Экономика • 24 Қыркүйек, 2024

Кәсіпорын көкжиегі кеңейсін десек...

86 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Өңірдегі құрылыс жұмыстарының қарқын алуына дем беріп отырған іргелі кәсіпорынның бірі – «Көкше Цемент» серік­тес­тігі. Кәсіпорын 400 маркалы цемент шығарады. Алдағы уа­қытта сапаны арттырып, өнім көлемін көбейтуге мүдделі.

Кәсіпорын көкжиегі кеңейсін десек...

Тығырықтан жол тапты

Серіктестік директоры Болат Оспа­нов­тың айтуына қарағанда, цемент зауыты үшін ең керегі – шикізат. Негізгі цех ең басты шикізат – клинкерді өндіреді. 19 сәуірде ең үлкен электр двигателі істен шығып, зауыт жұмысы кілт тоқтаған. Ол өзі – салмағы 19,5 тон­­­на­­лық, Германияда дайындалған құ­рылғы. Өскемен зауыты жөндей алмайтынын айтқан. Қытайдан, Ресейден іздестірген. Ақыр соңында Германиядан тапқан. Құны – 400 млн теңге. Дайын­дауына да көп уақыт кетеді. Зауыт ол уақытта қаңтарылып тұра алмаса керек-ті. Болат Ыбырайұлы барлық маманды жинап, кеңес өткізген. Өздерінде шағындау екі цемент диірмені бар. Солардың электр двигателін Семейге апарып, жөндеуден өткізіп, жұмысқа жарамды жағдайға жеткізген. Бұл туралы тәптіштеп айтып отырғанымыз, кәсіпорын мамандарының шынайы шеберлігін көрсету. Олар тығырықтан шығар жол тауып, шетел мамандары ғана жасайды деген қасаң түсінікті бұзып, өздері де қолда барды кәдеге жаратып отыр. Кәсіпорындағы желіні жөндеуге 70 адам жұмылдырылған. Ауыр еңбектің нәтижесінде маусым айында зауыт қайтадан жұмыс істей бас­тады. Шілде айында 75 мың тонна клинкер дайындалды.

Цемент диірменінің біреуі ғана жұ­мыс­қа жарамды болғандықтан өнім кө­ле­мі де өткен жылдың көрсеткішінен тө­мен­деу. Жыл басынан бері 187 мың тонна цемент дайындалған. Кәсіпорын жыл ішінде 500 мың тонна клинкер дайын­­дау­ды жоспарлап отыр. 300 мың тонна цемент өндірілмек. Іргедегі Астана, Көк­ше­тау, Павлодардан сұра­ныс жиі түседі.

 

Инфрақұрылым назар аударуды талап етеді

Құрылыс жұмысы жаз маусымында өрістейді. Күн сайын мың тоннаға жуық цемент сатылады. Кәсіпорын­­ның өзінде жүк тасымалдайтын 100 вагон бар. 140 вагонды жалға алып отыр. Жаз бойы өнімнің басым бөлігі автокөлік арқылы тасымалданды. Бұл бір бейнеті көп шаруа. Жол әбден бұзылып, жарамсыз бо­лып қалған. Отыз шақырымнан сәл ғана асатын жолдан біз де өттік. Тұп-тура 2,5 сағат жүрдік. Белден асқанша белі­міз үзіліп қала жаздады. Кеңес зама­нында салынған, одан бері күрделі жөн­деу көрмеген жолдың құр сүлдері қа­лыпты. Отыз-қырық тонналық ауыр жүк көліктері биылғыдай жауынды, ыл­ға­лы мол жылы қара жолдың бойын қа­зан шұңқыр етіп ойып-ойып тастаған.

– Ірі компаниялар да тапсырыс береді, – дейді Болат Ыбырайұлы, – егер олар екі мыңнан бес мың тоннаға дейін өнім сұраса, теміржол арқылы жөнелтеміз. Теміржол – Ереймен­тау бағытында. Сол арқылы Астанаға апарады. Алдағы уақытта жол бол­мағандықтан Көкшетау қаласына жет­кізіп, сол жерде сатсақ деп ұйғарып отырмыз. Қиындықтан шығар жалғыз жол осы. Әйтпесе, бірнеше тұты­ну­­шы­мыздан айырылып қалдық.

 

Әлеуметтік жауапкершілігі жоғары компания

Кәсіпорында қазір 570 адам жұмыс істейді, орташа табыс – 230 мың теңге. Кәсіпорынның өрт сөндіру командасы бар. Өткен жылы төңіректегі елді мекендерге өрт қаупі көп кезде қорған болған. Кәсіпорын іргесіндегі Заозерный селосының тұрғындарына ауызсу тасымалдап береді. Өткен жылы осы жұ­мысқа 2 млн теңге қаражат жұм­са­ған. Елді мекенді абаттандыруға 1,5 млн теңге бөлген. Қыста Кеңащы ауы­лы­на дейінгі жолды қардан тазартады. Жол тазалауға бір маусымда 4 млн тең­ге қаражат жұм­саған. Заозерный ауы­­лының тұрғын­­дарына өткен жылы 8 млн теңге көле­мінде көмек көрсетсе, биыл­­ғы жарты жылдықта 7,7 млн тең­ге­­нің қайы­­рым­дылық шараларын жү­­зеге а­сыр­­ған. 487 млн теңге салық тө­ле­ген. Өткен жыл­ғы салық көлемі – 1 млрд теңгеден астам.

 

1 млрд теңгеден астам салық төлеген

Зауытта кадр жетіспейді. Кадр ­бө­лі­мі­­нің қызметкері Жанар Әмір­ға­­­лие­ва­­­­­ның айтуына қарағанда, 158 жұмыс орны бос тұр. Негізінен, жүк көлігінің жүр­гізушілері, жөндеуші слесарьлар, электр монтерлар, жүкшілер қа­жет екен. Кәсіп­орында жақын маң­да­ғы елді ме­кен тұр­ғындары еңбек ете­ді. Жұ­мыс вах­­та­лық әдіс бойынша ұйым­дас­­ты­рыл­­ған.

Кәсіпорын директоры жұмыс­шы­ларға барлық жағдай жасалғанын айтады. Жайлы жатақханалары бар, жұмыс киімі беріледі, тегін тасымалдайды. Бір ауысым кезінде 240 адам еңбек етеді. Тек бір әттеген-айы – көктемгі, күзгі мау­сымда диқандардың еңбекақысы өскен кезде жұмысшылар уақытша болса да табысы мол жерге кетіп қалады.

Болашағын ойлаған кәсіпорын кадр даярлауға көбірек көңіл бөледі. Облыс­та­ғы бірнеше кәсіптік-техникалық оқу ор­нымен меморандум жасалған. Оқу­шы жастарды тәжірибеден өткізіп, жұ­мыс­қа тарту жағы қолға алынып жатыр.

 

Қытайлық инвестор келуі мүмкін бе?

Бір жақсысы, шикізат өздерінің кен орын­дарында өндіріледі. Сырттан көмір, гипс, темір рудасын және жанар-жағар­май­ды ғана сатып алады. Зауыттағы бар­лық құрылғы Дания мемлекетінен әке­ліп орнатылған. Сол себепті, қосалқы бөл­шектермен қамтамасыз ету мәселесі қиындау. Қажетті тұрбалар Түркиядан алы­нады. Жеткізудің өзі бір машақат. Егер өз елі­мізде қажетті бөлшектер өнді­ріл­се, көп­теген кәсіпорындағы өнді­ріс өрісі кеңейе түсер еді.

Ең басты мәселенің бірі жол екенін жоғарыда айттық. Кеңащы ауылынан Степ­­някқа дейін – 25 шақырым. Осы жол бө­ліктерін жөндеу туралы мәселе көте­­ріл­­генімен әлі күнге шешімін таппай тұр.

– Біз жыл сайын 1 млрд теңгеден астам салық төлейміз, – дейді серіктестік директоры, – жолды жөндеу зауыттың міндеті емес. Өз қолымыздан келген шаруамызды атқарып, қолғабыс тигізіп отырмыз. Осы кәсіпорын 2017 жылдың 17 қыркүйегінде ашылды. Содан бері жол жөнделген емес. Егер сапалы жол салынса, көлік салмағы кесірін тигізе алмас еді. Қазір Алматыдан да тапсырыс түсіп жатыр. Алыс-жақын шетелдерден де өтінім бар. Алдағы уақытта теміржол арқылы тасып, Астанадан цемент сататын сауда базасын ұйымдастырғымыз келеді. Облыс орталығында бетон да­йын­дайтын құрыл­ғы орнатып, жылына
2 000 тоннаға жуық бетон өндірсек деген жоспарымыз бар.

Ендігі бір мәселе – электр энергия­сы­ның қымбаттауы. Зауыт айына электр қуа­ты үшін 150 млн теңге жұмсайды. Егер бұрын кәсіпорын электр энергиясымен қамтамасыз ететін бір ұжыммен жұмыс істесе, бүгінде олардың саны бе­­сеу­ге жеткен. Өнімнің өзіндік құны да осы себептен өсіп отыр. Таяуда кә­сіп­­­орынға қытайлық мамандар келген екен. Тиімді ұсыныстар да айтқан кө­рі­не­ді.

 

Ақмола облысы,

Біржан сал ауданы