Өндіріс • 26 Қыркүйек, 2024

Заман сұранысына бейімделген кәсіпорын

95 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Петропавл қаласында КСРО Әскери-өнеркәсіп кешенінің бес бірдей ірі зауыты болғанын бұрын да жазған едік. Бәрі де Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында Ресей қалаларынан көшіріліп әкелінген. Соғыс аяқталған соң оларды қайта бұзып, көшіріп әкету одақтың сая­си бағытына да, экономикалық мүддесіне де кереғар болып, елімізде қалдырды. Зауыттар теріскейді басқа халықтармен толтыруға қызмет еткенімен, облыстың экономикасын өрістетуге жол ашты.

Заман сұранысына бейімделген кәсіпорын

Осы бес зауыттың ішінде өнімдерін халық күнбе-күн көрген жалғыз өндіріс орны – С.Киров атындағы машина жасау зауыты. Өйткені кәсіпорын әскери өнімдер­мен қатар жастар ұстауға лайықты магнитофондар да шығаратын.

1941 жылғы қарашада Ресей­дің Иванов облысын­дағы Александров қаласынан осы зауыт мамандарымен және жаб­дықтарымен бірге Пет­ро­­павлға көшірілген. Бұ­рын да бі­рнеше зауытты адам­дарымен бірге қабыл­дап, мұрнынан шаншылып жүр­ген қала бас­шылары жер­гілік­­ті тұрғындарды тағы да қоныс­тарынан қыса түсіп, зауыттың мыңға жуық жұмыс­шыс­ы мен маманына әрең орын тауып береді. 

Қырық екінің сақылдаған сары аязында, күніне 16-18 сағат жұмыс істеген зауыт жұмысшылары ақ­пан айында ашық аспан астында ал­ғашқы өнімдерін бере бас­тайды. Бұлар армияға аса қажетті радио­қабылдағыштар мен радиопеленгаторлар еді. Әсіресе радиопеленгаторлар радиотолқындардың (RDF) шығып жатқан көзін анықтауға өте пайдалы. Антеннасы сорайған радиопеленгатор арқылы жаудың тұрағы ғана емес, сөздері де анықталатын. Кейін олар құтқару-іздеу операция­ларында, радиобарлауда тұрақты қолданыла бастады.

пр

Соғыстан кейінгі жаймашуақ жыл­­дар­­да жастар оның «Романтик» магни­тофонымен жаппай «дос» болды. Ауыл клубтарында, даладағы қостарда, та­би­ғат аясындағы демалыстарда ән тың­­дау, би билеу осы магнитофон көме­гі­­­мен атқарылатын. Сол жылдарда қо­лына «Романтик» ұстап жүретін жігіт­тер серілердің серісіндей көрініп, бойжет­кендер ондайларға көңіл аудармай қалмайтын.

Ал сол магнитофондар бүкіл одақ бойынша тек екі қаланың зауытында шығарылды. Бірі Горький (қазіргі Нижний Новгород) болса, екіншісі Петропавлдың С.Киров атындағы зауыты еді. Осының өзі Қазақстан зауытының даңқын аспанға шығарды. «Романтик» алу үшін Петропавлдың радио-техникалық дүкендеріне одақ­тың түкпір-түкпірінен жастар ағылып жатушы еді.

Қазір зауыт «С.Киров атындағы зауыт» АҚ деп аталып, «Қазақстан инжинирингтің» бір филиалы ретінде жұмыс істеп жатыр. Өнімдерінің спектрі әртүрлі. КЛУБ және РВС радиостанциясынан бастап БУШК-2М штангалық мұнай айдауды басқару блогіне дейін шығарады. Қазір мұнда заманауи технологияның құлағында ойнайтын білікті мамандар жұмыс істейді. Қызметкер саны мыңға жуықтайды. Өнімдерге сырттың қызығушылығы да орасан. Мәселен, ZIK деп аталатын компьютердің қуаты мен сапасы әлемдік брендтерден бір мысқал кем емес. 2016 жылдан бері заманауи басу платын да шығаруға кірісті. Қазір зауыт – 4-ші және 5-ші дәлдіктегі басу платын игерген елдегі жалғыз кәсіпорын.

Сонымен қатар, зауыт стационарлық және жылжитын нысандардың «Кон­вой-П» атты күзет жүйесінің дабылын өз күштерімен ойлап шығарған. Егер күзетілетін нысанға сырттан қол сұғылса автоматты кешен жұмысқа кіріседі. Оны теміржолдың жылжымалы құрамдарына да қоюға болады.

Мұнай-газ секторының жұмысына арналған УЗД-7НК бағдарламалық-аппараттық кешені атты өнім мұнай кен орындарында тербелетін станоктарды электр тоғының қатты қысымдарын бақылау арқылы қорғауға арналған. Ол БУШК-2 басқару блогі базасында жақсы жұмыс істеп, тұтынушылар көңілінен шықты.

Бұлардан бөлек, резино-техникалық өнімдер, жеңіл металл конструкциялық бұйымдар, өндірістік мақсаттағы теле-радио аппаратуралар, электрондық приборларды нарыққа ұсынып отыр. Жыл сайын мемлекет бюджетіне 1 млрд теңгеге жуық салықтық түсім түсіреді.

 

Солтүстік Қазақстан облысы