Коллажды жасаған – Алмас МАНАП, «EQ»
Біздің қоғамда баяғыда қалыптасқан «тоқылдақ» дейтін теріс түсініктің әсерімен құқық бұзушыны полицияға көрсеткенді ар санайтын әдеттің бар екені рас. Ал санасы жетілген, ақыл-ойы жоғары, дамыған, экономикасы қарыштаған Германия сияқты мемлекеттерде адамдар қылмыскерді әшкерелеуге, қоғамдық тәртіпті, соның ішінде жол тәртібін бұзушыны полицияға көрсетуге құштар екен. Соның нәтижесінде елде тәртіп күшті болатынына олардың көзі жеткен. Ал тәртіп күшті болса, бұл адамдардың бәріне пайдалы.
Біздің елімізде де кейінгі жылдары халықтың қылмыстың алдын алуға, қоғамдық тәртіптің сақталуына деген мүдделілік көрініп келеді. Президенттің бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» акциясына қатысқан жастар өздері жинап, тазалаған соң көшелердің, алаңдардың ластанбауына, орынсыз қоқыс тасталмауына басқалардың көңілін аудартатын болыпты. Жақында орталық алаңдардың бірінде мектеп жасындағы еркелеу баланың балмұздақтың қағазын жерге тастай салғанына ағасы қатты ашуланып, ақыры қағазды қоқыс жәшігіне тастатқан көрінісіне куә болдық. Мұндай әрекетті қазір Петропавл қаласының көшелерінен жиі байқауға болады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауында: «Азаматтардың бойында жаңа әдеттер, дағдылар қалыптасып, жаңа құндылықтар орнығуда. Саяси және қоғамдық болмысымыз, менталитетіміз және мәдени кодымыз өзгере бастады. Бір сөзбен айтсақ, Әділетті Қазақстан құрылып жатыр. Мұның бәрі, ең алдымен, халықтың қалауымен жасалуда. Сондықтан біз алған бетімізден қайтпаймыз, бағытымыздан таймаймыз. Бүгін біз алға қойған жоспарымызды пысықтап, мақсаттарымызды айқындаймыз», деді. Осыны іс жүзінде, күнделікті өмірде көре бастағанымыз көңіл көншітеді.
Жуырда 63 жастағы зейнеткер әйел алаяқтардың құрбаны бола жаздады. Алаяқтың арбауына алданған ол депозитіндегі 3 млн теңгесін алып, өзін күш құрылымдарының бірінен хабарласып тұрмын деп таныстырған алаяқтың көрсеткен шотына салмақ болып бара жатады. Жолда модульде кезекшілікте отырған патрульдік полиция батальонының инспекторы Алмат Мұхаметқалиевке жолығып, «Банктегі шотыма алаяқтар күмәнді операция жасағалы жатыр екен, сондықтан депозитімді басқа банкке ауыстырғалы бара жатырмын» деп сол банктің мекенжайын сұрайды. Егер осы жерде полиция инспекторы бұл менің жұмысым емес деп немқұрайдылық көрсеткенде, қария барлық жиған-тергенінен айырылып қалар еді. Бірақ мәселенің мәнісін бірден ұққан Алмат зейнеткерге барлық мәселені асықпай түсіндіріп, алаяқ көрсеткен шотқа ақша салмау керектігін айтып, қылмыстың алдын алады. Тіпті зейнеткерді жақын жердегі банк филиалына апарып кеңесші-консультантқа жаңа депозиттік есепшот аштырып, қаражатын қорғап қалады. Міне, бұл да – азаматтарымыздың бойына жаңа құндылықтар орнап келе жатқанының көрінісі. «Іздеген банкыңыз мына жерде» деп сілтей салмай, оны үлкен қатерден алып қалу – жақсылық.
Кейінгі кездері есірткі таратушылар мен қолданушыларға қарсы күрес те жандана түсті. Бұл да – полицияға тұрғындардың көмек қолын созғанының арқасында болып жатқан жетістік. ПД баспасөз қызметінің қызметкері Игорь Мерцаловтың хабарлауына қарағанда, жуырда Жамбыл облысының Петропавлға келген бір тұрғынының жалдаған пәтерінен 160 грамм «мефедрон» және «α-PvP» синтетикалық есірткісі, электронды таразы, буып-түю материалдары табылған. Ал күдіктінің өзі есірткі сататын интернет-дүкендердің мекенжайлары айтылған жазбаларды (мұндайларды граффити дейді) таратып жүргенін сол маңдағы бір кәсіпкер көрсеткен. Жергілікті кәсіпкер полицейлерге жүгініп, оның дүкенінің сыртқы бейнекамерасы есірткі граффитиін салу үдерісін түсіріп алғанын айтқан. Осы жазба арқылы күдікті ұсталған. Оның айтуынша, жақында ғана Петропавлға келіп, 40-қа жуық граффити жасап үлгерген.
«Қазір жас жігіт қамауға алынды. Оның ісі есірткіні заңсыз жарнамалау мен насихаттау, сондай-ақ есірткіні аса ірі мөлшерде сатты деген заң бабымен тергеліп жатыр», деді Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаменті бастығының орынбасары, полиция полковнигі Асқар Мұхаметқалиев.
Сондай-ақ жуырда Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаменті қызметкерлерінің назарына 36 жастағы Астана қаласының тұрғыны мен 46 жастағы қарағандылық іліккен. Қолда бар ақпарат бойынша олар Петропавлға синтетикалық есірткі тарату мақсатымен келген. Бұлар да – жергілікті тұрғындардың көмегімен күдікке ілінгендер. Олардың барлық әрекетінен хабардар болған жергілікті тұрғын күдіктілер синтетикалық есірткіні Алматы облысындағы жалдамалы пәтерде жасайтынын ескерткен. Петропавлдың жедел уәкілдері қызметтік іссапарға шығып, Алматы түбіндегі синтетикалық есірткі даярлайтын зертхананы анықтады. Онда барлық қажетті жабдықтар мен 90 кило прекурсорлар табылған.
«Алдын ала мәліметтер бойынша зертхана 18 килоға жуық есірткі өнім шығаруға тиіс болған», деді Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаменті есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы, полиция подполковнигі Руслан Сапаров.
Қазір күдіктілер Петропавл қаласында қамауда отыр. Олар 15 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Бұл қылмыс та жанашыр тұрғындардың ескертуімен әшкереленіп отыр.
Жалпы, Солтүстік Қазақстан облысының ПД есірткіге қарсы күрес жұмысы жақсы жолға қойылған. Таратушылар неше түрлі қитұрқы әдіске барғанымен, ізшілдер де олардың орайын тауып жатыр.
Елдің шетіндегі, желдің өтіндегі облыс болғандықтан солтүстікте көші-қон саласындағы заң бұзушылық мәселесі де күрделі. Полиция департаменті көші-қон қызметі басқармасы бастығының міндетін атқарушы, полиция подполковнигі Ермек Нұсырбаев жыл басынан бері облыс аумағында елімізде болу ережелерін бұзғаны үшін 957 шетелдік әкімшілік жауапкершілікке тартылғанын айтты. Шетелдік жұмыс күшін заңсыз тартқаны үшін 50 жұмыс беруші жауапкершілікке тартылыпты. 8 айдағы жұмысты қорытындылаған отырыста Солтүстік Қазақстан полициясының басшысы Айдын Қабдұлдинов басшы құрамға шетелдіктерді жіті тексеруді жеке бақылауына алуға тапсырды.
Осы отырыста пробациялық бақылауда тұрған адамдар жасайтын қылмыстардың алдын алуға да ерекше назар аударылды. А.Қабдұлдинов аумақтық бөлімшелердің бастықтарына қоғамнан оқшаулаусыз сотталған адамдарды тексеруді жеке бақылауға алуды, қасақана бұзушылықтар болған жағдайда шартты жазаны нақты жазаға ауыстыру үшін заңда көзделген шараларды батыл қабылдау керектігін айтты.
Әрине, жол-көлік оқиғалары мен интернет алаяқтықтың үдеп тұрғаны рас. Полицияның отырысында бұл мәселелерге жіті мән берілді. Қай мәселеге болсын тұрғындар қырағылығын пайдалану әрі мұны жетілдіре түсу заң бұзушылыққа қарсы іс-қимылдың нәтижелілігін арттырады.
Солтүстік Қазақстан облысы