28 Қаңтар, 2015

Ауыл балаларының алданыштары

1098 рет
көрсетілді
28 мин
оқу үшін
рис 005 Көшенің шаңын көкке шығарып жүрген қара сирақ баланы есекке бір жамбастап отырып алған шал шақырды. «Әй, құла тай, жо-о-жоқ, сары шымшық, бері кел!». Осы кісі балалардың атын айтпайды өмірі. Не малдың, не құстың атымен шақырады. Атаң қойған атыңды айтпағанына қиқарланғаныңмен, бәрібір барасың. Өйткені, шалдардың айтқанын істеу керек. – Атаң қайда? Атаң саған қайда баратынын айтып кетуші ме еді? Бірақ, бағана апаңа қайда баратынын айтып жатқанда бір құлағыңмен тыңдап тұрғансың. «Ауданға кетті. Бірінші хатшы шақырыпты». – Саған солай деді ме? – дейді шал көзін сығырайтып. «Апама айтқанын естігем». «Онда менің келгенімді ұмытпай айт», деген ақсақал есектің үстінде тұрып «насыбай» сұрайды. Күс басқан, күн қақтаған қолыңды белден төмен салып жіберіп, шалдың «кәйпін» өзіне қарай ытқытып ата саласың. Көзін тарс жұмып, бетін әбден әбіржітіп, екі иығы селкілдеп, басын біраз шалқайтып барып қатты түшкіргенде ішек-сілең қатып, күлкіге батасың ғой. Қуақы шал құр кетпейді. «Мынауың әнебір жылы жақсы еді. Биыл аши бастапты ғой, ә?». Состиып тұрғаныңда малақайы бір жағына қисайған қара шал есегіне қамшы салып кетіп бара жатады. Балалық шақтағы осы бір көрініс тап бүгінгідей көз алдымыздан кетпейді. Баланың атын айтпаудың өзі тектілік белгісіндей, салттың санасындай екен ғой. Көзі тимесін не сұғы өтпесін деп әдейі күшікке теңейді, жақсы көргенін солай білдіреді. Бүгінде немересінің асты-үстіне түсіп, бәйек қағып, бебеулеп отыратын аталарды көргенде баяғы сені мал-құс атымен шақыратын шалдарды сағынатындайсың ба, қалай?! Әлде... «Ғұлы-ғұлы» Ермектің де түр-түрі бар. Қаланың қайнаған тіршілігінен алыс, қызу өмірден шеткері, бұйығы жатқан ауыл баласы да түрлі ермекті қолдан ойлап тауып жатады. Сырттай қараған адамға әбес көрінуі мүмкін. Дегенмен, түкіріп те жарысатын. Май топыраққа қаз-қатар тұрып алып, сілекейін тілімен шиырлап, атып кеп жібергенде бірнеше метрге топ еткізетін де балалалар болатын. Жеңімпаз болған бала мәз-мейрам. Қалып қойғаны кәдімгідей қамығып отырады. Қыр баласының ең үлкен қызығы жүгіріп жарысу. Аптап ыстықта жалаң аяқ зырылдап жүгіру түк емес оларға. Қалың жантақтың арасын қақ жарып өте шығады. Сонда аяқтарына бір тікен кірмейді ғой. Бас-көзге қарамай шауып келе жатқанында тырнағын тасқа соғады. Саусақтың басы қанға боялып, тырнағы салбырап-ақ қалады. Қыңқ еткенін көрмейсің. Қайта қанап тұрған аяққа топырақты сеуіп жіберіп, алдында ұзап кеткен достарына қарай ентіге жүгіреді. Қазір ғой, баламыз қолын абайсызда жаралап алса, түрлі дәрі сеуіп, инфекция түспесін деп, оны орап, әлек боламыз. Ал біздің дәріміз топырақ еді. Салбырап қалған тырнағың өзі түсіп, жараң қара қотырланып, түк болмағандай жүре беруші ек қой. Ауыл шетінде құмырсқаның илеуі көп болатын. Сол илеуге таяқты салып жіберіп, арлы-бері қозғай берсең ішінен қоймалжың бір зат шығады. Балалар мұны «ғұлы-ғұлы» дейтін. Оның өзі бірден атып шықпайды. Сән-салтанатымен, әнімен жасалатын шара-тұғын. Кімнің шығарғанын, қашан пайда болғанын, Құдай білсін? Дей тұрғанмен, мынадай әні бар-тын: «Ғұлы-ғұлы, ғұлы, Әке-шешең өлді, Кетпен алып жүгір, жүгір». «Жүгір» сөзіне ерекше екпін салып және созып айтасың. Әйтпесе, «ғұлы-ғұлы» шықпайды. Кемі жиырма минут шұқылап отырғанда әлгінің төбесі көрінеді. Жалма-жан қолыңа алып, табаныңа жағып кеп жібересің. Сондағы масаттанудың жөні бөлек қой. Балалық түсінік «ғұлы-ғұлыны аяғыңа жақсаң, жүйрік боласың» дегенге саятын. Енді саған ешкім жете алмайтындай, жұрттың бәрін шаңға көміп кететіндей күйде боласың ғой. Әсілі, оның әсері емес. Соған қанаттанған бала шынымен қатты жүгіретін. Қара кешке дейін жүгіре берсең, өкпең де өшеді. Әй, бірақ, өкпем өшті деген баланы көрмедік. Қайта «Ғұлы-ғұлының әсері кетті. Тағы бір жағып, қуаттанып алмасам» деп илеудің басында әнін айтып отыратын. Сөйтсек, мұның өзі екпіндеп шауып жүрген бала үшін демалыс екен. Қатты жүгіртетін затты шығарам деп отырып, аз-кем тыныстап алады. Оны өзі де сезбейді. Сонан соң «допингін» жағып алып, қайта шабады. Дегенмен, әке-шешең жаңа аяқ киім сатып әкеп берген күні «ғұлы-ғұлыға» қарамайсың. «Көрдің бе, маған көкем қатты жүгіретін аяқ киім алып берді?!» деп әр балаға мақтанып, масаттанып жүресің. Солай жүргенде оны шегеге іліп алып, жыртып тастайсың. Шешеңнен ендігі еститін сөзің де санаңда сайрап тұрады. «Жүгермек, осы саған не шақ келеді? Темірден аяқ киім жасап берсе де шыдатпайтын шығарсың сен!». Қолында шыбығы бар анаң көз алдыңа келгенде кешке дейін үйге кірмей жүре бересің далада. Құмырсқаның илеуі демекші, күндіз тыным көрмей тіршілік етіп жүретін құмырсқалардың арасынан дилысын таңдап алып төбелестіріп жататынбыз. Өзі қап-қара, шымыр және шағынын «сәбет» дейтін ек. Ал қоңырқай түсті, сәл болбырлау, денесі де анаған қарағанда әлдеқайда ірісін «неміс» деп атаймыз. Бүгінде осылай десең, ұлтты кемсіткендей боласың ғой. Біздің балалық санамыз оны қайдан білсін?! Әйтеуір, «сәбеттердің» өзіміз, «немістердің» атамыз мылтық алып қарсы соғысқан халық екенін білеміз. Әлдебіреумен өштесіп қалсаң «немістен де әрі жауым менің» деп өрекпіп отырасың. Кеңестік идеологияның құдіреті дерсің. Бала кезден «жауыңды» біліп өсесің. Содан екі сүрлеумен кетіп бара жатқан құмырсқаларды жұлып алып, ортасына бір шөпті тастай салсаң, қырыла кетеді. Ал, қызықта! Ақар-шақар болып, құмырсқалардың бір-біріне айбат шегіп, тістесіп жатқаны кәдімгідей қаныңды қыздырады. Құмырсқаларға қойылған ат та бекер емес. Өйткені, сенің балалық санаң қара құмырсқаның жеңімпаз екенін біледі. Қоңырқайы құмырсқаның беті тез қайтады. Аттары соған ыңғайластырылып қойылған. Кеңестік кинолардағыдай біздің «сәбет» құмырсқа жеңеді. «Неміс» қашады. Кейде ана бәле жеңіп кетеді. Көңіліміз қоңырайып, басымыз салбырап қалатын да, «сәбеттер» жеңгенге дейін әлгі «неміске» тыныштық бермейтінбіз. «Шығасың ба?» Сен құмырсқа төбелестірсең, сені үлкен балалар төбелестіреді. Сен не, құмырсқа не, бірдей. Екі көшенің баласын ұстап алады да: «Мынамен шығасың ба?» дейді. Қоқиланып шығамын дейсің. «Шықпаймын» деуге болмайды. Олай десең, ағаңнан таяқ жейсің. «Өй, қорқақ неме?! Тілің сайрағанмен, жүрегің жоқ бәлесің ғой» деп басыңнан салып кеп жібергенде мойның былқ ете қалады. Сондықтан ағаңнан таяқ жегенше, төбелесіп тынғаның жақсы. Оның үстіне балалық намыс деген бар. «Пәленше түгеншемен төбелеспеймін деп қашып кетті» дегеннен ауыр сөз жоқ. Жұрттың бәрі саусағын безеп, күлетіндей әсерде боласың. рис 001-1Себепсізден себепсіз, ештеңеге ерегеспей, бір нәрсеге таласпай қайтадан төбелесе кетесің. Алдымен әбден дайындаласың. Жыртылады-ау деген киімнің бәрін асықпай шешесің. Аяқ киімнің бауын мықтап байлайсың. Өзіңше жаттығу жасайсың. Психологиялық тұрғыдан шынығасың. Сонда да тап бере алмай тұрасың. Ана баланың жағдайы да сондай. Бар айбарыңды көзіңе жинап, айбат көрсетіп біраз жүресің. Екі шеттен ағаларың айқайлайды. Қайтсін енді, шыдамдары таусылып барады. Іштері пысқан, қызық керек. Ондай да айтатын сөзің де дайын. «Бірінші өзі бастасын!». Ол да сені бастасын деп тұрғанымен шаруаң жоқ. Топырақты бұрқылдатып жүргенде шапшаң қарсыласың қақ шекеден шақ еткізеді. Осылай болатынын білгеніңмен, алғашқы соққы кәдімгідей есеңгіретіп-ақ тастайды. Сенің тайсалып қалғаныңды байқаған бала үстемелете, оңды-солды аяқ-қолын сермеп жатады. Бірі тиеді, бірін бұғып өткізесің. Бірнеше соққыны қатар алғаннан кейін шегінерге жол қалмайды. Ал, кіріс! Брюс Ли мен Жан Клод Ван Даммның киносын көріп, әдісін қайталап жүрген баласың ғой. Өзіңше соларды қайталайсың дә. Ван Даммның айналып тебетін әдісі бар. Тұрған жерінде тік көтеріліп, ауада бір рет айналады да, оң аяқпен жақтан тебеді. Балалардың барлығы осы тәсілді меңгергісі келеді. Және төбелесте орайын тауып пайдаланады. Таяққа етің үйреніп, қаның қызып, қарсыласыңа бірнеше соққыңды өткізіп, оның да бетін қайтарып алған уақытта осы тәсіл есіңе түсе кетпесі бар ма?! Міне, алдыңда адам тұр. Ал тік көтеріл де, айналып тебе қал. Аспанға шапшып атыласың-ау. Айналып та үлгересің. Аяғыңды да сілтеп қаласың. Бірақ ол қарсыласыңа тимейді. Қайта өзің май топыраққа майлы жеріңмен былш ете түсесің. Шаң бұрқ, мойның сылқ етеді. Сенің жаман қораз секілді жасаған қораш әдісіңе ағаларың риза болып күледі. «Өй, қопал неме. Ван Дамм сенің не теңің? Одан да қазақша төбелесе бер», деп қояды. Жеңілдім дейтін бала жоқ. Ағасынан қорыққаннан төбелесе береді. Жеңімпаз бір критерий бойынша ғана анықталады. Кім бірінші жылайды, сол жеңілген. Кейде күнде бірге ойнап, бірге жүрген достарыңа қарсы қоятыны бар. Досыңмен қайтіп төбелесесің?! Болмайды ғой. Бастапқыда, екеуің де қарсы боласың. Содан үлкен жігіттердің қайраған сөзі жетеді. «Кеше сені быт-шыт қылып сабап тастадым. Ол менен қорқады деді. Сонда сен осыдан қорқасың ба?». Ұрланып досыңа қарайсың. Оның да басы салбырап тұр екен. Онда айтпаған. Айтса, басы салбырамас еді. «Ей, өткенде есек көкпарда сені мінгестірмей қойды ғой мынау. Сол ма, достығы? Барлық бала көкпар тартып жүргенде сен ғана сопиып қарап тұрдың. Шын дос болса, астындағы есегін түсіп бермей ме?». Араздастырудың келесі кезегі осылай өріледі. Ішің қылп ете қалады. «Шынымен досым болса, сөйтер еді-ау, ә?» деген ойға барып тірелесің. Бірақ бұл да төбелесуге себеп емес. Содан ең ақырғы әдіске көшеді. «Кеше мынау сені боқтады». Бұл сөз шыққанда ешбір бала тыныш қалмайды. Ал екеуіңе қатар айтылса, қырғын басталады. Әбден төбелесіп, үлкендер қызыққа кенеліп, екеуің ғана қалғанда «шынымен боқтадың ба?» деген сұрақ қойылады. «Жоқ». «Мен де боқтаған жоқпын». Осыдан соң құшағың айқасып кетіп бара жатасың. Құр емес, «келер жолы ағалардың алдауына түспейік, төбелеспейік, біз доспыз ғой» деп. Қайдағы? Зеріккен жігіттер «мынау сені боқтады» дегенде тағы да қалай төбелесіп жатқаныңды байқамай қаласың ғой. Мынандай да қызық болған. Қатты бір төбелескіш болмасақ та, өзімізден ығатын, жеңетін балалар болатын. Бір күні сондай баланың бірімен жекпе-жекке шықтық. «Жеңеміз, менен қорқады» деген паңдық бар. Шайқасты бастап кеп жібергенде, әлгінің бізден әлдеқайда әлді екенін байқадық. Жазғы демалыста жатпай-тұрмай ағаларымен қосылып қамыс орды деп еді. Содан күш алып кеткен бе, қалай? Сәлден соң жамбасқа алды да, атып ұрды. Үстімізге шығып алып, төмпештеп жатыр. Өзің үнемі жеңіп жүрген баладан жеңілгеннің ызасы сұмдық болады екен. Ашудан жарылардай болып жатып «қазір осыдан тұрайын, өлтірем, е!» деп айқайладық. Мына сөз қарсыласымызға қатты әсер етті, білем. Атып тұрып, қаша жөнелді. Жеңілгеніме қаны қарайып тұрған ағам қарқылға басты. Ал ананың ағасы артынан тұра қуды... Ләңгі Ауыл баласының «азартты» ойындарының бірі – асық. Апаң тігіп берген қызыл қоржын болады. Іші асыққа толы. Бірақ оның ішіндегі жалғыз біреуі ғана сен үшін құнды, маңызды. Ол – сақа. Атқан кезде айнымайтын, шиіргенде шыр айналып алшы түсе қалатын сақаны табудың өзі қиын. Тапқаннан кейін оның жан жағын егеп, аздап қорғасын құйып, түрлі түске бояп, бойтұмарыңдай ұстап жүресің. Саусағыңның арасында сақаңды айналдырып, шиырып кеп атып жібергенде қаз-қатар тігілген асықты қиратып өтсе, мерейіңнің асқаны. Асық дегеніміз бүгінде жаппай ойнайтын боулингтің атасындай боп көрінеді маған. Мергендікке, дәлдікке, шыдамдылық пен төзімділікке үйретеді екен ол. Бәске тігілген бар асықтан айырылсаң да түгің кетпейді. Қой сойылмай тұрмайды. Содан жинайсың. Болмаса, жалғыз сақаңмен келіп балаларды қан-қақсатып қырып кетесің. Мұнда сақаңды бәске салып, ұтылып қалған ғой ең жаманы. Ішің удай ашып, бермеудің түрлі сылтауын тауып, ойынның әділетсіз болғанын дәлелдеп, қарсыласыңның бірнеше қарыс алға шығып кеткенін айтып, дауласып бағасың. Түбінде беруге тура келеді. Шарты солай. Сонан соң сақаңды қайтарғанша еш тыным көрмейсің. Біреудің қолында жалт-жұлт етіп тұрғаны жаныңды жегідей жейді. Асықтан кейінгі ойынның қызығы – ләңгі. Сәл жастау кезіңде ләңгінің қалай жасалатыны түгілі, оны тебудің де әдісін білмей әбігерге түсесің. Аяқтың ішімен тепкенің бір ұпай боп саналады. Егер сыртымен тепсең, 5 ұпайға бағаланады. Ал енді секіріп барып, аяқты ішке орап барып соқсаңыз, ондық болады. Мұны балалар «люра» дейтін. Әуелгіде бір ұпайдан аса алмайсың. Теуіп қалсаң, қатты қорғасын тобыққа тиеді де, зар қақсатады. Ол іседі. Аяқты сылтып басып бірнеше күн жүргесін, қайта ләңгіні қолға аласың. Содан қызды-қыздымен күннің қалай батқанын білмей қалатын кездер болатын. Бір ұпайлық соққыны ет қыздыру үшін теуіп бастайсың. Онға дейін апарған соң бестік ұпайға көшесің. Әбден қызынып, бабыңа келгенде «люрадан» тоқтаусыз он рет тебесің. Тобығың іскенше, бүйрегің түскенше секеңдей бересің. Біреу-міреу сенен асып кетсе, құлағын қайшылаған тұлпардай елеріп тебесің. Ләңгіні жәй аяқ киіммен тебе алмайсың. Тобығың іседі. Саусақтардың басы ауырады. Әйтеуір бір жарақаты болады. Сол себепті бәтеңке немесе етік киесің. Зіл батпан аяқ киімді көтеру, ләңгіні тебудің өзі спорт екен. Жаздың күні ауылда ләңгі ойналмайтыны да сондықтан. Бұл өзі күз басталып, қыс түскенше қызыққа кенелтетін ойын. Ал оны жасаудың өзіндік сырлары бар. Ең бірінші көліктің ескі аккумляторын табу шарт. Ауылдың қаңырап қалған бос гаражын аралайсың. Әркімнің қорасын жағалайсың. Бұл өзі жұрттың темір-терсек теріп, оны сатып, күнкөрісін айырып жатқан заман еді ғой. Сондықтан бейсауыт жатқан зат табылмайды. Тапқаннан кейін байыппен ішіндегі сұйықтықты төгіп тастау керек. Талай бала соған қолын күйдірген. Әбден іші кепкенде балтаға саласың. Қорабын бұзып, ішіндегі қорғасынды қолға аласың. Әншейінде қазанның астына от сал десе қашатын басың, сол күні өзің от жағып, су ысытасың. Себебі, ана қорғасынды еріту керек. «Кильканың» қорабына майдалап салып, балқытасың. Сынаптай болғанда, алдын ала бөтелкенің қақпағымен ойып жасалған жерге апарып құясың. Ортасында екі шырпысы бар ойықта ләңгінің қорғасыны жатады. Жердің өзін қуырып жіберетін қорғасын суығаннан соң ортасындағы шырпыны сындырып, тесігін ұлғайтып, айналасын егеуге салып, дап-дайын дүние жасап шығасың. Енді бұған қойдың терісі керек. Қазір ғой, қойды сойып жатқанда терісін ойып алса ешкім қыңқ етпейді. 90-жылдардың басында сойылған қойлардың терісінде пышақтың ізі болмайтын. Өйткені, оның өзі ақша. Саудагерлер ойылған, кесілген терінің бағасын бірден түсіріп жібереді. Осы себепті үлкендер теріні зақымдамауға тырысатын. Мұндай жағдайда саған ләңгіге деп кім тері бере қойсын? Оның үстіне қой сойылып жатқанда тері алатындар басында тұратын боп алды. Бірден келеді де, ақшасын төлеп алып кетеді. Барлық ауылда сондай жағдай. Амал жоқ, ағалардың көзін тайдыра бере бір шетін опырайтып кетуге тура келеді. Басқа не істейсің енді? Теріні ары-бері ақтарып, сатып алайын деп жатқан Сәрсенбай «мынауың бүтін емес қой» дейді ағама қарап. Мал қораның түбінде пысылдап теріні тесіп отырған бізді ағамыз «тірідей» қолға түсіреді сосын. Тиесілі таяғыңды жейсің ғой. Бастысы, ләңгіге лайық тері бар. Соған мәз боласың. Ләңгіге қорғасын құю кезінде тосын бір оқиғаға тап болдық. Бірдеңе істесең, үйдегі өзіңнен кіші балалардың айналып шықпай жүріп алатын әдеті емес пе? Оттан қорғасынды алып, дереу жердегі ойыққа құя қояйық деп асықтық. «Қашыңдар» деп келе жатып ойыққа да жеттік. Құйдық. Шыжғырылып жатқан. «Төбеден төнбей әрі тұрыңдар» деп орнымыздан көтеріле бергенде кәдімгі мылтық атылғандай гүрс еткен дауыс шықты. Екі құлақ шыңылдап кетті. Балалар тым-тырақай қашты. Жалғыз Елдос деген ініміз ғана бетін ұстап бүк түсіп жатып қалды. Сөйтсек, біз ойық жасаған жерге күл төгілген екен. Күл мен қорғасын бір-біріне аттас заряд па, қайдам, тарс етіп атылып кеткен. Ал бұрқылдап тұрған қорғасын Елдостың бетіне шашыраған. Бытыра сияқты. Бет-ауызының бәрі күйік. Тек көздері аман. Тіпті, кірпігіне дейін өртеніп кеткен. Жедел жәрдем шақырып, дереу ауруханаға алып кетті үлкендер. Біз жазалымыз. Әйтеуір, абырой болғанда қорғасын тереңдемепті. Терісін ғана күйдірген. Бірнеше айдан кейін жазылып кетті. Сол оқиғадан кейін қорғасын құюды да доғардық... Жаздың көркі – су Мына заманның балаларына бір жағы қызы­ғатынымызды жасырмаймыз. Жазғы демалыс кезінде алды Анталияда, арты Алакөлде суға түсіп жатады. Бурабайда демалады. Қапшағайдың суында ойнайды. Ыстық көлде атасының үйінде жүргендей жүреді. Әйтеуір, бүгін жағдайы жеткен ата-ана балаларына ел мен жерді көрсетеді. Тым құрығанда қаладағы аквапарктерге әкеледі. Бұл да заманның түзелгені, елдің еңсесін тіктегені деп санаймыз. Әйтпесе, қалтаңда қаржың болмаса қарға адым жерге бара алмайсың ғой. Ал біздің теңізіміз ауыл шетіндегі күрішке су жіберетін канал болатын. Осы каналды ата-әжелеріміз қолмен қазған дейді. Сырдариядан бастап. Ұзыннан ұзын созылып жатқан арнаны жалаң қолмен қазып шыққан олар шынымен де жанкешті екен-ау. Есік алдындағы бақшаның арығын аршуға шамамыз жетпейтін біздер аталарымыз қазған каналда балықша жүземіз. Жазы өте ыстық Ақмешіт атырабында каналға түспей болмайды. Қараптан-қарап қара терге малшынасың. Біз секілді ойын баласының басында шәйнек қайнап жүреді. Ағысы қатты арнаға ата-анаң, аға-әпкелерің жібермейді. Суға батып кетесің деп. Түс әлетінде барлығы ұйқыға кетеді. Сені де бір бұрышқа жатқызып қойған. Әлден уақытта, бәрі ұйықтады-ау дегенде мысықтабандап сыртқа жылыстайсың. Ақырын ғана далаға шығып, есіктің сыртына ағаш тіреп, тұра қаш сосын. Осы есікке ағаш тіреп кету деген не әдет екенін әлі күнге дейін түсінбеймін. Әсілі, суға түсуге шығып бара жатқанымызды біліп қалған адам артымыздан қуып кеп берсе, есікті аша алмасын дейтін қулығымыз шығар. Екі өкпеңді қолыңа алып барғанда шүпірлеген қарадомалақтың асыр салып жүргенін көресің. Жүгіріп келе жатып киімнің бәрін шешіп үлгергенсің ғой. Сол екпінмен қолыңдағы киімді бір шетке лақтыра салып, каналға қойып кеткендегі сезім ерекше еді. Қара теңіз бен Ақ теңізге, Ыстық көлге түстік қой. Бірақ соның бірде-біреуі бала кездегі каналға түскен сәттегі ерекше күйді сыйлай алған емес. Канал басында да түрлі ойын бар. Алдымен сүңгіп жарысасың. Ені он метрдей болатын арнаның бергі шетінен сүңгіп, арғы жағына бару шарт. Алғаш суға түсіп жүргенде ортасына жетпей атып шығасың. Жинаған ауаң тарылып, арасында су жұтып, өліп бара жатсаң, атып шықпағанда қайтесің? Күнделікті сүңги бергесін ауа мен күшті оңтайлы пайдаланып, шыдамдылығыңды шыңдай түсесің. Міне, сол кезде каналдың арғы бетіне дейін сүңгіп баруға шамаң жетеді. Бұған тоқтап қалатын бала бар ма? Балықтан бетер болған қатарластарың енді тағы бір қылық шығарады. – Мен қазір мына беттен сүңгимін бар ғой, сосын арғы бетке барып, қолымды былай шығарып, осы жаққа қайтып келемін, – дейді қос танауы делиіп. – Қой, ей-й-й, – дейсің керіле. «Бәстесесің бе?». «Давай». Алыстан жүгіріп келген жүгермек суға күмп береді. Лай каналда оның қайда кетіп бара жатқанын аңғару мүмкін емес. Сәлден соң арғы беттен шошайып қолы шығады. Су астында бұрылып жатқанын бағамдайсың. Сөйтіп тұрғанда тап алдыңнан атып шығады. Екі езуі екі құлағында. Риза. «Ұтылдың сен», – дейді. Мойындамасқа лаж жоқ. Бір кезде барып «кеше сендер кетіп қалғанда үйренгем» деп ыржияды. Енді бұл әдісті сен жасауың керек. Досыңнан кемсің бе? Ақыры ол нәтижеге де қол жеткізесің. Каналды кесіп өтетін көпір үстінен сальто айналып секіру де өзінше бір бәсеке. Алға қарап, арқаңмен тұрып айналып секірудің түр-түрін меңгересің. Ағысқа қарсы жүзуден жарыстың көрігі тіпті қызады. Бірнеше шақырымға дейін жүзгенде шын мықтылар ғана қалады. Өкпесі өшкендер жиекке шыға береді. Мұндағы ең ғажабы, соншама жерден шалқалап ағып келгенің. Шаршағаның басылып, жалақ ойнауға жарап тұрасың. Жұрт жазықта бірін-бірі қуып жалақ ойнаса, біз оны суға ыңғайлап алғанбыз. Әйтеуір қызығы басылмайтын мезгіл еді жазыңыз. Ал енді суға түсуге кластың қыздары келсе, онда Құдай берді деген сөз. Олардың алдында бар өнеріңді көрсетіп мақтануға, өзіңнің мықтылығыңды дәлелдеуге таптырмайтын құрал бұл. Әлгі жерде кәдімгідей кісі боп қаласың ғой. Қыздарға жүзуді үйретіп, тәлімгерлік қыласың. Сөйтіп, жүріп шаруаңды да шешіп аласың. Ертеңгі математикадан болатын бақылауда сыныптас қыз саған көшіртуге келісімін береді. Бұлардың суға түсуге келгені қандай жақсы болған? Әйтпесе, математикадан екі алар едік дейсің ойша. Үйдегілер ұйқыдан тұрмай жету қажет. Суға түскеніңді білдірмеу – өзіңе қойған басты талабың. Сондықтан әбден лай су мүжіп, торлап кеткен бетіңді топырақпен шаясың. Қызық та, суға түсіп-түсіп, ақырында бетіңе топырақ жаққаның. Бірақ қызарып кеткен екі көзің бәрібір сенің қайдан келгеніңді айғақтап береді. Қанша жерден жасырғаныңмен, үлкендер бәрібір біліп қояды. Кейде каналдың қызығынан шыға алмай, үйдегілерді сыртынан ағашпен жауып кеткеніңді есте қалмайды. Ондай сәтте таяқ жеуге өзің-ақ ыңғайлана бересің ғой... Түйін: Құмның арасынан «құмсағыз» тергенің, қара жолдың асфальтін аузыңа шайнаңдап салғаның, велосипедті ортасына кіріп алып тепкенің, есектің бөксесіне отырып шапқаның, айырсадақ – рогаткамен талай құсты атқаның, қалың қамыстың арасында қой баққаның, шөмеле шөптің үстінде қиялға батқаның; бәрі-бәрі ауыл балаларының алданыштары еді. Үйде өсіп келе жатқан бозөкпелерге осыны айтсам, ертегі сияқты қабылдайды. Компьютердің экранына үңілген күйі иығын қиқаңдатады да қояды. Заманның өзгергені, өзгеше өңге енгені осы да. Ержан БАЙТІЛЕС, «Егемен Қазақстан». Қызылорда облысы.