Сурет: instagram@mfa_kz
Бұл жаһандық іс-шара БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриштің бастамасымен өткізіліп, қазіргі таңдағы және келешекте туындайтын мәселелердің бірлескен шешімдерін табуға бағытталған. Сондай-ақ саммит әлемде бейбітшілік пен өркендеуге жол ашатын және халықаралық институттарды заңды әрі тиімді ететін шешімдер қабылдаудың маңызды мүмкіндігін ашуға тиіс.
Саммиттің ашылуында БҰҰ басшысы ХХІ ғасырдың сын-қатерлері ХХІ ғасырдың шешімдерін: жан-жақты және инклюзивті, сондай-ақ бүкіл адамзаттың тәжірибесіне сүйенетін негіздемелік шешімдерді талап ететінін мәлімдеді.
«Мен бұл саммитте БҰҰ Жарғысының құндылықтарына негізделген жаһандық институттарды заңды, әділ әрі тиімді ету үшін терең реформаларды қарастыруға шақырдым. Сондай-ақ бізге қайтадан жолға түсу үшін қатаң шешімдер қажет. Өйткені біздің әлем рельстен шығып бара жатыр», деді Бас хатшы.
Саммитке БҰҰ-ға мүше 130-дан аса елдің мемлекет және үкімет басшылары, сыртқы істер министрлері, сондай-ақ халықаралық ұйымдар мен азаматтық қоғам өкілдері қатысты.
Сапардың алғашқы күні Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Сербияның Сыртқы істер министрі Марко Джуричпен, Албанияның Сыртқы істер министрі Игли Хасанимен, Анголаның Сыртқы істер министрі Тете Антониомен, Моңғолияның Сыртқы істер министрі Батмунхийн Батцэцэгпен екіжақты кездесулер өткізді. Келіссөздер барысында саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы екіжақты ынтымақтастықтың қазіргі жағдайы мен даму келешегі талқыланды. Тараптар жаһандық және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша пікір алмасты, сондай-ақ өзара іс-қимылдың барлық бағыттары бойынша сындарлы диалогті жалғастыруға уағдаласты.
Жалпы, Болашақ саммиті – 22-23 қыркүйек күндері Нью-Йорктегі БҰҰ штаб-пәтерінде өткен жоғары деңгейдегі іс-шара. Әлемдік көшбасшылар жаһанға ортақ жарқын болашақты қалай қамтамасыз ету керектігі туралы жаңа халықаралық консенсус құру үшін жиналып отыр. Олар Болашақ пактісін, жаһандық цифрлық шартты және болашақ ұрпақ туралы декларацияны бірауыздан қабылдады.