Суреттерді түсірген – Валерий Бугаев
Балаларға арналған заманауи орталық бұрын-соңды қосымша білім беру нысандары болмаған Екінші Павлодар шағын ауданында ашылды.
Өңір басшысы Асайын Байханов шағын ауданның жас тұрғындарын көптен күткен қуанышпен құттықтады.
– Екінші Павлодар тұрғындарымен кездесулердің бірінде біз осы шағын ауданда балаларға арналған заманауи мекеме ашуға уәде берген едік. Бүгін өз уәдемізді орындап, «Алтын сақа» атты жаңа инновациялық-шығармашылық орталықты ашып жатқанымызға қуаныштымын. Бұл жаңа достар табуға, білім алуға және бос уақыттарыңызды тиімді өткізуге болатын екінші үйлеріңіз болсын, – деді аймақ басшысы.
«Алтын сақа» инновациялық орталығы аталған аумақта тұратын 18 мың балаға арналған қосымша білім берудің заманауи форматы ретінде оқушылардың қызығушылықтары мен таланттарын ашуға үлкен мүмкіндіктер береді. Мұнда IT-студия, роботтехника үйірмелері, шығармашылық, спорттық және музыкалық бағыттағы секциялар жұмыс істейтін болады. Балалар тамақ ішетін буфет қарастырылған. Қолөнер шеберханаларында ұсталық өнерге және тігін тігуге үйретеді.
Осылайша, Кереку өңірінде Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша ұрпақтың үйлесімді дамуы үшін барлық жағдай жасалып отыр. Бұған дейін 800 балаға арналған шығармашылық орталығын ашу үшін Ертіс ауданындағы қараусыз қалған әкімшілік ғимарат қайта жаңартылған болатын. Қазан айында Екібастұз қаласында «Самғау» балалар шығармашылығының жаңа орталығын ашу жоспарланып отыр. Сонымен қатар алдағы үш жылда Успен, Шарбақты және Павлодар аудандарында да өнер мектептерін салу жоспарға енген.
ПАВЛОДАР