Қоғам • 25 Қыркүйек, 2024

Белсенді әрекет кезеңі

158 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысының биылғы Жолдауы еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуын, рухани-мәдени өркендеуін, ұлттық қауіпсіздік мәселелерін жан-жақты қамтыған батыл бастамаларға толы болды.

Белсенді әрекет кезеңі

Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Әр тарауы бүкіл әлемде гео­­саяси жағдай ушығып, ел іші түрлі саяси, қоғамдық жаң­ғыруды бастан кешіп жатқан алмағайып кезеңде қалың бұ­қараның реформаларға артып отырған мүддесі мен үмітін, көз­дейтін мақсаттарын сара­лап көрсетіп берді. Басым маңыз­дылығы жағынан берік тәртіпке келтіріліп, оңтайлы жүйеленген бағдарлама барша халықтың қажыр-қайратын ортақ мақсатқа жұмылдыра алатын стратегия мен тактика қызметін атқаратын құжат ретінде қабылданды.

Қазірде қоғам тарапы­нан қызу талқыланып, қапы­сыз қолдау тауып жатқан құ­жаттың қомақты бөлігі, әдет­тегідей, әлеуметтік мәселе­лерді шешу жолдарына ар­нал­ды. Ұлт саулығын нығай­ту үшін кешенді шараларды қолға алып, халықты әлеу­меттік қолдау жүйесін жаң­ғыр­ту керектігі баса айтылды. «Тұрақты әлеуметтік-эконо­микалық өрлеуді қамта­ма­сыз ету, азаматтардың жасам­паздық әлеуетін толық ашу және халықтың әл-ауқатын арттыру – мемлекеттің маңызды міндеті» екені атап өтілді.

Кейінгі жылдары тұр­ғындар­дың тұрмыс-тіршілі­гін жақсар­туға септігі тиетін көптеген шара қайта қаралып, қауырт қол­ға алынып жатыр. Мемлекет әлеуметтік шы­ғыстарды бір­тіндеп ұлғайтып келеді. Қазір бюджеттің жартысынан көбі әлеуметтік сала­ғ­а жұмсалады. «Ауыл ама­на­ты», «Жер аманаты» сын­ды ауқымды жобалар тыңғы­лықты, табанды жүзеге асырылып жатыр. Сондай-ақ әлеу­меттік-экономи­калық бағытта өркенді өзгерістер кең қанат жайып келеді.

Әлбетте, Президент айтқан­дай, экономика өскен сайын әлеуметтік теңсіздік азайып, орта тап күшейе түседі. Сонда ғана еліміздің әлеуеті артады. Ол үшін кез келген істің басты өлшемі тиімділік болуға тиіс. Яғни әрбір шешім, әрбір жоба, ең алдымен, елге пайдалы болуы қажет.

Бағдарламалардың қай-қай­сы­сы болсын әлеуметтік мәсе­лелерді жаңа қаржылай көмек, қолдаулар ойлап табу емес, жап­пай кәсіпкерлікті да­мыту жолымен шешуге не­гізделген. Шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту бағы­тындағы тың бастамаларды ойдағыдай жүзеге асыра ал­сақ, азаматтарды жұ­мыс­­пен қамтамасыз етуде де, отба­сылардың әл-ауқатын арттыруда да, әлеуметтік саланы біржола дұрыс жолға қоюда да жылдам жетістіктерге қол жеткі­зе­тініміз күмән тудырмаса керек. Қандай проблеманы да саяси талаппен емес, әлеуметтік белсенді әрекетпен ғана еңсере аламыз.

Реформалар әлеуметке, қоғамға, адамға баса көңіл бөліп, елдің әрбір тұрғынына қалыпты жұмыс, пайдалы іс тауып беріп, әлеуметтік қорғауды жан-жақты қолдауды жалғастыра береді. Әділетті қоғам орнату үшін әлеуетті экономика керек. Ал ол жалқының емес, жалпының ерік-жігері, күш-қуатымен жүзеге асады.

Жолдаудағы жүрек жы­лытқан жағымды бір жаңалық келер жылдың Жұмысшы ма­мандықтар жылы деп жариялануы болды. Кезінде ерекше қастерленетін, күш-қайраты мен еңбекке епсектігіне арқа сүйейтін бейнеткеш қауымның кейінгі жылдары қадірі қашып, беделі түсіп кеткені белгілі. Енді сол барша игілікті құ­рыш қолдарымен жасап жат­қан мамандық иелеріне жан-жақты назар аударылады. Тіпті заңнамаға әлеу­меттік маңызы бар қыз­меттер деген ұғым енгізіл­мек­ші және ол мемлекеттік қыз­мет көрсету үдерісі сияқ­ты реттеліп отырмақшы. Сон­дай-ақ бірқатар мамандық иесі­нің біліктілігін арттыруға, әлеу­меттік мәртебесін көтеруге көңіл бөлінеді, әлеуметтік тұрғы­дан осал азаматтарға қол­дау көрсетіледі, тұрғындар әлеумет­тік бағдарламаларға бөлініп жат­қан қаржы туралы шынайы ақпа­раттан хабардар болып отырады.

Бір сөзбен, Мемлекет басшысы демократиялық ел би­леу­дің дәстүрлеріне жүгіне отырып, елімізде өркениет жолымен өрге бастыру үшін барша бұқара мен әрбір азаматты ортақ мақсатта, тізе қосып еңбек етуге шақыратын түрлі бастаманы уақтылы көтеріп отыр. Келешек көкжиегіміздің қандай екенін, оның қандай жолдармен жүзеге асатынын қалай пайымдайтынын ашық ортаға салып, жұртшылық көңі­ліндегі көп күлбілтелі сауал­дарға жауап берді. Еш нәр­сені жасырып қалмады, асы­рып айтпады. Ендігі міндет – Президент бас­тамаларын қолдап, межелі міндеттерді жүзеге асыруға белсене атсалысу. Азаматтық қоғамның кемелдігі де осындай сындарлы құжатты қанша­лықты ұйымшылдықпен, іскер­лікпен қоштағанымызға қарап анық­талады.