Білім • 26 Қыркүйек, 2024

Малайзияда оқу мүмкіндігі

151 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Астанада Қазақстан мен Малайзияның білім сала­сын­дағы ынтымақтастығы талқыланып, жетекші уни­вер­си­тет­тер­дің қатысуымен арнайы көрме ұйымдастырылды. Жиын қонақ­­­тары оқуға түсу үдерісі, шәкіртақы мен грант алу мүм­кін­діктері туралы сұрастырып, оқу бағдарламаларымен таныс­ты. Бұдан бөлек, екі ел арасындағы визалық рәсімдер, өмір сүру шығын­дары, мансаптық мүмкіндіктер жайында ауқымды семинар өтті.

Малайзияда оқу мүмкіндігі

Ел егемендігін алғашқы­лар­дың қатарында мойындап, өзара ынтымақтастық орнатуға ниет танытқан мемлекеттің бірі – Малайзия. Екі ел арасындағы дипло­матиялық қарым-қаты­нас­тың негізі 1992 жыл­­дың 16 наурызында қаланған. Сол себепті де, Батыс пен Шығыста саяси-экономикалық және әлеуметтік-мәдени қарым-қатынасты тең ұстап келе жатқан еліміз үшін Малайзия Шығыс Азиядағы сенімді серіктестердің бірі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Қазақ­­стан мен Малайзия арасында ежел­ден келе жатқан достық бай­ланыс бар. Біз көптеген маңызды салалардағы өзара іс-қимылымыз бен ынты­мақ­­тастығымызды ілгерілету үшін қосымша күш салуға дайынбыз», деген еді. «Education Malaysia Global Services» (EMGS) ком­паниясының соңғы статистикасына сүйенсек, биыл Малай­зияға оқуға түскен студенттер саны бойынша елі­міз алғашқы 10 мемлекеттің қатарына енген.

– Қазақстанда малайзиялық капиталдың қатысуымен 48 ком­пания жұмыс істейді. Жалпы сомасы 410 миллион дол­лар­дан асатын 17 бірлескен инвес­ти­циялық жоба жүзеге асып жатыр. Малайзия жо­ғары сапалы білімімен, көп­­мәдениетті ортасымен, қол­жетімді оқу және өмір сүру шы­ғындарының арзандығымен халықаралық студенттер үшін тиімді мемлекет ретінде танымал. Биыл біздің жоғары оқу орындарымызға Астана, Алматы, Шымкент, Қарағанды, Атырау, Петропавл, Тараз, Ақтөбе қалаларынан мыңдаған студент түсті. Олар бизнес және әкімшілік, өнер, инженерия, педагогика, журналис­тика сынды мамандықтарды таңдаған. Бұған дейін екі мыңға жуық Қазақстан студенті Малай­зияда жоғары білім алды, – деді Малайзияның Қазақ­­стандағы елшісі Мохда Адли Бин Абдулла.

Білім көрмесінде Малай­зияның алты жетекші универ­си­теті таныстырылды. Атап айт­сақ, «Malaya» университеті (UM) – «QS World University Rankings» рейтингінде 60-орында тұр. Бұл оқу ордасы жоғары білікті оқытушыларымен және ғылыми зерттеулер саласындағы жетістіктерімен танымал. Ал «Universiti Putra Malaysia» (UPM) – «QS World University Rankings» рейтингінде 148-орында, сондай-ақ «5-Star Plus» мәртебесіне ие. Аталған жоғары оқу орны ауыл шаруашылығы, инженерия және менеджмент саласындағы бағдарламаларымен, сонымен қатар ғылыми белсенділігі һәм халықаралық серіктестіктерімен ерекшеленеді. Сол секілді «Asia Pacific University» – IT және мультимедиа саласына бағытталған танымал білім ордасы. Одан бөлек, «SEGi University» бизнес, цифрлық білім, өнер секілді көпсалалы бағдарламаларды ұсынса, «INTEC Education College» шетелдік уни­вер­­ситеттерге дайындық бағ­дар­­ламаларын таныстырды. Ал «QS World University Rankings» рей­тингінде 265-орында тұрған «UCSI University» бизнес, медицина және инженерия саласына маманданған оқу ордасы.

– Білім саласындағы екі­жақты ынтымақтастықты дамыту үшін Малайзияның Жоғары білім министрлігі қос дип­лом бағдар­ламасын ұсынады. Яғни студенттер біздің университеттерде оқып жүріп-ақ Ұлыбритания, Аустралия немесе АҚШ-тың оқу ордаларында да білімдерін шыңдайды. Бұл білім алушыларға халық­аралық деңгейдегі диплом алуға және олардың мансаптық мүмкіндігін кеңейтуге үлкен мүмкіндік береді, – дейді «EMGS» компаниясының маркетинг жөнін­­дегі директоры Льюис Танг.

– Малайзия шет мемлекеттен келген студенттерге жоғары сапалы білім беріп, барынша қолайлы жағдай жасап отыр. Біз бұл бағыттағы жұмыстарды жалғастырып, екі ел арасындағы ынтымақтастықты нығайтамыз деген сенімдеміз. Жастардың бұл елді таңдауына негізінен өмір сүру сапасы әсер етеді. Нақтырақ айтсақ, жатын орын, азық-түлік, көлік байланысы студенттер үшін қаржылай тиімді, оқу ақысы да қымбат емес. Бас шаһарымыз Куала-Лумпурдан Алматыға тікелей рейстер «AirAsia» арқылы аптасына төрт рет орындалады, бұл білім алушылардың отбасымен байланыста болуына өте ыңғайлы. Сондай-ақ Куала-Лумпур қаласы «QS Best Student» нұсқасы бойынша Оңтүстік-Шығыс Азиядағы ең қолжетімді шаһар деп танылды. 2023 жылғы жаһан­дық бейбітшілік индексіне сәй­кес, Малайзия әлемдегі қауіпсіз мемлекеттердің арасында ­19-шы орында тұр. Яғни ата-аналардың алаңдауына еш себеп жоқ. Одан бөлек, Малайзия өзінің қонақжай және алуан түрлі қауымдастығымен танымал, – деді Мохда Адли бин Абдулла.

Білім көрмесін ұйымдас­ты­ру­шылар – «Education Malaysia Global Services» (EMGS) және «Malaysia International Education Centre» (MIEC) компаниялары. «EMGS» Ма­лай­зияның Жоғары білім министрлігінің басқаруымен құрылған ұйым. Аталған компания елді халықаралық білім беру орталығы ретінде дамытумен айналысады және шетелдік студенттердің виза алу үдерісін жүзеге асырады. Ал «MIEC» ком­па­ниясы жетекші университет­тер­ге студенттерді тартып, ақпа­рат­­тық қолдау көрсетуге маман­дан­ған.

– Малайзиядағы жоғары оқу орындарына бір ай бұрын қызы­ғып, зерттей бас­тадым. Оған дейін Еуропа мемлекеттеріндегі уни­вер­ситеттерді қарастырғам. Бірақ салыстыра келе, «Universiti Putra Malaysia» атты оқу ордасына тоқталдым. Өйткені бұл білім ошағы халықаралық бизнес саласына маманданған. Менің де іздегенім сол еді. Бұдан бөлек, ол жақтың өмір салты қолайлы. Мұсылман халқы болғандықтан бәрібір бізге жақын. Оқу бағасы да салыс­тырмалы түрде өте арзан. Ең бастысы, Малайзияда оқитын студенттер сол елдің дипломымен қоса Ұлыбритания немесе Аустралия, Жаңа Зеландия, Франция, Швейцарияның дипломын да алып шығады. Осылайша, қос диплом жүйесі арқылы бір оқпен екі қоян атуға болады, – дейді Иманжүсіп Құтпанұлы атындағы орта мектептің биылғы түлегі Оңдасын Нұрислам.