28 Қаңтар, 2015

Сұрақ көп, жауап жоқ

409 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін
Қазіргі таңда жаһандық экономикалық дағдарыстан берекесі қашып отырған АҚШ пен Еуропалық одақ елдерінің билік өкілдері өз мемлекеттеріндегі ауыртпалықтар жеңілдеп, жоқшылықтың жолы кесіле бастағанын алға тартып, әлемдік ақпарат құралдары арқылы түрлі жағымды мәлімдемелер жасауда. Олардың арасындағы кейбіреулерінің сөздеріне қарағанда, бұл елдер «қой үстінде бозторғай жұмыртқалаған заманға» бір-ақ адым ғана қалған көрінеді. Лайым, солай болсын. Бірақ әлгілердің ақпарат кеңістігін жаңғыртып тұрған, жұртшылыққа көтеріңкі көңіл-күй сыйлайтын жалынды, әсерлі сөздерінің соншалықты шындыққа жанаса қоймайтынын дәлелдейтін нақты деректер мен сүреңсіз көріністерді, жан жабырқатар жағдаяттарды қайда ысырып қоямыз? «Жауырды жаба тоқу», қалыптасып отырған қиын ахуалды жете бағаламау, бүгінгі қабылданып отырған шешімдердің ертең бұрысқа шығып қалуы мүмкін екенін ескермеу, ықтимал қауіп-қатерлерді дұрыс болжап, оған қарсы іс-әрекеттердің әлеуетін күшейтуді қаперге алмау және өміршең идеялардың өзегінде жатқан шындыққа тура қарай алмай, тайсақтау ешкімге абырой әпермесі дау тудырмас. Негізінде, осы айтылған мәселелер басқаны былай қойғанда, АҚШ пен оның серіктес елдеріне тән. Бұлай ұйғаруымызға мінәйі себептер де жоқ емес. Мәселен, 2007 жылы басталған дағдарыс АҚШ-тан бастау алып, бүкіл әлемді шарпыды. Ол әуелі банк секторы мен қор нарығын, содан кейін құрылыс, жылжымайтын мүлік және тағы да басқа салаларды тұралатып, адамзатты айран-асыр қалдырды. Қаперсіз тұрған жанның үстіне мұздай су құйып жібергендей болған бұл жағдай АҚШ билігі мен елдегі қаржы институттары өз ішкі есеп-қисаптарын жасау барысында асыра бағалауға, өзімбілермендікке салынуға, ықтимал қатерлерге көз жұма қарауға жол бергенін айғақтап берді. Сол сияқты, Еуропалық одақ мемлекеттерінде де әлгіндей кемшіліктер жоқ емес-тін (бұл кінәраттар аталған елдерде әлі де бар деп айта аламыз). Міне, осының барлығы АҚШ және еуроаймақ мемлекеттерінің осал тұсы деп тануымызға итермелейді. Қазіргі таңда қанша жерден бүркемелегенімен, бұл елдердің әлгі қате-кемшіліктері қайтадан су бетіне шығарып отыр. Қазақта кеңінен таралған «Бөрі арығын білдірмес, итке жүнін қампайтар» деген мақал бар. Осы нақыл тура соларға арналып айтылғандай. Өйткені, 2012-2014 жылдары бұл мемлекеттер тарапынан жарқын-жарқын күлкілер естіліп, жағымды мағлұматтар сүйінші сұрағандай әлемді шарлап, экономикадағы өсім, барлық сала бойынша өрлеу, алға жылжу байқалғандай болған-ды. Алайда, осынау жан тербетер жақсылықтар легі 2014 жылдың соңына таман кенеттен кілт үзілді. Себебі белгілі. Жағдай ауырлады. Қордалы мәселелер тасадан шықты. Күшпен, жалаң жарнамамен әупірімдеп жүріп сомдалған бедел төмендеді. Оны көз көріп тұр. Бірақ соған қарамастан, бұл елдердегі билік өкілдері қиындықты жеңе бастадық, әлеуетіміз артып, даңғыл жолға қайта түстік дегендей мазмұндағы ақпараттарды еркін айтуда. Мейлі, өздері білсін. Ал біз әзірге олардың сөздеріне сене алмаймыз. Себебі, сол елдердегі халықтардың таршылықтан жапа шегуі, түрлі деңгейдегі бас көтерулердің орын алып, әлеуметтік салалардағы мәселелердің қалыңдай түсуі аталған мемлекеттер тізгінін ұстаған азаматтардың сөзіне иландыра қоймайды.

АҚШ-ты алаңдатар мәселе мол

Соңғы күндері АҚШ-тың еңбек нары­ғын­дағы биржа айтарлықтай шығынға ұшы­рап, әлсірей түсті. Елдегі қор индексінің мәліметіне қарағанда, бұл сала бойынша статистикалық көрсеткіштердің барлығы нашар нәтиже көрсеткен. Нақтылай айтқанда, DowJones өңдірістік индексі – 0,61 пайызға, жоғары технологиялық NASDAQ – 1,48 пайызға, Standard & Poor’s (S&P) 0,92 пайызға төмендеген. Сондай-ақ, мемлекеттің Еңбек министрлігі жұмыссыздар қатарындағы азаматтардың саны өткен аптада 19 мыңнан 316 мыңға дейін өскені туралы мәлімет таратты. Бұл АҚШ сарапшыларының осыған дейін жасаған болжамы мүлде кереғар болып шыққанын көрсетіп берді. Өйткені, олар елдегі жұмыссыздық 291 мың адамға азая­ды деп шамалаған болатын. 26-01-15-USA-01 Жалпы, АҚШ-тың еңбек нарығындағы ахуал әзірге оңала қоймайтын тәрізді. Бұлай деуімізге мұнда өз қызметкерлерін қысқартып жатқан ірілі-ұсақты ком­па­ниялардың қатары күн санап өсіп келе жатқаны себеп болып отыр. Мәселен, алғашқы несие картасын сонау 1958 жы­лы қолданысқа енгізген, әлемдегі үздік үштіктен көрініп жүрген Amеrican Exprеss Visa (АЕV) төлем жүйесі 4 мың қызметкерін қысқартатынын жариялады. Бұл компания­да жұмыс істеп жүрген азаматтардың 6 пайызы қысқарады деген сөз. Компания өткен жылға қатысты қаржылық есебінің қорытындысы шыққаннан кейін осындай жағымсыз шешім қабылдауға мәжбүр болған көрінеді. Соңғы мәлімет бойынша, оның акциялары 2 пайызға кеміген. Алдын ала ұсынылған түсініктемелер көрсетіп отырғандай, құрылымның қаржылық құлдырауды басынан өткеруіне төлем жүйесі клиенттері шығындарының күрт өсуі мен несиелер бойынша қалдықтардың артуы тікелей әсер еткен. Тағы бір ерекше тоқтала кетер жайт, АҚШ-тың қаржы саласындағы жүйе­сіз­діктің салдары талайдың жүйкесін жүн­дей түтіп бітті. Таяуда Барак Обама әлем­нен сүйінші сұрағандай болып, доллар бағамының өсе түскенін мәлімдеді. Алайда, АҚШ ақшасының нығаюы көптеген компанияларды тығырыққа тіреуде. Әсіресе, тауар экспорттаушы құрылымдар көп зардап шегіп жатыр. Мұның барлығы ел экономикасына ғана емес, әлемдік жағдайларға да кері ықпал ететіні айтпаса да түсінікті. Бұдан бөлек, елге келетін шетелдік саяхатшылардың қатары сиреп кеткен. Бұл АҚШ бюджетіне туризм саласынан құйылатын мол қаржының ағысына бөгет болары сөзсіз. Дәлірегі, бюджеттің саяхатшылар тарапынан қалыңдап келген қалтасы жұқарады. Статистиканың соңғы дерегінше, елге қыдырып келген шетелдіктер мемлекет қазынасына 200 млрд. долларға дейін тастап кетеді екен. Енді ол едәуір азаяды. Өйткені, 2015 жылы саяхатшылар саны 3,5 пайызға кемігелі тұр. Осыған байланысты АҚШ-тың саяхат­шылар қауымдастығының өкілі Давид Хь­юзер: «Еуропа мен Африка елдерінің саяхатшылары алдын ала тапсырыс беріп қойған конақ үйлердегі бөлмелерден жаппай бас тартып жатыр. Мұндай жағдай бұрын-соңды болмаған», дейді. Енді, мемлекеттегі ірі қаржы инсти­тут­тарында орын алып жатқан кері кету­ші­ліктер жөнінде бірер сөз айта кетейік. Флорида штатында орналасқан First National Bank of Crestview банкі осы айда тақырға отырып, осының салдары­нан құрылымның басшылығы банкрот жариялады. Бұл туралы газетімізде жазылғандықтан оны қайталап жатпаймыз. Қазіргі таңда АҚШ-тағы ірі екі банктің табысы нашарлап кетті. Соның бірі – әлемдегі ең ықпалды қаржы ұйымы – Citi­group банкі. Өз тарихын 1812 жылдан бас­тайтын, әлемнің 100 елін қамтып отыр­ған банк­тің таза табысы өткен жылдың қоры­тын­дысы бойынша 1,9 есеге төмендеп, 2013 жылмен салыстырғанда 7,31 млрд.-қа қыс­қар­­ған. Ал екіншісі – Bank of Amerika (BofA). Сонау 1904 жылы құрылған, жаһан­ның 150 мем­лекетінде клиенттері бар қар­жы инс­­ти­­ту­тының таза кірісі 2013 жылға қара­­ғанда 2,7 есеге азайған. Бұл банк­тің 3,79 млрд. доллардан қағылғанын айғақ­тайды. Міне, жоғарыда айтылған деректер дағ­дарыс жағдайындағы АҚШ-та шеші­мін күткен мәселелер жетіп-артылаты­нын білдіреді. Ал бұл сан қатпарлы қиын­дық­тарды еңсеруде АҚШ билігі қандай нақты қадамдар жасайтынын алдағы уақытта көре жатармыз.

Қаржы жүйесіндегі қарбалас

Өткен жылдың қорытындысы бойынша Еуропалық одақ елдерінде жаппай дефляция белең алғаны белгілі. Ал бұл жағдай қазіргі уақытта одан сайын асқына түсіп, тіпті, бақылаудан шығып бара жатқан секілді. Егер еуроаймақ мемлекеттері қалыптасқан қиын ахуалды реттеуге шамалары жетпесе, онда олар 2009 жылы орын алған экономикалық дағдарыстың кебін киюі әбден мүмкін. 26-01-15-EURO-bank Бүгінде қаржы саласындағы қабыл­данған шешімдер, қолға алынған шаралар экономикалық ауыртпалықты жеңілдетуге ешқандай әсерін тигізер емес. Дегенмен, осы бағыттағы әрекеттер жалғасуда. Мәселен, Еуропа Орталық банкі (ЕОБ) еуроны нығайтып, оның инфляция деңгейін белгілі бір межеден асырмау үшін QE (quantitative easing-мөлшерлі жеңілдету) бағдарламасын қолға алды. Бұл бағдарлама бойынша, банк еуроаймақтағы облигацияларды ай сайын 60 млрд.-қа сатып алуды көздеуде. ЕОБ бұл бағытқа 1 трлн. еуродан астам қаржы жұмсамақ. Осы орайда банк басшысы Марио Драги: «Құнды қағаздар мемлекеттік мекемелер мен инвестициялық деңгейдегі несиелік рейтингі бар жалпы еуропалық ұйымдардан және жекеменшік сектордағы құрылымдардан сатып алынады», деді. Оның айтуынша, алдағы наурызда бастау алатын бағдарлама келер жылдың қыркүйегіне дейінгі аралықты қамтымақ. Егер осы уақыт ішінде еуроаймақтағы эко­но­микалық ахуал жақсара қоймаса, атал­ған шара одан ары жалғаса беруі мүм­кін. Осы арада айтуымыз керек, Марио Драги ұсынған аталмыш жобаға қарсы бол­ғандар да баршылық. Олардың бірқатары бағдарлама бюджетін 600 млрд. долларға дейін қысқартып, құнды қағаздарды сатып алуға ай сайын 50 млрд. шамасында қар­жы жұмсау қажеттігін алға тартып отыр. Ал америкалық миллиардер Джор­дж Сорос Давос қаласында өткен 45-ші Дүниежүзілік экономикалық форумда ЕОБ-тің бұл қаржылық саясатын қатты сынады. Ол банктің аймақ экономикасын ынталандыру бағытындағы аталған шарасы Еуропалық одақ елдері мен жекелеген адамдар арасындағы теңсіздікті одан сайын тереңдететінін айта келіп, оның әдеттегідей жылжымайтын мүлік иелерін байытатынын, ал халықтың еңбекақысын төмендететінін жеткізді. Сондай-ақ, 84 жас­тағы Д.Сорос ЕОБ-тің қазіргі қабыл­даған шешімі саяси ауыр зардаптарға апарып соқтыратынын да ескертті. Айта кетейік, соңғы деректер бойынша биржа саудасы барысында еуроның бағасы тағы да арзандады. Оның долларға шаққандағы бағасы әзірге 1 доллар 15 центті құрап тұр. Америкалық ірі коммерциялық Goldman Sachs банкінің сарапшылары жасаған болжамға қарағанда, егер әлем нарығындағы жағдай дұрысталмаса, 2017 жылдың басында еуроның құны АҚШ долларымен теңесуі ықтимал. Бұдан бөлек, мамандар 1 еуроның құны 2018 жылы, тіпті, АҚШ-тың 90 центіне пара-пар болуы мүмкін екенін айтуда.

Total компаниясы да тығырықта

Мұнай бағасының құлдырауына қатысты Total энергетикалық компаниясы (Франция) 2015 жылы өз шығындарын 3 млрд. долларға қысқартуды жоспарлап отыр. Нақтысын айтқанда, энергетика саласындағы алып құрылым мұнай нарығындағы қолайсыз жағдайларға байланысты тиімсіз кәсіпорындарын қайта құрылымдап, соның арқасында қаржы үнемдемек. Бұлардың ішінде еуропалық кәсіпорындар да бар. Аталған мәселе туралы The Financial Times басылымына берген сұхбатында компания басшысы Патрик Пуянне мәлімдеді. Дәлірегі, ол мұ­най бағасының арзандауына және өткен жылдың қараша айында ОПЕК-тің «қа­ра алтын» өндіруге қатысты квотаны қыс­қартпау туралы шешіміне орай компания жоспарының негізгі мазмұнын түсіндіріп беру барысында шығындарды 2-3 млрд.долларға (10%) азайтуды қарастырып жатқандарын ашып айтқан. Сол үшін Солтүстік теңізінің Британ бөлігіндегі, Канададағы, сондай-ақ, Африканың ба­ты­сындағы Габон, Конго республикасы сынды елдерде барлау және өндіру жұ­мыстарын қысқарту қолға алынбақ. 26-01-15-total-01 Сонымен қатар, компания осы жылы жалдамалы жұмыс күшін тоқтатуды және Еуропадағы тиімсіз кәсіпорындарды қайта құрылымдауды өз жоспарына енгізген. «Бізде көп күш жұмсауға тура келетін активтер бар», деген Пуянне олардың бірі – Ұлыбританияда, ал екеуі Францияда екенін жеткізді. «Жылына 100 млн. еуродан астам қаржы көлемінде залалға тап болатын кәсіпорындар өзін-өзі қамтамасыз ете алмайды. Осы кезде ұтымды шешім қабылдау менің басты міндетім. Өйткені, біз көп мөлшерде шығынға ұшыраудамыз», деді Патрик Пуянне. Оның ойынша, энергетикалық нарықтағы бүгінгі қолайсыз кезеңді еңсеруге өзгелерден гөрі әлемдегі ірі компаниялар қауқарлы. Компания жетек­ші­сінің осы жөніндегі түсіндірмесін The Financial Times басылымы: «Ірі құры­лымдар қомақты қаржы көздеріне ие және олардың рекордтық деңгейдегі төмен пайызбен несие беру арқылы нарық­тағы заемдық капиталдарды тартуға мүмкін­дік­тері бар», – деп жазады. Патрик Пуянне Total корпорациясының басшысы болып өткен жылдың қазанында тағайындалды. Оған дейін бұл қызметті 2014 жылдың 21 қазанына қараған түнде Мәс­кеудің Внуково-3 әуежайында болған әуе апатында көз жұмған Кристоф де Мар­жери атқарып келді. Ол Еуропадағы іскер­лік ортаның Ресеймен жақындасуын қол­дайтын негізгі адамдардың бірі болған еді. Дайындаған Жолдыбай БАЗАР,