Сурет: ru.freepik.com
Жолдың жайы жақсарып келеді
Президент тапсырмасын мүлтіксіз орындау үшін жергілікті жерде бірқатар іс атқарылып жатыр. Соңғы жылдары жол апаты жиіледі. Мәселенің мәнісіне тереңірек көз жеткізу үшін Ақмола облысының жолаушылар көлiгi және автомобиль жолдары басқармасы өңірдегі жолдың жайын жіті бақылап, қауіп-қатердің қай тұста екендігін түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Бұл жұмысқа көлік прокуратурасы, полиция қызметкерлері, көлікті бақылау инспекциясының өкілдері тартылған. Өткен жылы өңірдегі көлік жолдарында қозғалыс ережесін бұзған жолаушыларға полиция 846 материал толтырды. Биылғы жылы жол-көлік оқиғасының алдын алу үшін тәртіп бұзғандарға 144 хаттама толтырылып, шара қолданылды. Осы арада жолаушы тасымалдайтын жүргізушілердің тәртіп бұзудағы үлес салмағы 36 пайызға өсіп отырғанын айта кетуіміз керек.
– Жол апатының алдын алу үшін ең алдымен жолдың жайын жақсарту міндет. Биыл жергілікті маңыздағы жолды салуға және жөндеуге 71,5 миллиард теңге қаражат қарастырылған, – дейді облыстық жолаушылар көлiгi және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Владимир Кулаков, – бұл тарапта 130 жоба жүзеге асырылмақ. Бөлінген қаржының 20,4 миллиард теңгесі республикалық бюджеттен, 46,4 миллиарды облыстық бюджеттен және 4,7 миллиарды аудандық бюджеттен бағытталып отыр.
Бар жұмыс тиянақты жүзеге асырылған кезде 500 шақырым жол жөнделмек. Құрылыс-монтаж жұмыстары «Жергілікті маңыздағы автомобиль жолдарының құрылысы және жөндеу», «Астана қаласы маңындағы елді мекендерді әлеуметтік-экономикалық дамытудың кешенді бағдарламасы», «Өңірлерді дамыту», «Ауыл – ел бесігі», «Щучье-Бурабай курортты аймағын дамыту» тәрізді бірнеше бағдарламалар арқылы атқарылып жатыр. Облыстық маңызы бар автомобиль жолдарының құрылысы және жөндеу бағдарламасы шеңберінде осы жылы жалпы құны 20,4 миллиард теңге болатын 23 жоба жүзеге асырылмақ. Өңірде күрделі және орташа жол жөндеу барысындағы ірі жобаларды игеру жалғасады. Мәселен, «Щучинск – Степняк – Уәлиханов», «Астана қаласынан Сарыоба стансасына дейінгі шығыс жол орамы», «Бабатай – Волгодоновка – Береке – Бұлақсай», «Новый Колутон – Ақкөл – Азат – Минское», «Щучинск – Николаевка», «Бурабай – Қотыркөл», «Қорғалжын – Арықты –Сабынды», «Жақсы – Державинск», «Есіл – Свободное – Раздольное», «Жолымбет – Шортанды – Пригородное» және басқа бағыттарда жұмыс жүріп жатыр. Қала және аудан әкімдіктеріне 116 жобаны жүзеге асыруға 46,7 миллиард теңге қаражат бөлінген.
Жол сапасын қадағалау өте маңызды. Бұл тарапта да айтылып жатқан сын-ескертпелер аз емес. Президент биылғы Жолдауында «Осы салаға жауапты мекеме автокөліктердің техникалық жағдайына тиісті бақылау жасауы қажет» деген болатын. Жол бойындағы құрылыс монтаж жұмыстарының сапалы орындалуына қол жеткізу үшін облыстық және аудандық бюджеттерден жол активтерінің сапасын қадағалайтын ұлттық орталыққа 215 миллион теңге қаражат қарастырылған. Олар жол бойындағы барлық жұмысты тұрақты бақылау үстінде.
Жайлы мектептің көшесі де жайлы болуы керек
Өңірдегі «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын жүзеге асыру барысында 2024-2025 жылдары 18 мектептің құрылысы жүзеге асырылады деп межеленіп отыр. Биыл облыста бірнеше мектеп пайдалануға берілді. Жайлы мектептің жолы да бүгінгі күн талабына сай болуы керек. Ақмол, Қараөткел, Талапкер елді мекендеріндегі 4 мектепке барар жол заман талабына толық жауап берерлік деңгейде. Қаражар, Қабанбай батыр, Қоянды тәрізді елді мекендердегі 5 жайлы мектептің жолы қыркүйек айының соңына дейін толық аяқталмақ. Көкшетау, Қосшы қалалары мен Аршалы, Бурабай, Целиноград және Шортанды аудандарында жобалау-сметалық құжаттарын жасау басталып, жол 2025 жылы аяқталмақ.
Өңірдегі жол жайына көктемгі су тасқыны кері әсерін тигізді. Еріген қар суы республикалық және жергілікті маңыздағы жол бойының 141 тұсын зақымдады. Жергілікті маңыздағы 40 автомобиль жолы зардап шекті. Тұтастай алғанда 20 шақырым жердің жолы бүлінді. 3 көпір жөндеуді қажет етеді. Жолдардың бүлінуінен 38 елді мекенмен қатынас үзіліп қалған болатын. Қазір жұмысты жедел ұйымдастырудың арқасында су тасқыны кезінде қатынас үзіліп қалған елді мекендерге барар жол қалпына келтірілді. Әйтсе де, 15 жол телімінде жұмыс ішінара ғана атқарылды. Осыған байланысты Үкімет қорынан 4,8 миллиард теңге қаражат бөлініп, Астрахан, Атбасар, Есіл, Жарқайың аудандары мен Көкшетау қаласында 15 жоба жүзеге асырылып жатыр.
Жолаушылар тасымалы талапқа сай ма?
Жаман тұмау жайлаған қатері мол уақытта үзіліп қалған 130 қалааралық бағыттың 17-сі қалпына келтірілді. Бұл сала қатерлі ауру жайлаған кезде қатты шығынға ұшырады. Қалыпқа келтіру де оңай емес. Әйтсе де мемлекет тарапынан көмек көрсетіліп жатыр. Қазіргі күні облыс орталығы мен Щучинск қаласында автобекеттер жұмыс істейді. Степногорск, Есіл, Степняк қалаларында жолаушыларға қызмет көрсететін орындар бар. Өңірде жолаушылардың жүріп-тұруы 106 бағыт бойынша ұйымдастырылған. Оның 54-і қалааралық болса, 14 қала маңындағы, 21-і аудан ішіндегі бағыттар. Жолаушылардың талап-тілегіне орай кісі көп жүретін өзге өңірлерге де тасымалдау ұйымдастырылып отыр.
Қызмет көрсетуші мекемелер ішінара субсидия арқылы шығындарын жауып отыр. Облыстық мәслихаттың шешіміне орай маңызды бағыттарға басымдық берілген. Қалаішілік бағыттағы жолаушылардың төлемақысы 60 теңгеден 110 теңгеге дейін. Соңғы үш жыл ішінде қоғамдық көлікке құйылған инвестиция көлемі 3,5 миллиард теңгені құрады. Биыл маңызды бағыттарға 1,9 миллиард теңге субсидия төленбек. Қоғамдық көлікті жаңарту жұмыстары да жүргізіліп келеді. Жыл басынан бері жолаушы тасымалдаушылар басқарма мен әкімдіктердің демеуінің арқасында 24 автобусқа ие болды. Бұл жұмыс әлі де жалғасады.
Ақмола облысы