Басылым • 26 Қыркүйек, 2024

Өнер дарынының ерекше кітабы

116 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

«Ғасырлар бойы музыкадағы драмалық жаңа идеялар мен формалардың пайда болуы туралы қызықты мәліметтер осы кітапта деп ойлаймын...». Бұл физика саласы бойынша 2004 жылғы Нобель сыйлығының лауреаты Дэвид Политцердің қазақ музыканты Рахат-Би Әбдісағиннің жақында ғана Германияның «Springer» баспасынан жарық көрген «Кванттық механикалар және Аванд-Гардтық музыка» атты су жаңа кітабының мұқабасына жазған сөзі.

Өнер дарынының ерекше кітабы

Әлем ғалымдарының оң баға­сын алып үлгер­ген атал­ған кітап туралы жақ­сы пі­кірлер көп. Со­ның бірі про­фессор Ян Стюарт­тің «Му­зыка мен фи­зика ара­сындағы терең мета­форалық байланыстарды зерттеуге ойландыратын, ынталандыратын өте ерекше зерттеу еңбегі дер едім. Оқып шығуға кеңес беремін» дегені де жай пікір емес.

Расында, қазіргі заманда физика мен музыка арасын­дағы үндестікті, өзара байланысты терең түсіндіріп бе­ре­тін еңбектер көп емес. Қа­зақ музыкантының осы сала­дағы ізденісін бүкіл әлем қуана қабылдап жатса, бұдан артық не бар! Сіздерге сүйіншілеп отыр­ған кітап Батыс әле­мін таңғалдырған ұлы музыканттар Стокгаузен мен Кейдж шығармаларындағы Гейзенбергтің белгісіздік қағидатының симфониялық жаңғырығы ма деген ұлы сұ­рақтарға ерік бересіз. Қа­лай десек те бұл кітап осы үлкен сұрақтарды қойып қана қоймайды, сонымен қа­тар қазіргі физика мен заманауи музыка арасындағы алшақ­тықты ашатын пәнаралық байланыстарды зерттей отырып, өз жауабын, нәтижесін ұсынады. Автордың бірегей әдістемесі математика мен физика тілін музыкалық танымда түсіндірумен байланыстыра отырып, тың көзқарасын білдіреді.

Тіпті бұл кітап физика мен музыканың шекарасынан аттап, ХХ ғасырдағы заманауи физика мен авангардтық музыканың тығыз байланы­сына үңіледі. Автор сан жыл­­дық зерттеулер арқы­лы квант­тық физика және са­лыс­тырмалылық сияқты ре­­во­люциялық идея­лар­­дың өмірдің бар­лық ас­пек­тілерінде қалып­тас­қанын, тіпті тереңдей түссек, қазіргі физика мен заманауи музы­каның қарым-қатынасы тек кездейсоқтық емес, олардың пайда болуы мен дамуын да үндестіретін бай­ланыс бол­ғанын көр­сетеді.

Әр мемлекеттегі әртүрлі оқырмандар мен тәжірибелі сарапшыларға арналған бұл кітап анықтық пен стильді сақтауға талпыныс жасағанын аңғарамыз. Жаңашыл зерттеу жұмысын заманауи физика мен музыка арасындағы байланыстарды зерттеумен ғана шектелмей, сонымен қатар ғалымдар, музыканттар және осы салаға қызығушылық танытатын аудиторияға бірегей көпір қызметін атқарады.

Рахат-Би Әбдісағин – үш опера және 150-ден астам музыкалық шығарманы өмірге әкелген жаңаша стил­дегі музыкант. Оның сим­фониялық шығармалары Берлин филармониясы, Кар­неги Холл және Wiener Kon­zerthaus сияқты әйгілі халықаралық орындарда қойылған. Ол алғашқы білімін еліміздің оқу сахналарында бас­тап, одан ары итальяндық танымал музыкалық оқу орындарында магистрлік қор­ғап, композицияның озық әдістерін меңгерген. Әлемге танымал композитор Тристан Мурайл оның кітабын оқыған соң «Бұл – таңғажайып кітап» деген ізгі тілегін білдіріпті. Әлемді мойындатсам деген арманы бар қазақ баласының бұл еңбегін біз де таңғажайып көңіл күйде қабылдадық.