың бас бапкері Дунга өз жігіттерінің өз шеберлігін қызықтап кетпей, ұжымдық ойын ойнағанына разы. Ал, Кот-д Ивуардың бапкері, швед Эрикссон әлі де өз тобынан шығудан үмітін үзген жоқ..
Бақтияр ТАЙЖАН.