Рухани іс-шара Мәдениет басқармасының бастамасымен, Пушкин атындағы облыстық кітапхананың ұйымдастыруымен жүзеге асты. Мерекеге қаладағы басқа да кітапханалар, мұражайлар, театр, кітап дүкендері, білім ұйымдары қолдау көрсетті. Фестиваль өңірде кітап оқу мәдениетін дамытуға бағытталған маңызды қадам болды.
Кітап фестивалінде мереке қонақтары «Шабыт» жастар театрының тебіреніске толы қойылымын тамашалап, жазушы Жәди Шәкенұлы мен Генадий Пуссептің жаңа шығармаларының, сондай-ақ, облыстық ауқымды әдеби жоба – «Абай әлемі» кітаптар топтамасының» 2024 жылғы жаңа шығарылымының тұсаукесеріне қатысты. 2018-2024 жылдар аралығында «Абай әлемі» кітаптар топтамасымен барлығы 76 389 дана 110 кітап жарық көрді. Биыл 12 автордың шығармасы мен үш жинақ, яғни 15 кітап оқырманға жол тартты.
Түрлі тақырыптық локациялар барлық жастағы келушілерге мерекелік көңіл күй сыйлады. Оқырмандарға мазмұны мен формасы алуан түрлі кітап көрмелері мен инсталляциялар ұсынылды. Облыстық музейлер қорындағы жерлес жазушылардың жеке заттарының көрмесі, жерлес жазушылар шығармаларының «QR» көрмесі, жасанды интеллект мүмкіндіктері пайдаланылған «Шығыс Қазақстанның аңыз-әпсаналары» балалар суреттерінің интерактивті көрмесі көпшіліктің назарын аударды.
Рухани іс-шара биыл 100 жылдық мерейтойы тойланып жатқан Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым – Қожа» повесі желісімен түсірілген фильмді тамашалаумен аяқталды.
ӨСКЕМЕН