Фото: gov.kz
Кездесу барысында АӨК субъектілерін ұзақмерзімді мемлекеттік қолдау тәсілдері талқыланған.
«Мемлекет басшысы өзінің халыққа Жолдауында кәсіпкерліктің дамуы мен оны қолдау шараларына ерекше назар аударды. АӨК-тің тұрақты дамуы – біздің азық-түлік қауіпсіздігіміздің кепілі, сондықтан Үкімет 1 млн-нан астам азаматымыз жұмыспен қамтылған ауыл шаруашылығын қолдау шараларын жалғастыра береді», деп атап өтті Олжас Бектенов.
«Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша биыл Үкімет көктемгі егіс және астық жинау науқанын оңтайлы жүргізу үшін қажетті жағдайдың барлығын жасады. Саланы жеңілдікпен қаржыландыру көлемі бірінші рет 3 еседен астам ұлғайтылып, рекордтық көрсеткішке, яғни, 580 млрд теңгеге жеткізілді. Бұл қаражат егіншілерді тікелей несиелендіруге, пайыздық мөлшерлемені төмендетуге және форвардтық сатып алуға жұмсалды. Сыйақы мөлшерлемесін төмендету Бәйтерек холдингі коммерциялық қаражатты тарту сатысында жүргізілді. Келесі жылы қайта өңдеу кәсіпорындарын қаржыландыру кезінде осындай тетік іске қосылады. Жалпы, агробизнеске мемлекет тарапынан тұқым материалы мен тыңайтқыш сатып алудан бастап, экспорттық қолдауға дейінгі барлық кезеңде жан-жақты көмек көрсетіледі.Президент тікелей субсидиялаудан қолжетімді несие беруге көшу арқылы АӨК субъектілерін қаржыландыру көлемін ұлғайту міндетін қойды. 2025 жылдан бастап шаруалар қаржы институттарынан тікелей арзандатылған несие ала алады. Субсидиялау мәселелері толығымен Ауыл шаруашылығы министрлігіне жүктеледі. Осылайша, шаруа субсидия ресімдеу бойынша артық әуре-сарсаңнан құтылады», делінген хабарламада.
Айта кетейік, биыл жеңілдетілген несиелеудің рекордтық көлеміне қол жеткізілген. Келесі жылдан бастап саланы қаржыландыру көлемін арттырып, 700 млрд теңгеге дейін жеткізу жоспарланған. Премьер-министр Олжас Бектенов биылғы желтоқсан айында шаруаларға келесі жылдың алғашқы қаржысы түсуі тиіс екенін атап өтті.