28 Қаңтар, 2015

«Катюшаның» командирі

589 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін
SAM_0945Уақыт та адам жадынан өшіре алмас, қандай қоғамда да мәнін жоғалтпас құндылықтар қатарында Ұлы Отан соғысы жылдарындағы  халықтық ерлік аталады. Міне, Жеңіс туы желбірегелі  70 жылға таяп келеді. Арада бүтін бір ұрпақтар алмасты. Қатары мықтап селдірей түскен кешегі соғыстың қарт сарбаздары ең құрметтілеріміз. Ал Батыстан қайтпаған боздақтар   өз алдына,  қан майданнан аман келіп бейбіт өмірде де лайықты іздерін қалдырып бақилық болған әкелер рухы  ешқашан ұмытылмайды. Бейсехан  Мірәзімов те нағыз соғыстың өрт-жалынынан өтіп келіп, туған жерді көркейтуге  мол еңбек сіңіргендердің бірі болатын.  Мен оны қырық жылдай бұрын  алғашқы  рет көргенім күні кешегідей жадымда  сақталып қалыпты. ...1975 жылдың мамыр айы болатын. Жиырма бір жастамын. Соның алдында ғана колхоздың парторгы қоярда қоймай партияға өтуге көндіріп, құжаттарымды реттеп, аупарткомның бюросына дайындалдым. Ол кезде интеллигенция өкілдеріне қарағанда жұмысшының партияға өтуі оңайлау. Қырықтық науқаны қызып тұрған күндердің бірінде аудан орталығына келдік. Аупарткомның бірінші хатшысы В.Кравчук іссапарда жүрсе керек, бюроны екінші хатшы өткізіп жатыр деді. Кезегім келіп бөлмеге кіргенде төрдегі үлкен үстелдің басындағы қағылез қара кісіні көзім шалып қалды. Одан беріде отырған оншақты адамның жанарлары мені тесіп барады екен, маңдайымнан шып-шып тер шыққанын сездім. Соны білгендей төрдегі хатшы қолындағы менің құжаттарымды тез қарап шықты да: «Дұрыс, әскерге барып келген, бел­­­сенді жұмыс істеп жүр, болашағы бар. Ал, қане, не дейсіздер?», деп жағалай отырғандарға қарады. Партия жарғысы­нан бір-екі сұрақ қойғаны болмаса олар мені көп қинамады. Көп ұзамай екін­ші хатшы Бейсехан Мірәзімовтің қолы қойыл­ған партия мүшелігіне кандидат­тық карточкасы қолыма тиген болатын. Бір жылдан соң аупарткомның бірінші хатшысы болып Берден Байқошқаров тағайындалды да, екінші хатшы орыс ұлтынан болуы керек деген қағидамен Мірәзімов Красногор ауданына ауатком төрағасының орынбасары болып ауысты. Содан кейін ол кісімен бетпе-бет кездескен емеспін, бірақ ол туралы көп естідім. Кейіннен аудандық газетке жұмысқа орналасқанымда редактордың орынбасары, майдангер Жапар Көпбаев ағамыз өзімен түйдей жасты досы Бейсеханның өмір жолы, соғыстағы ерліктері жайлы үнемі айтып отыратын. Катюша-1цв Кешегі қан кешуден өткен соғыс сарбаздарының бірі Бейсехан Мірәзімов 1923 жылы Красногор ауданының Шарбақты ауылында дүниеге келеді. Оның балалық шағының кісі қызығарлық жайы жоқ, сол заманға тән біріне бірі ұласқан қасіретпен жанына жара салған тұстары көп. Әкесі Мірәзім азын-аулақ малымен күнелткен кедей шаруа, отызыншы жылғы ашаршылықта бар малынан айырылып, айналадағы жұртпен бірге қатты күйзеліске түседі. Тіпті, талғажау етерлік ештеңе қалмаған соң қырғыздар жаққа барып жан сауғаламаққа әйелі Алтынай екеуі он жасар қызы Ұлтай мен алты жастағы Бейсеханды алып босқан жұртқа ілеседі. Алайда, бұл сапар оларға қайырлы болмай, аштыққа ауру жамалған әке жол үстінде қайтыс болып, сормаңдай ана амалсыз екі баласымен кері қайтады. Содан Красногорда колхоздың әртүрлі жұмыстарына жегіліп, мал бағып балаларын өсіріп жеткізуге тырысады. Кисе киімге, ішсе тамаққа жарымаған зар заман Бейсеханды ерте есейтіп, 1940 жылы тоғызыншы сыныптан кейін Жамбыл қаласындағы ФЗУ-ге (фабрика-зауыт училищесі) түсіп паровоз машинисінің көмекшісі мамандығы бойынша оқиды. 1942 жылы тамыз айында оқуды бітірген бойда жасы да толып әскерге шақырылады. Бірден Мәскеуге түсіп, сол кезде «Катюша» деген атпен белгілі бола бастаған реактивті миномет дивизионының командирлерін дайындайтын жеделдетілген курстан өткізіліп майданға жіберіледі. Бейсехан Мірәзімовтің өз қолымен жазған өмірбаянында оның 312-ші гвардиялық минометтік, полктың 4-дивизионының командирі ретінде Дон, Брянск және бірінші Украина майдандарынан сонау Берлинге дейінгі майдан жорықтары бір-екі сөйлеммен ғана қысқа қайырылған екен. Есесіне оның партиялық жеке парақшасындағы мемлекеттік наградаларына зер салатын болсаңыз, соғыстан І дәрежелі Отан соғысы, «Қызыл Жұлдыз» ордендерімен, «Ерлігі үшін», «Сталинградты қорғағаны үшін», «Берлинді алғаны үшін», Варшаваны, Праганы, Венаны жаудан азат еткені үшін деген самсаған медальдерді, «Үздік артиллерист» белгісін омырауына тағып оралуы көп сырды аңғартады. Осынау наградалардың әрбірінің өмір мен өлім белдесулерінде жауынгердің талай мәрте ажал аузынан қайтқан жанкешті ерлік қимылдарымен келгені даусыз. Ол қандай ерліктер болды екен? Соның біріне жауапты жоғарыда айтқан Бейсеханның бала жастан досы Ж.Көпбаевтың кезінде жергілікті газетке басылған шағын ғана естелігінен тапқандай болдық. Ол кісі 1975 жылы жазда «Түрксиб» санаториінде демалып жатқанында қолына орыс тілінде жазылған «Катюшалар» ұрысқа кіреді» деген кітап тиіп, оның 118-ші бетінен «Қазақ батыры» деген екі беттік естелікті оқығанын айтады. Ол өзінің досы Бейсехан туралы екен. 1943 жылы Орталық майдан әскерлері қорғаныстан шабуылға көшіп, жүзден аса деревнялар мен үш қаланы азат етеді. Гвардияшылар майдан шебімен 80 шақырымдық жорық жасайды. Бұған реактивті миномет полкының жауынгерлері зор үлес қосады. Жаудың әскерлері мен техникаларын талқандай отырып, олар гвардияшыларға жол ашқан. Бұл тамыз айының соңғы күнінде болатын. Бейсеханның дивизионы алдын ала дайындалған ұрыс шебіне жетіп орналасу үшін таңертеңнен жолға шығады. Фашистер үш «Катюшадан» тұратын дивизионды байқап қалып, алапат соғыс машиналарын қалайда қолға түсіруге қам жасайды. Дивизион белгіленген орынға келіп техниканы ұрысқа әзірлей бастайды, сол мезет минометшілер де өздерін аңдыған жауды көріп қалады. Бейсехан дереу рациямен полкке хабарлайды. Командир: «Катюшаларды» жау қолына түсірмеудің барлық амалын жасаңдар, тіпті болмаған жағдайда жарып жіберіңдер» деп бұйрық береді. Бейсехан жауынгерлерін жинап ­жоспар құрады. Алдымен «Катюшаның» көмегімен жауға өлтіре соққы беріп, сосын тез кері қайту керек. Бірінші «Катюшаның» түймесін басуы сол-ақ екен, бірінің артынан бірі аспанды тілгілеген отты снарядтардың ышқын­ған даусынан құлақ тұнады. Жойқын атыстан әуе айналып жерге түскендей, дүниені бет қаратпас өрт шалғандай бір алапат болады. Жау жақтың естен тандыра ойранын шығарған осы ұрымтал сәтті пайдаланып дивизион кері оралады. Полк командирі майор Захаров дивизионның адамдары да, техникасы да аман келгенін көріп, әр жауынгерді құшағына ала ризашылығын білдіреді. Кейіннен полк барлаушылары «Катюша» болған маңда 33 немістің күйіп кеткен денелері жатқандығын айтып келеді. Осы ерлігі үшін командир Бейсехан Мірәзімов І дәрежелі, ал жауынгерлері тегіс ІІ дәрежелі Отан соғысы ордендерімен марапатталады. Полк комиссары Давыдов әлгі кітапта осы жайларды айтқан екен. Бұл ерліктен кейін іле-шала қыркүйек айында Бейсехан кезекті ұрыс­қа шы­ғар алдында партия мүше­­лігіне қа­был­данады. Ол оның бұдан кейінгі өмі­рінің өзегіне айналған еді. Ақыры 1945 жылы желтоқсан айында әскери бөлім­нің командирі майор Брыкин мен сая­си жетекші Гусевтің Крас­ного­р ау­парт­комына жолдаған саяси мінез­демемен оралады. Онда «...комму­нист Мірәзімов жолдастың соғыс жылда­рын­дағы тәрізді еңбек майданында да Отан алдындағы борышын қалтқысыз орындайтынына сенім білдіреміз», деген жолдар бар. Қаруластарының бұл сенімін ол еселеп ақтады да. Соғыстан кейін Жамбыл облыстық Красногор ауданы атқару комитетінің жауапты хатшысы, аупарткомның ауыл шаруашылығы бөлімінің меңгерушісі, ауатком төрағасының орынбасары, Свердлов аудандық атқару комитеті төрағасының орынбасары қызметтерінде болды. Мен осы мақаланы дайындау ба­рысында майдангер хатшы Мірәзімовті жақсы білген, қызметтес те болған біраз адамдармен тілдескен едім. Бәрі де оның іскерлігімен қатар адалдығын алға тартады. «Мен алпысыншы жыл­дардың екінші жартысында алды­мен аупарткомның нұсқаушысы, сосын ұйымдастыру бөлімінің мең­герушісі болдым, дейді бүгінде зейнеткер Мырзақұл Үйсімбаев ағамыз. Бейсехан Мірәзімұлының мен хатшымын деп кеуде кергенін бір байқамадым десем болады. Өте қарапайым, сыпайы, тіпті, ашулануды білмейтін адам еді. Біз дайындаған құжаттардағы кейбір қатенің өзін кейбіреулерше ұрсып жекімей-ақ, «мына жерін былай түзетсек дұрыс болар» деген сияқты сөздермен басың­нан сипағандай бипаздап түсіндіріп жіберетін. Сенбілікте де жұртпен бірге кірпіш тасып, ағаш кесіп жүргенін көргенде басқалар оған қарап бой түзеуге тырысатын. Әйгілі 69-дың қысында мал көп қырылды. Бейсекең «Қордай» кеңшарына бекітілген уәкіл еді. Бір күні сол шаруашылыққа мені де ертіп барды. Қырылып жатқан мал көп. Мамандар өлекселерді түгендеумен әлек. Өте аянышты да қорқынышты көрініс. Хатшы ешкімді кінәлап дауыс көтерместен, «қиналып жүрсіңдер ғой, қайтеміз, бәрімізге де қиын» деген сөздермен жұбату айтып қайтып еді». Иә, сұрапыл соғыста «Катюшаның» командирі болған майдангер еңбек майданында да жұртты жасампаздық істерге жұмылдыруда парасатты да сырбаз еңбектің шынайы үлгісін көрсетіп еді. Оның жауынгерлік наградалары кейін «Құрмет Белгісі» ордені, «Ерен еңбегі үшін» медалі, үкіметтік грамоталар, алғыс хаттар түріндегі марапаттаулармен толықты. Ол туралы облыстық, аудандық мұражайларға да фотодерек­тер қойылған. Қордай ауылында әлдеқан­дай себептермен кейбір көшелердің ел алдындағы еңбегі айтарлықтай алып бара жатпаған әлдекімдердің есімімен аталып кеткенін білеміз. Ал Отан үшін, ел үшін қан мен терін қатар сығып берген, кезінде басшы, жұртына аға болған Бейсехан Мірәзімов сияқты әдебі бөлек азамат тұлғаға Ұлы Жеңістің 70 жылдығына орай, аудан орталығындағы бір көшеге есімі берілсе рухына құрмет, бізге мәртебе болар еді. Құрманбек ӘЛІМЖАН, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі. Жамбыл облысы.