28 Қаңтар, 2015

Белесебет пен байлық

565 рет
көрсетілді
25 мин
оқу үшін
мархабат байғұт-1Н. уәлаятының оншақты олигархы қата­рындағы Қанағат мырзаңыз қатты сыр­қаттанып, айықпас ауруға шалдыққанда, еліңіздің егемендігіне жиырма екі жыл толған еді. Сезді. Іш шіркініңіз шиша. Жүректің қырық қалтасы қосыла қалтырап, болжам біл­дірді. Апаттың алдын алмақтан үміт­теніп, Алманияға аттанды. Неміс достары Қана­ғат мырзаңызды қазақтардың тәуел­сіздік мерекесімен құттықтады. Салиқалы сұхбаттарын созалаңдатпас мінездерінен міз бақпай, техно­логиялық жабдықтың аса жетілген түрі арқылы тексерістен өткізді. Өзге де өзгешерек әрекеттерін аямады. Болмасқа кеткені белгілі еді бәрібір. Өз өтініші бойынша ақиқат айтылды. Ары барғанда алты айлық ауа жұтар ахуал. «Алты айға да қанағат», – деді Қанағат мырзаңыз. Әкесі болыстың баласытұғын. Орынборда оқыған екен. Біресе датталып, біресе ақталып жүріп, кеңестік өкімет тұсында облаткомға дейін өскен. Отыз жетінші жылдың қақаған қаңтарында қамалған. Осы облыстың орталығындағы тас түрмеде тергеу басталған. «Екінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі концлагерьлерде фашистер тұтқындардың тырнақтары астына ине сұққылады ғой. Соны сәбеттің отыз жетінші жылғы түрмелік тәжірибесінен алыпты. Тырнақтарымның астындағы ақтаңдақ жолақтар – жуалдыздың іздері. Отыз жетінші жылғы...» деуші еді әкесі жарықтық. Тас түрме теңселіпті сонда. Тәулігіне бір жұтым ғана борсыған су береді екен. Резина қамшыдан басталатын қинау адам нанғысыз азаптарға жалғасатын болған. Тырнақ астына тызылдата сұққыланар жуалдыздар... Шыңғырған дауыстар көшеге естілмес үшін «Қытай серенадасын» ойнатар... Қазіргі Қазыбек би, бұрынғы Большевиктер көшесі ғой. Әкесі сирек сөзуарланар. Сондайда, ойхой, шешендерше шешілер. Кей-кейде көз жасына ерік берер еді. «Бәрін қойшы. Ең-ең-ең тозағы – таза ауаның, жалғыз ғана жұтым ауаның жетпеуі екен, – дейтін ол кісі қалшылдай қиналып. – Бір жұтым ауа. Бір ғана жұтым. Жеті адамдық қуықтай қапаста қырық жігіт тікесінен тік тұрады. Бір-бірінің арасына біздің ұшы кірместей күйде. Жалғыз жұтым ауа – асыл арман. Мөлдір ауамен минөт мөлшерінде ғана тыныстап өлмекті аңсайсың. Өзгенің бәрі ұмыт. Басқаның баршасы мәнсіз. Мәніссіз. Жеті адамға арналған бөлмеде қырық жігіт қырылдайды...» Болыстың баласы болған әкесі тұншыға демігіп, кеуде тұсын тырналап, тысқа қарата тырмысатын. Бұл жанұшыра жәрдемдесетін. Қанағат мырза Мюнхен шаһарының Фридрихштрассе көшесіндегі керемет клиникада жатып, шүкіршілік шақырды. Алты айдай ауа жұтады. Аз емес. Тірі жүреді. Тіршілік кешеді. Ауруының аты жаман, әрине. Тырнақ астынан жуалдыз сұққаннан бетер шырқырар. Алайда, ауруының жанға батар жақтарын жеңілдетер «серенада» секілді септестерін де табар. Мюнхендегі серіктестері. Израильдегі әріптестері. Шүкіршілік. Қанағат етер Қанағат. «Алты айда қанша жұтым ауа қармар екенмін-ей?!» – деп әзілдей әйбаттанбаққа әрекеттенді. Алғашқы айда неміс достары денсаулығын және Алманиядағы фирмасын нығайтысты. Екінші ай басқа да шет жұрттардағы қаржы-қаражатын нықтап, есеп-қисаптарын талдамаққа арналды. Үшінші айдың бірінші жартысында үйіндегі қосағымен бірге Сарыағашта емделген. Екінші жартысында бес-алты жылдан бермен қарата құпия ғұмыр кешетін келіншегімен құпия аралдардың бірінде демделген. Әр жұтым ауа ләззатшылдықтың ұшар биік қабаттарында қалықтатқан. Аралдың аспанында ұлпалана ұшатын ақ бұлттар үстінде шалқалай жатып жүзгендей еді. Амал нешік, төртінші айда басы мең-зең бола бастады. Меңірейіп отырып қалатынға айналды. Құпия келіншегіне жасырып жүрген сырын да, шынын да мағлұм етуге мәжбүрленді. Күндей көркемінің көкейіндегі діттерін ашып, тілеген дүниелері мен қалаған мөлшердегі қаржысын қамдастырды. Екеуі оңашалана жылап-еңіреп, біржолата қош айтысты. Шет жұрттардағы шаруалардан гөрі өз еліндегі шытырмандау шараларды рет­тестіру, жықпылдарды жайбағыстау қиындау соққан. Әжептеуір әлсіреген. Әр­бір жұтым ауаға қорғасынның уы мен фосфордың буы ара­ласқандай ауырсынудан арылмады. Сырттай сыр бермеске бекінген беріктігінен танбас. Бесінші айда бір аптадан астам уақыт төсек тартты. Жалғыз ұлы Зұлпықар заман­ға зайыр икемделгенін танытып, әкесінің жұтар ауасына жұпар дарытып, құнар қос­ты. Осы облыстың орталығы мен бі­рер моноқалалардағы шағын зауыттарда, мейрамханаларда мін байқалар емес. «Шүкіршілік. Қанағат еткін, Қанағат», – деп күбірлейді мырзаңыз. Соңғы айларда солғынданған жүзіне күлкі үйірілгендей күйде. Солай сезініңкіреп. Жүдеу тартқан тәнінің тылсым түкпірлерінен алапат апаттар бас көтерердей қорқыныш қаумалайтын. Кейде. Тездетіп септес «серенадаларға» жүгіне қоятын. Алтыншы ай маусымның саумал ша­ғытұғын. Әр сағат, әрбір күн зуылдай зау­лады. Зұлпықарының және үйіндегі әйелінің сүйеп-сүйемелдеуімен, бас күзетшісін ертіп, басқа ешкімге білдірместен, барлық шағын зауыттары мен мейрамханаларын, Алматы мен Астанадағы коттедж-кешендерін аралап қайтты. Қоштасты. Іштей. Кейде сырттай. Әйелі де, жалғыз ұлы да бәрін біледі. Түсінеді, әрине. Білмеген, білдірмеген болады. Көндіккен. Әбден. Бәріне дайын. Тас-түйін. Маусымның көкмайса шалғындары, Алматының алуан алмалары жапырағындағы жалт-жұлт сәулелер, Астананың аққайыңдары, әлі бүрлеп үлгермеген тораңғыл тәріздес талдары мен бүрген-бұталары қатты әсер етті. Бұрындары байқай бермеген табиғаттың тосын суреттері жанарын жасауратты. Құпия келіншегімен алыс аралда отырып, екеуден-екеу еңірегендей-ақ жылағысы келді. Әйелі мен ұлының алдында байқатпай бақты. Алматының ауасы аз ғана қапырықтау, ал Астананың ауасы салқындау, есесіне саф таза сезілді. Қомағайлана қарпыды. Ашқарақтана асады. Ауаны. Қайтарда: «Ей, Жаратқан Ие, енді қанша жұтым ауа бұйыртар екенсің?» – деді. Ішінен. Тұншығып. Жүрегі алқымында атқақтап. Ақырында ақырғы аптасы жеткен. Түске кәдім­гідей-ақ маңыз беретін. Мазмұн үстейтін. Өзгелер не десе, о десін. Қаншаға бөлсе де, өз еріктері білсін. Түс көрмекті. Бұл екіге бөлетін. Шым-шытырық шайтан түс және айқын тұспалы бар аян түс. Ақырғы аптадағы айрықша түсін аянға балады. Ол былайтұғын. Түсінде Тель-Авивтен Мюнхенге қаты­найтын алып ұшақта отырыпты. Дейді. Баяғыдағыдай. Ақұлпа мақта мәнзелдес ақша бұлттардың үстінде қалықтап келеді екен. Дейді. Бұрынғыдай. Күндей көркемі көрінбеді бірақ. Кенет. Табан астынан тынысы тарылып, жалғыз жұтым ауаға зар болып, азапқа буылғаны. Жан-жағына қараса, басқалардың бәрі жайбарақат. Ұйқыда. Тәп-тәтті тыныстап, тынығуда. Секілді. Тозақ қармағына қар­малған өзі ғана. Сияқты. Жанына Жаналғыш кеп тұрыпты. «Өмірдерек!» – деп зіркілдеді Жаналғыш күнделікті газет-журнал тілімен. «Бұл өзі шынымен жаналғыш па, әлде көп журналистің біреуі ме? Сұхбат алмақ па? Әзілі ме, шыны ма?» – деп ойланыңқыраған Қанағат мырза миығынан күлмекке, аздап жағымпазданбаққа әрекет жасаған. «Жағымпаздық жүрмейді! Жылдамдат! Бүкіл ғұмырыңа жарық жылдамдығымен шолу жаса! Өмірдерек!» – деді әлгі. Қанағат мырзаңыз өткен ғасырдың елу жетінші жылы туғанын күбірледі. Әкесін ойлады. Шешесін елестетті. Балалық шағы. Әкесінің әңгімелері. Бір жұтым ауа. Жуалдыздар. Жендеттер. Алматыда халық шаруашылығы институтын бітіргені. Жылдам жылжып өскені. Қызметтері. Лауазымдары. Ғасыр соңына таман елінің егемендік алғаны. Оған дейін-ақ талай-талай бел-белестерге, асу-асу белдерге көтерілгені. Тәуелсіздіктің әуелгі кезінен-ақ кәсіпкерліктің кілтін іздемекке кіріскені. Бизнеске бел шеше бұлқынғаны. Құлшынғаны. Бірқанша жыл бұрынырақта бұны әкімдік басқару жүйесіне бұрғаны. Барғаны. Аудан әкімі. Облыс әкімінің орынбасары. Болғаны. Уақыт ағымдарының, қоғамдық даму ағыстарының алмағайыпқа айналғаны. Түсінікті-түсініксіз құбылыстардың қабыздағаны. Әлеуметтік жіктелістердің үдегені. Меншіктің мемлекет иелігінен алынуындағы анайылықтар. Жабайылықтар. Пейіл-пиғылдардың бұзылуы. Мүлік теңсіздігінің дертіп, кертіп қана емес, қарпып қалмақтың қабынуы... «Өмірдерек дегеніңіз қысқа-нұсқа болушы еді. Жүдә шыли тереңірек кеттім-ау», – деген. Түсінде. Ұшақ үстінде түс көріп, түсінде не айтып отырғанын анық біледі-әй. Пауза жасап байқамақтұғын. «Кідірме! – деді жаналғыш. – Еліңнің есі шығып, жұртың жадынан жаңылып, алып мемлекетіңнің алпауыт зауыттары арасындағы шынжырлар мен шылбырлар бырт-бырт үзіліп кеткендегі кепке қарай кейбір күнәларың кешірілер. Аздап-аздап ақталарсың. Алайда, Алла тағала көркемниетті ұлт етіп жаратқан қазақтың өз өрнектерін, өнегелі дәстүр-салттарын ескермей, елемей, бірыңғай еуропаша еліргендер мен есіргендердің қатарындасың, Қанағат пенде! Атыңды ақтамаған жақтарың жетіп-артылар. Әдемі ұлтыңның әлеуметтік мінезін бүлдірушілердің бірінен саналасың сен! Білесің бе?! Көзің тіріде кемшіліктеріңді мойындасаң да, жасырсаң да, өз қалауыңда. Айта түс тағы да...». «Айтайын... Айтайын... Мойындамай қайтейін... Жекешелендірудің қалың-қою қаймақтарынан қалқып ішіп, қылғыта жұтқанымыз рас. Бірақ, дәл сондай кезенейлі кезеңде өйтпеске де болмайтын еді ғой. Жырғап жүргендер аз емес-ті, әрине. Қолынан келгендер қармады, әлбетте. Жалмады әбден-ақ. Алайда, асыра сілтеушіліктер асқына тұра, құнығушылық пен қанағатсыздық қабына тұра, бәрібір, жекешелендіруіміз жалпы байлықты, мүлік-мүкәмал атаулыны таланға түсіріп, таражға ұшыраудан, қоғамымызды қирандыға айналудан аман алып қалды емес пе? Жа-Жа-Жа...». Қанағат мырзаңыз сонда: «Жа-Жа-Жақа-а-а-а!» деп жыламсырағандай болған. Жаналғышты Жақа деуге болмас деп тілін тістеген. «Жалғай бер, – деді жаңағы бейне. – Жалғай түс, пенде». «Жалғайын... Жалғайын... Жаңашаланған, басқашаланған тірліктің көзін таба білген тынымсыз табандылардың, өрелері өрістілердің, шетелдік алпауыттармен иық теңестіріп, тізе тірестіре алатындай, тіл табысатындай тұлғалардың арқасында ғана сақталып қалды ғой, Жаратушы Ие жаратқан бір ұлтыңыз. Бір еліңіз. Әрине, әлеуметтік мінездің бүлінгені, құлықтың бұзылғаны рас... Кінәміз де, күнәміз де көп...». «Жарайды, – деді Жаналғыш. – Аспандағы арылуың да тіркелер. Нәт-ниетің де ескерілер. Жүгің жеңілдеді, күнәң кеміді дей алман, алайда. Осы облысыңдағы оншақты олигархтың бірегейі болғаныңмен, өзгелердей не мектеп салмадың, не мешіт тұрғызбадың, не көпір көтермедің. Мәдениетке меценаттық жасамаққа келгенде, кежегең кегжеңдеп, тарылып, қатып қалар қазақсың. Жауап бересің әлі бәріне...». Қанағат қалғып барып, қайта бір сергектеніп, санасы айқындалғанда, жаңағы түсі жалғасты. Әлгі бейненің орнында басқа тұлға тұрыпты. «Мә, бір жұтым ауаны асап алғын, – деді ол. – Ажалың жақын. Ақыл тыңдасаң, аңғартарым бар. Жаналғыш жаңа сездірді ғой. Көр азабы, қабір тергеуі мына сендейлер үшін аса ауыр болары аян. Жеңілдетудің бір жолын ойыңа салайын. Алғашқы түнгі тергеуде жаныңда жатып, жазаңды бөлісер жан табылар ма? Адал-аңғал, кедей-кембағал адам таба алармысың сен пенде? Ол адамың өлмейді. Тек бір түн өзіңмен бірге жатады. Ертеңіне көрден шығарып алатын шын жанашырларың жаңағы адал-аңғалға, кедей-кембағалға бүкіл байлығыңның тең жартысын беруі керек. Басты шарт – осы. Қисаңдар, әрине. Артыңда қалар мұрагер қиса, әлбетте. Қимаса, қабір тергеуі, көр азабы теңдессіз һәм төзгісіз болар. Ойлан. Ойланып көргін осыны». Қанағат мырзаңыз ең сенімді саналатын күзет бастығы мен Зұлпықарын ақырғы аманат айтпаққа шақырды. Екі күннен кешіктірмей кедей-кембағал, адал-аңғал, аузына айрықша берік адам табылуы тиіс. Оның Қанағаттың артынша қабірге түсірілмегі, бірге түнеп, ертеңіне сыртқа шығарылмағы жасырын жүзеленуі жөн. Бәрі ойдағыдай орындалса, бүкіл байлықтың, яғни шағын зауыттардың, фирмалардың, коттедж-кешендер мен мейрамханалардың, тағысын-тағылардың тең жартысы міндетті түр­де, бір шөкіміне және жалғыз теңгесіне дейін тепе-тең бөлініп берілуі керек. Заң-зәкүнге сәй­кес. Ресімделіп. «Ақырғы аманат», – деді Қанағат. «Түсінікті ме?» – деп қосты тағы да. «Ант етіңдер», – деп үстемеледі үдете. «Ант етеміз!» – десті күзет бастығы мен жалғыз ұлы қосарлана. Үш күн өтер-өтпесте, не­міс­ше дәлдікпен алғанда, алты ай­ыңыз толғанда, Қанағат мырза қатты қысылды. Оншақты олигарх қана сыятындай бөлмеде қырық шақты алпауыт тікесінен тік тұрыпты. Дейді. Араларында ине шаншылардай орын жоқ. Қалғандары емін-еркін, емен-жарқын сыңайлы. Жалғыз бұған бір жұтым ауа арманға айналыпты. Дейді. Тынысы тарылып, қырылдап, тұн­шығады-ай қиналып. Кенет әлгі тар қапастан, тозақы қиналыстан әкесі жетелеп ала жөнелгенін қараңызшы. Қанағат мырзаның ең соңғы сөзі: «Бір жұтым ауа!» болды. Марқұмды ақтық сапарға шығарып салушылар шектен тыс көп еді. ...Осы облысыңыз бойынша Елеусіздейін адал-аңғалды, кедей-кембағалды табу қиындаутұғын. Табылуын табылған. Көнбеген. Ат-тонын ала қашқан. Күзет бастығы мен Зұлпықар мырзаңыз екі түн бойы екеулеп, Елеусізді ұйықтатпаған. «Кіжінумен келесің. Өкінумен өтесің. Бір балаң мен келінің, немерелерің үйсіз-күйсіз тентіреп жүр. Қолыңдағы екінші ұлың базарда арба сүйрейді. Оқуға әзер іліккен қызыңның бір жылдық ақшасын төлей алмай отырысың мынау. Қатыныңның ауырып жатқаны анау. Ойлансаңшы, бейшара. Сорлының сор күйін кешіп өте бермекпісің өмірден? Бұл бұйырмақ байлық – сенің несібең емес пе?! Біле білсең! Ойға салшы. Бір түнгі қабір қорқынышы түк емес. Ғасырлар бойы адал адамдар бейітке, молаларға түнеген. Мазараттардан сескенбеген. Бір ғана түн. Білесің бе?! Түсінесің бе?! Бір түн үшін пәлен зауыт, бірнеше мейрамхана, коттедж-кешен, «Джипке» қоса әлденеше көлік, миллиондаған теңге мен доллар. Кәллаң істей ме, көке-е-е?!». Енді, міне. Елеусізіңіз қап-қараңғы, сұп-суық көрде жатыпты. Қанағат мырзаның қасында. Арнайы жабдық басында. Жарық дүниенің ауасын шым-шым жұтады. Топырақтың астында. Түн жарықтық жылдам өтер деп ойлаған. Жүз жылға созылардай. Ыңырсып ышқынды. Іштей. Қайран жүрегі оқпан арыққа тығылған ырдуан арбадай ошарылып барып, қайта соғатындай. Өлік тіріліп кетіп, бас салатындай. Қатты қапаланып, бармағын шайнағысы бар. Қозғалуға қорқады. Талықсып барып, есінен танды-ау. Әлде көзі ілінді ме екен? Түсі ме, әлде өңі ме? Өлі ме, әлде тірі ме? Белгісіз. Екі жағында екі дәу пайда болды. Мәңкүр мен Нәңкүр деуші ме еді? Аңыз айтатындар. Білгіштер. Солар болар, сірә. – Ей, күнәһар, ең алдымен, ұрлығыңды мәлімде! – деді бірі. – Жасырма. Бәрі жазулы. Тек өз аузыңнан, өз тіліңмен, өз діліңмен баян етуге тиіссің, – деді екіншісі. Елеусіз ойланыңқырады. Қалтырап. – Бол! – деді екі дәу дауыстарын бірге қосып. – Басқалармен салыстырғанда... Адал сияқтымын, – деді дірілдеп. Осылай бастай бергенде, оншақты жуалдыз ба, әлде отызшақты ине ме, он саусағының тырнақтары астынан кіріп кеп-кеп жөнелді. Есінен танды-ау. Елеусізіңіз. Ондай сұмдық ауырсынуды бұрын бас­тан кешпегені шүйдесін шаншылады. Санасында тіркелді. – Бала кезіңде белесебет ұрлағаның тізімнің басында тұр, – деді біреуі. Мүмкін Мәңкүр мұнысы. – Басқалармен салыстырып сандалмағын өзіңді. Әр пенде өз күнәсі үшін тек өзі ғана жауап береді, – деді екіншісі. Нәңкүр шығар. Ильич кентіндегі интернатта жүріп, онбіржылдық мектепте оқитын еді. Алыстағы мақталы ауылда жарымай өскені жасырын емес. Бес-алты жасынан-ақ белесебетті аңсаған. Армандаған. Әуелгіде селсе­беттің баласы белесебетті болды. Гагарин ғарышқа ұшқан көктемде. Бөлімше басқарушысының екі ұлы бірдей белесебет алды. Сол жазда. Ауылда белесебет көбейе берді. Бұларға бітпеді. Бақыт қонбады. Өзіне де. Інісіне де. Қарындасына да. Әкелері Киров каналына батып кеткен. Шешелерінің қолдары көсеу. Шашы сыпырғы. Мақтадан босамас. Бәрібір, бұлар жарымаған. Ильичте де белесебеті барларға қарап, аузының суы құритын. Күндердің күнінде бел байлады. Апталар мен айлар бойы ойланған. Интернаттан таяқ тастам жерде екі қабатты, әмбебап дүкен болатын. Маңдайында «Универмаг» деген үлкен жазу бар. Сол универмагтың сұрғылт іргетасына белесебеттерін сүйей сала ішке кіріп кететіндерді байқайтын. Бір жолы егде тартқан еңкіш орыс ескі белесебетін мұқияттап тікірейтіп қойып, әмбебап дүкеннің екінші қабатына көтерілді. Міне, ұрымтал сәт. Деп түйді бұл. Белесебет ескі. Иесі егде. Онша обал болмас. Қатты қиналмас. Егесі. Беріле сарылып іздемес. Деп жұбатты. Өзін. Кей тұстарын тот басқан, жұмыр темірлері ақжемдене жұқарған тозыңқы белесебетті мінерде аяқ-қолдары қалтырады. Басы дың-дың етті. Беті ду-ду. Тісі-тісіне тимей сақылдады. Асфальт жолға түсердегі үрейді ойласа, осы уақытқа дейін үрегейленетін. Ауылына қарай зуылдады. Болар іс болды. Әлдебір мәшиненің даусы заулай естілсе, өзінен-өзі: «А-а-а-а-а! А-а-а-а-а!» деп ай­қайлайды. Көкқасқа деп аталатын жүк мәшинесі басып оза тоқтаған. Елеусіз белесебетті тастай сала, жандалбаса күйде: «А-а-а-а-а! Ойба-а-ай, өлді-і-м-м!» деп қозапая кешіп, безіп қашқан. Балағы жыртылып, балтыры тілініп, қалың тұт ағашының арасына тығылған. Абайлап қараса, көкқасқадан түскен екеудің белесебетте шаруасы жоқ. Ыш­қырларымен әлектеніп, мәшинелеріне мініп жатыпты. Абыройы аздап-аздап өскен. Ауылында. Елеусізіңіз елеулілер қатарына қосылғандай еді-ау. Ұзаққа бармады бірақ. «Ескі белесебет қой. Мақта терімнен тауып, сақтап жүрген он сом ақшама орыстан сатып алдым», – дейтін еді. Көп ұзамай-ақ кирелеңдеп, қирап, жыңғыл шарбақтың бір бұрышын нығайтты. Одан кейін Елекеңдерге ешқандай темір көлік біткен емес-ті. Екі ғасырдың тоғысында облыстың орталығына көшті. Жарымады. – Белесебет ұрлағаным рас. Мойын­даймын, – деді Елеусізіңіз көрде жатқан күйінде кем­сеңдей жылап. – Кешірім өтінемін. Өмір бойы өкінумен келемін. Күнәм кемірек, обалы азырақ болар деп, орыс кісінің тозық белесебетін алып қашып ем. Ескі еді. – Мүсәпірленіп, мәймөңкелеуің қабыл­данбайды. Ақтала алмайсың! – деді бірінші бейне. – Аласың жазаңды! – деді екіншісі. – Ойбай-ай! Ойбай-ай! Жаңағы жуалдыздар белесебеттің жазасы емес пе еді-і-і-і?! – деп еңіреді Елеусіз. Өңі ме, түсі ме? Өлі ме, тірі ме? Белгісіз. – Сол белесебет иесінің кемпірі он жыл бойы омыртқадан шойырылып жатқан мүгедек еді. Шалы алыстағы дәріханадан дәрмек таситын. Белесебетпен. Білдің бе? Сондықтан жазаң жеті есе ауырлайды! Сазайыңды тар­тасың! – деді біріншісі. Мәңкүр-ау. – Жаңағыдан жеті есе! Түсіндің бе? – деді екіншісі. Нәңкүр болар. Сәл ғана пауза жасалғанда, Елекең кітап­тардан оқығандарын ойға оралтқан. Пайымдаса, баяғы отыз жетінші жылдың түрмелеріндегі жуалдыздар мен қырық бірінші һәм қырық бесінші жылдардың концлагерьлеріндегі инелерді сұмырай жендеттер сұққылайтын еді ғой. Ал, мына жағдайыңызда жуалдыздар мен инелер өздігінен-ақ сумаң қағады екен дә-ә-ә. Тырнақтарының астынан шыңыл-ысылмен кірген жуалдыздар мен инелердің неше есеге көбейгенін кім білер. Жан баласы төзгісіз, адам айтса нанғысыз азапты шаншулар тұла бойын тінткілеп, сүйек-сүйектерін аралай, тамыр-тамырларын қуалай жөнелгенде, Елеусізіңізге әуелгідегі, алғашқы ауырсынулар жай ғана ойыншық секілденгендей... Ертеңіне таң атар-атпаста шала-жансар адал-аңғалыңыз қабірден шығарылып алынған. Бұл басқашаланған Елеусіз еді. Қабір азабын тірідей тартқандығымен айрықшаланатын адамтұғын. Ақысы қымбат ауруханада екі аптадай емдел­ді. Есі-басы әзер-әзер бері қарады. Зұл­пықар Қанағатұлы көмектесті, әрине. Рақмет, әлбетте. Аманат пен анттың жүзеленбегі жөн ғой. Обалы нешік, Қанағат мырзаңыздың жалғыз ұлы мен бас күзетшісі барша байлықты түгел тізімдеп, тең жартысы тіркелген ақ қағазды алдына тастады. Елеусізіңіздің. Ресімдемекке. Бірақ. Кедей-кембағал, адал-аңғал адамыңыз бұл ғажайып байлықтан біржолата бас тартты. Пәлен зауыт, бірнеше мейрамхана, коттедж-кешен, «Джиппен» қоса тағы да бірнеше темір көлік, миллиондаған теңге мен мыңдаған доллардан басын ала қашты. Дүние иелеріне де, о дүниелік болған алпауытқа да алғыс жаудырды. Ешқандай өкпесі де, өтініші де жоқ. Жүдә. Талап-тілекті атамаңыздар. Тіпті. Бір ғана белесебет үшін басынан өткерген бір түндік азаптың ауыртпалықтарын, татып үлгерген тақсіреттерін жан баласына бермегей. Дейді. Ішінен ғана. Шегіп шыққан жапасын, кешіп көрген жазасын жауына да тілемес. Ойға алмаққа да шошынар. Су жаңа олигарх саналар Зұлпықар Қана­ғатұлы мен бас күзетшісі Елеусізіңіздің алдына қайта-қайта барған. Көнбеген. Ең соңғы сұхбаттан кейін екеуі бүй деген: – Елеке! Ең болмаса, бізден бірдеңе сұра­ңызшы. Қазақшалап «қаладым» деңізші. Өлетінге айналдық. Шаршадық. Ең құрығанда, «Джипті», әйтпесе кез келген басқа бір көлікті алыңызшы! – Қоймадыңдар ғой, балдар, – деді сонда Елеусізіңіз қара жерге қадала қараған қалпында. – Жаратқан Иеміз кешіргей. Кіші немерем, әлгі базарда арба итеретін иттің күшігі, белесебет деп қыңқылдап жүр еді... Өздерің қоймадыңдар... Бір белесебет жетеді, балдар... Осындай оқиғаның болғанына біреу бәлкім сенер, екеу мүлде сенбес, әрине. Мәселе кімнің иланып, кімдердің күдік келтіруінде емес, әлбет­те. Негізінен аталмыш жағдай құпия қалуы тиістұғын. Оқиғаға тікелей қатысқан үшеу ешкімге, ешқашан тіс жармасқа анттасқан. Деген­мен, сыпсың-сыпсың сусылдап барып басылған. Сеніңкірегендер: «Не шықса да Н. уәлаятынан шығады», – десті де, тез тыншыды. Иланбағандар заулаған заман илеуінен иық тіктей алмай, лез-демде ұмытып үлгерген. Мархабат БАЙҒҰТ. ШЫМКЕНТ.