Суреттерді түсірген – автор
Сәті түскен сапар
Түпкі мақсат Қанасты қызықтап қайту ғана емес, Қытайдың Алтай аймағындағы туризмнің дамуын, сол барыстағы жұмыстарының әдіс-тәсілдерін көргіміз келген. Катонқарағай өңірімен ұқсас болғандықтан, үйренерлік үлгі, үрдістерін елдегі туризмде түрен салып жүрген азаматтарға айта келсек деп те ойлағанбыз. Арғы беттегі Алтайдың инфрақұрылымы дамып кетті дегені болмаса, табиғаты Катонқарағай, Марқакөл аудандарымен ұқсас деп еститінбіз. Соны сан рет естігенше, бір көріп қайтуға ниет қылғалы қашан?
Қайсыбір күні Зайсан ауданының әкімі Аэлита Ахметсәлімқызымен емен-жарқын әңгімелесіп отырып, аты аңыз Қанас көлін көріп қайтса шіркін деп, арманымызды тұспалдағанбыз. Арада көп уақыт өтпей, әкім ханым Зайсан ауданының округ әкімдерінен құралған делегацияның жолға шығатынын жеткізді. Белгіленген уақытта салып-ұрып шекараға жетіп бардық. Көп бөгелген жоқпыз. Маңдай тұстан қызыл ту желбіреп, етегі қайқы шатырлы үйлер көрінді. Бекеттің босағасынан аттағанымыз сол, алдымыздан «юань айырбастаймыз» деп, өзіміздің ақ жаулықты аналарымыз шықты. Мұнда бір теңгеміз қытайдың валютасына шаққанда – 67 юань. Содан соң Алтай аймағына қарасты Жеменей ауданының басшылары қуана қарсы алып, қонақжайлылық танытты.
Үрімжідегі үш күн
Делегацияның негізгі құрамы араға үш күн салып келетін болған соң, Жеменейде көп аялдаған жоқпыз. Үрімжіні неге көріп қайтпасқа деп, қайта атқа қондық. Жеменей мен Үрімжінің арасы – 700 шақырым. Жолай біздің жақтағыдай шұрқыраған ауылдар көп кездеспейді. Кейбір тұстары құлан жортқан шөл дала, құмды белдер. Енді бір белестен ассақ, жалаң жота. Бітіскен орманды тау жоқ.
Үрімжіге түнделетіп жеттік. Сағат тілі біздің жақтан үш сағатқа алда. Сағаты ғана емес, жалпы мемлекеттің дамуы да көш ілгері. Манчужурлар әулеті билеген Цин империясынан кейін, 1949 жылы Қытай Халық Республикасы болып жарияланған. Биыл 30 қыркүйекте уық тіктегендеріне тура 75 жыл.
Жеті қараңғы түн. Үрімжінің көк тіреген көпқабатты үйлерінде жарқырап тұрған шам жоқ. Қала сұп-сұр секілді. Халық саны 2 миллионнан астам болса да, көлденең жүрген көлік те, сабылып жүрген адам да байқалмады.
Ертесінде тамыр-таныстар арқылы қаланы аралауға жолбасшы тауып алдық. Орта бойлы, тарамыстау қазақ жігіті екен. Есендескен соң елін сұрадық. Елін білген соң есімін сұрадық. Сәл әңгімеден кейін аға-бауырдай шүйіркелесіп кеттік. Үрімжіде туып-өскендіктен, қаланың әр пұшпағын бес саусағындай біліп тұр.
– Қытайша оқыдық. Бірақ ата-анамыз үйде қазақша ғана сөйлеткен. Әйтпесе, шүлдірлеп кетер едік. Біздің балалар ғой, өз тілдерін ұмытты, – дейді жолбасшымыз (әңгіме арасында есімін жазбауды өтінген).
Көшелерінде көлік кептелістері көп емес. Айқыш-ұйқыш жерүсті жолдарын салып тастаған. Жолбасшы жігіт Үрімжіге келген қонақ ең бірінші ұйғыр базарын көреді деп, сонда алып барды. Маңайы құжынаған адам. Базардың кіреберісінде әкімдікке кіргендей тексерді. Қол сөмкені сканерден өткізіп, өзімізді арнайы таяқшамен тінтті. Қалтарыстардағы әскери көліктерде қарулы жасақтар қаққан қазықтай кірпік қақпай, маңайды күзетіп тұр. Базардың ішінде құстың сүтінен басқаның бәрі бардай көрінді. Катонқарағай, Марқакөл өңіріндегі шұғынық гүлінің тамырынан шығатын құрттың кептірілгені қап-қабымен сөрелерде тұр. Бағасы да баршылық. Алтайдың байлығын іздесек, осы жерден тапқандаймыз. Бұғының мүйізінен бастап, дәрілік шөптің түр-түрі тізілген. Базар емес, бейне бір музей аралап жүргендейміз. Жолбасшы жігіт базардан соң бізді қазақтың дәмханасына алып келді. Кешелі бері ащы тамақ пен көк шай батпаған соң, өзіміздің қою күрең шайды іздегеніміз рас еді. Қазақы асхана, қазақы дәм. Күмбірлеп күй ойнап тұр.
Ертесі қаланың көрікті жерлерін араладық. Алдымен кеше көзіміз түскен Қызыл тауға шығайық деп шешкенбіз. Тау болғанда, қаланың қақ ортасында шошайып тұрған шоқы. Биіктігі теңіз деңгейінен мың-ақ метр. Цин империясының тұсында сол шоқының басында шіркеу болған деседі. Кейін соғыс жылдары оны бұзып, орнына кірпіштен мұнара өріп тұрғызыпты. Бүкіл Үрімжі халқы осы таудың басында жүргендей көрінді. Таудың айналасы құлпырған саябақ. Жасанды көлінде шоршыған балық. Ұшар басынан Үрімжі алақандағыдай көрінді. Ашық күндері асқарын мәңгі қар басқан Тянь-Шань тауы мұнартады деседі. Бұл биікті неге Қызыл тау атап кеткен десек, бедері қызғылт.
Ендігі бағыт – орталық алаң. Қаланың қай жағынан кіріп, қай жағынан шығып жүргенімізді бағдарлау мүмкін емес. Аспанмен астасқан ғимараттар, айқыш-ұйқыш жолдар. Мекемелердің маңдайшаларындағы жыбырлаған иероглифтерді өздері танып үлгермей жатқанда, біз қайдан оқимыз? Айналсоқтап жүріп, өңір билігі шоғырланған ғимараттың қарама-қарсы жағына келіп тоқтадық. Күзеті мығым көрінеді. Ғимарат алдындағы атшаптырым алаңның төрінде ту тігілген. Бергі басында қарапайым композициялық ескерткіш тұр. Төрт қырлы. Нендей мүсін деп жолбасшымыздан сұрасақ, Қытай – Жапон соғысында қан төккен сарбаздарға арналған деп түсіндірді.
Үш күн ішінде қаланы бастан-аяқ аралап шығу әсте мүмкін емес. Өңірмен аз уақыт ішінде толық танысамын деген саяхатшы өлкетану музейін міндетті түрде көруі керек деген ұстаныммен орталық музейге бас сұқтық. Кіру тегін. Арнайы экскурсоводпен емес, өзіміз аралап жүрміз. Қай дәуір екенін қайдам, адамдарды жерлеу тәсілдері Берелдегі сақтар мен түркілердің заманына ұқсас екен. Оны да шағын макеттен көрдік. Қалтарыстағы бір бөлмеге кіріп барғанымызда Цин империясына тап болғандай күй кештік. Гиперреализм жанрындағы адам мүсіндері міне-міне тіріліп кететіндей көрінеді. Музейден құнды, түпнұсқа дүние таппадық. Жасандылық көп. Соның өзінде есіктерінде тыным жоқ.
Кешкісін Шыңжаң ұйғыр автономиялық орталығындағы танысқан ағайынға қош айтысып, Жеменейге қарай жылжыдық.
Жеменей – өндіріс ошағы
Зайсан мен Жеменей арасын шекара бекеті бөліп тұр демесек, сауда-саттық, алыс-беріс қайта жанданған. Екі елдің Президенттері кездесіп, визасыз режімге көшіріскеннен бері барыс-келіс тіптен қызған. Қытай сапарының ресми бөлімі Жеменейден басталды. Зайсан ауданының әкімі Аэлита Ахметсәлімқызы төрт ауылдық округі әкімдерінің басын қосып, Қытайдың Алтай аймағындағы өндіріс ошақтары мен туризмнің әлеуетін көрсетуді көздеген екен. Сонымен қатар шекара сызығында тұрған «Достық» көпірін жаңартуды да жан-жақты талқылады.
– Біз жүрген жолдар кешегі Жібек жолы. Соны біз қайта жаңғыртып, екі елдің экономикалық қарым-қатынасын күшейте түсуіміз керек. Бұл тұрғыда мемлекет тарапынан қолдау бар. Визасыз режімнің өзі қаншама жеңілдік бізге. Тек жұмыс істеуіміз керек, – деді Аэлита Ахметсәлімқызы ресми басқосуда.
Айтылған ұсыныстарды екінші тарап басшылары да қуана құп алып, қолға алынған жұмыстар мен болашақ жоспарларды жүзеге асыруға дайын екендерін жеткізді. Біз ең әуелі өндіріс ошақтары мен сауда нүктелерін араладық. Жеменейдің шет жағында кең сарайдай сауда орталығы ашылыпты. Ішінде ұсақ-түйектен бастап, Қытайдың отандық көліктеріне дейін сатылады. Бұл орталықтың елімізге тиімді тұсы ішкі Қытайдағы тауарды осы жерден түпкі бағасымен сатып алуға мүмкіндік қарастырылып отыр. Екі ел экономикасын арттыру мақсатында Алтай қаласынан Жеменейге дейін теміржол тарту мәселесі де назарға алыныпты.
– Мәселен, сіз киім-кешек алғыңыз келді ме, ішкі өлкеге барып уақытыңызды, ақшаңызды ысырап етпейсіз. Бір ғана орыннан сатып алып кетуіңіз мүмкін, – дейді сауда орталығының жұмысымен таныстырып жүрген Қуат мырза.
«Жахн» серіктестігі ашқан сауда орталығы өкілдерінің айтуынша, олар біздің елге қажет дүниенің барлығын шығарып беруге әзір. Қазіргі уақытта қағаз, сабын өндіріп, экспорттап отыр. Ал өзіміздің Катонқарағайдың балына сұраныс жоғары. Жалпы, кімде-кім Қытайға сертификатталған өнім апарып сатса, сауда үйлерінің бірінде арнайы орын қарастырылған. Тиімді тұсы, затыңыз 500 килограмнан аспаса, шекарада салық пен сауда орныңызға аренда құнын төлемейсіз. Жермен айналысамын десеңіз, Қытай елі жоңышқаға дейін қабылдауға әзір. Жоңышқаны үгітіп, қаттайтын құрылғылар, қаз-қатар тізілген қоймалары дайын тұр. Бір қоймаға 5 мың тонна шөп сақталса, мұндай 7 қойма бар. Алайда проблемалар да жоқ емес. Мәселенің шетін Зайсан аудандық мәслихатының төрағасы Еркебұлан Серікұлы шығарды.
– Біздің білуімізше, Жеменейде 21 су қоймасы бар. Өзендер аз. Қар, жауын суын ысырап етпей, дұрыс пайдаланасыздар. Ал Зайсанда жоңышқа егеміз десек, ең алдымен, Кендірлік су қоймасын салу керек. Ол ауадай қажет. Сонда ғана шаруаның тасы өрге домалайды, – деп шегелей айтты.
Десе де, ел кәсіпкерлеріне тиімді ұсыныстар аз емес. Мұндай мүмкіндікті барлаған Зайсан ауданынан арнайы келген округ әкімдері де ойланып қалды.
– Екі ел арасындағы кәсіпкерлік байланысты нығайтуға мүмкіндік мол екен. Бұл сапардан түйгенімізді, көргенімізді, ауыл азаматтарына айтып барамыз, – деді Біржан ауылдық округінің әкімі Дидар Ошақбаев.
Әзірше Қытайға Шығыс Қазақстаннан күнбағыс майы ғана жетіп жатыр. Ал өздерінде таза бидай өнімін шығаратын кәсіпорындар сирек көрінеді. Соның бірі – «Икан» компаниясы. Олар жылына 10 мың тонна ұн өндіріп отыр. Қосымша кеспе сынды бірнеше түрлі өнімі бар. Үкімет мұндай компанияларға үнемі қолдау көрсетіп отырады. Делегацияға жолбасшы болып жүрген үкімет азаматтары 1999 жылы құрылған Астық сақтау қамбасына да алып барды. Бұрын мұнда 30 мың тонна астық сақталса, қазір екі есеге арттырған. Қажет болса 100 тоннаға жуық астықты кептіріп, қамбаға сыйғыза аламыз дейді кәсіпорын қызметкерлері. Жеменей егістікке қолайлы өңір болғандықтан, астық та бітік шығатын секілді. Қамбаға кезекке тұрған жүк көліктері де молшылықты меңзегендей.
Алақандай Жеменейдің маңында өндіріс ошақтары да аз емес. Керек десеңіз, жел электр стансасын құрастыру зауытына дейін жұмыс істеп тұр. Мұнда күздің күні егістік алқаптарында тамшылатып суарудан қалған шлангтарды қайта өңдеу зауытына дейін бар. Бірінен шығып, біріне кіріп жүрміз. Балық өңдеу цехы, тауарлы сүт фермасы, жүздеген гектарды алып жатқан жылыжайлар, тағысын тағы. Жылыжайдың тоқымдай жерінен ғана тонналап өнім алып отыр.
Қайран Қанас!
Сапардың финалы – Қойтас пен Қанас. Екеуі де туристік орындар. Жеменейден 40-45 шақырым жердегі Қойтас – қазақ малшыларының қыстауы. Қысы жайлы, ықтасын жер. Былтыр ішкі Қытайдан мұнда 6 млн саяхатшы келсе, олардың барлығы дерлік Қойтастың тұмса табиғатын қызықтауға ағылған. Туристерге арналып жол бойындағы Тосты ауылында мыңдаған адамды қабылдап алуға қауқарлы қонақүй кешені бой көтерген. Кешен емес, бейне бір ауыл дерсіз. Отбасыларға арналған қонақүйлерді қолға түскен құрылыс материалымен көтере салмаған, ішкі-сыртқы дизайнына ерекше мән берген. Қойтастың табиғатына қарай лайықтап, үйлердің қабырғаларына жартастардағы петроглифтерді бейнелеген. Біздің жақтағы Бестерек ауылына салынған музейдің төрт бұрышын қаңылтырмен қаптай салмай, осындай стильде көркемдесе, бәлкім көз тартар ма еді деген ой келді.
Заулап келіп, жота-жотаның арасына кіріп кеттік. Бір ғажабы, таудың ара-арасына дейін асфальт. Қойтас десе, Қойтас. Қойдай тас қана емес, түйедей тастардың да түр-түрін көрдік. Әр қырынан әртүрлі пішіндегі жұмыр тасты қызықтаушы саяхатшылар да көп. Бізге жол көрсетіп жүрген жігіттердің көңілдеріне келсе де, «табиғаттарыңызға емес, тау-тастың арасына салып тастаған асфальттарыңызға таңғалдық» деп ашығын айттық. Рас, тасты таулар Ұлан, Күршім, Катонқарағай өңірлерінде баршылық. Бірақ асфальтқа жарымай келеміз. Әлемге әйгілі Катонқарағайдағы Берел-қорық музейіне дейінгі жолдың жыры әлі біткен жоқ. Бар-жоғы сегіз-ақ шақырым. Тау басындағы Рахман, Қаракөл туралы жақ ашуды қойдық. Ал мұнда Қойтас үңгіріне жаяу баратын жолға дейін тақтай төсеп тастаған. Қатар тұрған екінші үңгірдің ішінде археологиялық қазба жұмыстары жасалып, 45 мың жыл бұрынғы адамзаттың тұрмысын айшықтайтын жәдігерлер шыққан көрінеді. Алайда жәдігерлердің түпнұсқасы былай тұрсын, көшірмелерін де көре алған жоқпыз. Тек тормен қоршап қойған орынды ғана қашықтан қызықтадық. Соның өзіне қаптаған саяхатшы таң-тамаша болып жүр.
Сапардың соңғы күні арман болған Қанас көлін де көрдік. Күншілік жер дегені – Жеменейден 260 шақырым. Буыршынды басып өтіп, Қытайдың солтүстік-батысына қарай бұрылдық. Тақыр таулар бірте-бірте бұйраланып, биіктей берген. Жолай Ойыл қыстағындағы қонақүй кешеніне соғып, саяхатшыларды қалай күтіп алып жатқанын байқадық. Мұндағы қонақүйлердің дені кәдімгі темір қаңқалы өзіміздің киіз үйлер. Соны әсемдеп, сәндеп, жерден көтеріп қойған. Мұндай кешенді салуға үкіметтен қомақты қаржы бөлініп, ауыл тұрғындарына ұсынған. Турист Қойтаста көп пе десек, Қанасқа бағыт алғандарда тіптен қисап жоқ.
Шыңның бүйірін тесіп салған тоннельден өттік. Тау-таудың арасын жалғап тұрған бірнеше көпірді артқа тастадық. Ақ күнгейті жайлауы мен Ботамойыннан асқан соң Қанас өзенін жағаладық. Ақ көбігін көкке шашқан тентек өзенге ұқсайды. Айналамызға қарасақ, өзіміздің Катонқарағай мен Марқакөлдің бір пұшпағында келе жатқандаймыз.
Қанасқа таяғанда біз мінген автобустың да жүрісі баяулады. Тау іші кептеліс. Жол бойы қонақүйлер. Іркес-тіркес автобустар Қанасқа кіруге кезек күтіп тұр. Үкіметтегі азаматтардың айтуынша, жаздың бел ортасында мұнда бір күнде 60 мың турист кірген екен. Бір күнде. Ал Катонқарағай Ұлттық табиғи паркіне жыл көлемінде 10 мыңның айналасында ғана турист табан тірейді...
Көлдің аумағына жетіп тоқтадық. Бөренеден қиып салынған көнелеу үйлер көзге оттай басылды. Көне болғанымен, қонақүй ретінде жасақтап қойған. Тегі көл маңын мекендеген тывалардың үй-жайы осы болса керек. Білуімізше, көлдің айналасында тывалар тұрған. «Қанас» деген сөздің өзі тыва тілінен аударғанда көрікті де сырлы көл деген мағынаны береді. Иә, көрікті десе көрікті. Қытайдағы ең терең көл осы – 188 метр. Көл жағасындағы пирсте суретке түсе қояйық десек, орын жоқ. Көлді тек қызықтап қайтқаның болмаса, суына не түсуге, не балық аулауға рұқсат жоқ. Әйтпесе, балықтың 7 түрі бар. Көнекөздердің айтуынша, бұл маң 1990 жылдарға дейін адам аяғы баса бермеген тұмса табиғат болыпты. Мұнда арнайы төсеп тастаған тротуармен ғана жүресіз. Біздегідей сай-саланы аралап кете алмайсыз. Әр-әр жерде күзет, желкеңде бейнекамера.
Біз тұрған жерден Марқакөлдің Балықтыбұлағы 25-30 шақырым болса, Катонқарағайдың Шындығатайы 40-50 шақырымда ғана жатыр. Ортаны тек шекара сызығы мен Алтайдың бір сілемі бөлген. Ал даму қарқыны жер мен көктей. Неше жыл аңсаған Қанастың жағасында бір сағат жүрдік пе, жүрмедік пе, кері қайттық.
Өскемен – Үрімжі – Қанас