Әскер • 26 Қыркүйек, 2024

Шекара шебіне аттанды

69 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Әскерге барып, Отан алдындағы азаматтық борышын өтеу – әр аза­мат­­тың өміріндегі маңызды кезеңнің бірі. Темірдей тәртіпке бағынып, жауынгерлік міндеттерді орындауға арналатын бір жылдық мерзім оның әскери дағдыларын дамытып қана қоймай, мінез-құлқы мен өмірлік көзқарасына да едәуір ықпал етеді.

Шекара шебіне аттанды

Елордамыздағы Жастар сарайында мерзімді әскери қызметке алынған жас­тарды салтанатты жағдайда шығарып салу рәсімі өтті. «Күз-2024» науқаны аясында ұйымдастырылған іс-шараға Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі әскери бөлімдеріне аттанатын жас өрендер қатысты. Оны өткізуге Шекара қызметімен қатар, Астана қаласы Қорғаныс істері департаменті, қалалық Білім басқармасы атсалысты.

Бұл іс-шараның ерекшелігі – оған елордамыздың 800-дей мектеп оқушысы шақырылып, оларға арнайы қару-жарақ, байланыс құрал­дары, шекара бақылау қызметінде қолданылатын техника, қызметтік иттер көрсетіліп, толық ақпарат берілді. Мақсат – жас жеткіншектерге әскери өмірдің қыр-сырын таныстыру, имиджін арттыру, сондай-ақ болашақ Отан қорғаушылардың мерзімді әскери қызметке деген қызығушылығын ояту.

Оқушылармен кездесуде Астана қаласы әкімінің орынбасары Ерік Мейірханов, Ұлттық қауіпсіздік коми­тетіне қарасты құрылымдардың лауа­зымды тұлғалары, сондай-ақ әскерге шақырылған жастардың ата-аналары сөз сөйлеп, ойымен бөлісті. Іс-шара аясында концерттік бағдарлама ұйымдастырылды.

Кездесу соңында әскерге шақы­рылған 24 жас ҰҚК Шекара қыз­меті Шығыс Қазақстан облыстық департаментіне жіберілді. Сол жақтан алдағы бір жылдық Отан алдындағы борышын өтейтін әскери бөлімдерге аттанбақ.

Іс-шара барысында әскерге алынған жастар мен оқушыларға Қорғаныс министрлігі тарапынан қолға алынған «Срочник 2.0» бағдарламасы таныстырылды. Бұл – әскери қызметтің имиджі мен тартымдылығын арттыруға ба­ғыт­талған арнайы жоба. Оның аясында мерзімді қызмет барысында ерекшеленген әскери қызметшілер еліміздің әскери және азаматтық жоғары оқу орындарына ҰБТ нәтижелерінсіз оқуға түсе алады. Мұнда әскери бөлімдер­дің командирлері сарбаздардың жетістіктерін «Срочник 2.0» онлайн-платформасында тіркеп отырады. Сол арқылы олардың үздіктері анықталып, жауынгерлік дайындықта жақсы нәтиже көрсеткен азаматтарға жоғары оқу орны есебінен тегін жоғары білім алу мүмкіндігі берілмек.

Сонымен қатар іс-шара барысында мерзімді әскери қызметтегі жастарға «несиелік демалыс» берілетіні туралы да айтылды. Қазір басында несиесі жоқ адамды табу қиын. Тіпті мектепті енді бітірген жастардың да банкке берешегі болуы ғажап емес. Сондай жағдайда оның несиені өтеу мерзімі әскерден қайтып келгенше шегеріледі.