28 Қаңтар, 2015

«Шоқан жолының» мұраты

485 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін
IMG_9675Үш жүз жыл тарихы бар Омбы қаласы – Батыс Сібір аймағының іргелі экономикалық және мәдени орталығы, сонымен бірге  Ресей Федерациясының саяси-әлеуметтік өмірінде ерекше орын алатын өңір.  Тәуелсіз Қазақстанмен көршілес қоныс тепкен Омбы облысының Қазақ елінің тарихында алатын орны да ерекше. Кезінде бүкіл Батыс Сібір мен ұлан-ғайыр қазақ даласының  орталығы болған Омбы қаласы талай қазақ зиялыларының білім алған, азамат болып қалыптасқан ортасы. Бүгінде Омбы облысының аумағы 140 мың шаршы шақырымға созылып жатыр. Мұнда 6 қала, 25 қала типтес кент, отызға тарта ауылшаруашылық ауданы бар. Омбы шаһарында 1 миллион 200 мыңнан астам адам тұрса, облыс көлемінде 1 миллионнан астам халық тұрады. Ежелден бері бұл өңір қазақтар үшін құтты қоныс болып келеді. Қазір Омбы облысын 80 мыңға жуық жергілікті қазақтар мекен етеді. Омбы қаласында кезінде халқымыздың ұлы ойшылы Шоқан Уәлиханов оқыған кадет корпусы бар. Жүздеген жылдарға созылған тарихы бар бұл оқу орны қазір де толыққанды жұмыс істеп тұр. Тарихи білім ошағы өзінің атақты түлегі Шоқан есімін ерекше құрмет тұтады. Кадет корпусының қабырғасына ескерткіш тақта ілінген, Шоқан мұражайы ашылған. Біз, осындағы жергілікті қазақтар Шоқанды қанаттандырып, Сегіз серінің самғау тұғыры болған, Мағжан Жұмабаев  пен Сәкен Сейфуллинге, Смағұл Сәдуақасов пен Қошке Кемеңгерұлына білім берген Омбы қаласын, туған өлкемізді   барынша қадір тұтамыз. Жоғарыда айтып өткеніміздей, халқымыздың біртуар перзенті Шоқан Уәлихановтың  өмірі  Омбы өңірінің шежіресімен өте сабақтаса өрілген. Ол осы қаладағы кадет корпусында білім алды, осында өзінің алғашқы ғылыми еңбектерін жазды, осында алғашқы махаббатын тапты. Сондықтан Шоқан есімі біздерге, Омбы қазақтарына өзгелерден гөрі етене жақын. Бұл өңірдегі Шоқан қалдырған із  білімге деген құштарлық, туған халқының тарихы мен ұлттық құндылықтарына деген сүйіспеншілік, ғылыми-ағартушылық ізденіс жолдары болғаны белгілі. Омбы өңіріндегі қазақтардың ұлттық салт-дәстүрлерін жаңғырту мақсатында құрылған қоғамдық ұйымның атын «Шоқан жолы» деп атауымыз да осындай игі ниеттен туындаған еді. DSC_4543«Қазақ салт-дәстүрлерін дамытудағы «Шоқан жолы» Омбы аймақтық қоғамдық ұйымын құрудағы біздің мақсатымыз, қазақ тілін дамыту, ұлттық салт-дәстүрлерімізді жас ұрпақ бойына дарыту, ұлттық  сананы оятып,өңірдегі қазақ қауымдастығын топтастыру болатын. Әрине, бұл игі мақсаттарды іс жүзіне асыру барысында біз белгілеген межелерді алдық деуге әлі ертерек. Алайда қол жеткізген жетістіктеріміз де жоқ емес. Мәселен, «Шоқан жолы» қоғамдық ұйымы жұмыс істей бастаған уақыттың ішінде, қазақ және орыс тілдерінде басылатын газет шығаруды, талантты қазақ жастарын қолдау шараларын ұйымдастыруды, атақты батырларымыздың есімдерін есте қалдыру мақсатында ескерткіштерін орнатуды және басқа игі шараларды қолға алдық. Жақында біздің қоғамымыздың белсенді мүшесі, Ресей Федерациясына еңбегі  сіңген сәулетші Сәкен Хұсайыновтың жетекшілігімен Байдалы ауылында  Байболат батырға арналған мемориалдық кешен орнатылды. Бұл біздің қоғамдық ұйымның ұлттық рухты көтеру, өңіріміздегі қазақ жастарының төл тарихына деген сүйіспеншілігін қалыптастыру  деген ұмтылысқа қосқан өзіндік үлесі екендігі даусыз. Өңірдегі қазақ қауымдастығының туған тілі мен ұлттық құндылықтарын жандандыру мақсатында құрылған қоғамдық ұйымдар қатарында біз жалғыз емес екенімізді де жақсы сезінеміз. Олардың ішінде көп жылдардан бері осы өңірде қазақ тілі мен мәдениетін жандандыруда үлкен жұмыстар атқарып келе жатқан «Мөлдір» атты Сібірдегі қазақ мәдени орталығының игі бастамаларын ерекше атап өткен орынды.  Бұл орталық Ресей Федерациясындағы қазақтардың ана тілі мен ұлттық дәстүрлерін жаңғырту,  мәдени байланыс­тарды кеңейту арқылы халықтар арасындағы достықты нығайту мақсатындағы ауқымды істерді атқаруда ұйытқы бола білді.Сонымен бірге Омбы қаласында бүгінде қазақ тілі мен мәдениетін дамыту мақсатында құрылған Қазақ ұлттық мәдени автономиясы, Омбы қазақтарының «Единство» атты қоғамдық ұйымы, Қазақ ұлттық мәдени орталығы және  «Омбы қазақтары» қоғамдық ұйымы жұмыс істейді. Омбы қаласында тіркелген бұл қоғамдық ұйымдардың барлығының да алға қойған мақсаты біреу, ол  Ресейде тұратын қазақ қауымдастығының туған тілі, ұлттық мәдениеті мен дәстүрлерін дамыту болып табылады. Бүгінгі таңда Ресей Федерациясындағы қазақтар өзінің туған тілі мен ұлттық салт-дәстүрлерінен алшақтай бастады. Бұл жәйттің Омбы қазақтарына да тікелей қатысы бар. Көптеген жерлестеріміз туған тілі мен ұлттық дәстүрлерінен мүлде қол үзіп барады. Тіпті, жас буын өкілдері өздерінің ұлттық болмысынан айырыла бастағаны да жасырын емес. Омбы өңірінің қазақтары үшін бүгінде этно-мәдени қауіп төніп тұр. Жерлестеріміз ана тілінде сөйлемейді, өздерінің ұлттық салт-дәстүрлерін білмейді. Міне, сондықтан Омбы өңірінде құрылып, жұмыс істей бастаған ұлттық мәдени қоғамдық ұйымдар осы бір қауіптің алдын алу мақсатында күш біріктіре жұмыс істеуі қажет. Өкінішке қарай, Омбыда жұмыс істейтін қазақ ұлттық мәдени қоғам­дарының бірде-біреуі өңірдегі бүкіл қазақ қауымдастығының басын біріктіріп, ауқымды да жүйелі бағдарлама жүргізіп отырған жоқ. Олардың барлығы дерлік өз бетінше жұмыс жасап, жеке-жеке іс тындырғандарын көңілдеріне медет тұтады. Біздің басты проблемамыз барлық Омбы қазақтарының басын қосып, ұлттық мүддемізді жаңғыртуда бір орталықтан басқарылатын қоғамдық ұйымның болмай отырғандығы. Жұмыс істеп тұрған қоғамдардың барлығы өз мүшелерінің, қалалық әкімшілік пен үкіметтің қолдауына сүйеніп, жеке-жеке жұмыс жүргізуге тырысады. Қоғамдық күшті жұмылдырып, «Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығару» қажеттігі барлық мінберлерден айтылады. Бірақ іс жүзінде әрбір қоғам басшысы өзінің дербестігінен айырылғысы келмейді.  Бұл мәселеде біз ортақ бір мәмілеге келуіміз керек деп ойлаймыз. Қазір соған қажет мүмкіндіктер жолын қарастырудамыз. Қазақ халқының ұлттық дәстүрлерін жаңғырту мақсатында «Шоқан жолы» қоғамдық ұйымы бірқатар жүйелі іс тындырды. Біздің ұйым мүшелерінің қатарында еңбегімен елге танылған ғалымдар, мұғалімдер, дәрігерлер, шығармашылық кәсіп иелері, ауыл шаруашылық мамандары көптеп саналады. Сонымен бірге, орта және шағын бизнес өкілдері мен студент жастар да біздің қоғамның ұйытқысы болып табылады. Біз халқымыздың ұлттық құндылықтарын қалпына келтіріп, туған тілімізді, салт-дәстүрлерімізді жаңғырту мақсатындағы игі жұмыстарымызды қандай орталық немесе қоғаммен болса да бірге атқаруға ниеттіміз. Бұл орайда Қазақстандағы мәдени-қоғамдық орталықтармен тығыз жұмыс жүргізетіндігімізді атап көрсеткім келеді. Мәселен, Қазақстандағы философия ғылымдарының докторы, профессор Раушан Көшенова басқаратын «Шоқан жолдары» қоғамдық бірлестігімен, сондай-ақ, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің жанындағы «Шоқан» магистранттар клубымен жан-жақты шығармашылық байланыс орнатып, жұмыс істеп келеміз. Бұл шығармашылық байланыстар біздің жұмысымыздың нәтижелі де жемісті болуы үшін елеулі ықпал етуде. Халқымыздың ұлттық дәстүрлерін жаңғыртып, туған тіліміздің мерейін өсіру Омбы өңірінде жұмыс істейтін барлық мәдени-қоғамдық ұйымдардың көкейкесті мақсаты. Осы биік мұратқа жету жолында бірлігімізді нығайтып, бірге жұмыс атқару негізгі міндет. Алдағы уақытта осы межеден көрінуге сеніміміз зор. Ермак ЖҰМАБАЕВ, Ресей Федерациясындағы «Қазақ салт-дәстүрлерін жаңғыртудағы «Шоқан жолы» Омбы аймақтық қоғамдық ұйымының төрағасы. Ресей Федерациясы, Омбы қаласы. Суреттерде: * Омбыдағы Ш.Уәлиханов атындағы көше; tОсы көшедегі Шоқан ескерткіші.