Қанат Естайұлы ең алдымен 10 мың басқа арналған мал шаруашылығы кешенін құруды ойластырып, бизнес-жоба жасады. Есептей келгенде жоба құны 1 417,3 млн теңге болып шықты. Мұндай қаражат таптыра қоя ма? Өз қалтасынан 744 млн теңге табылды. Жетпей тұрғанына «Агробизнес» бағдарламасы арқылы берілетін жеңілдетілген несие көмектесті. Сөйтіп, жұмыс басталып кетті. Бұл 2021 жыл болатын.
«Жобаның алғашқы кезеңінде кәсіпкер қой ұстауға қажетті 3 баз, 2 000 қара малға арналған бордақылау алаңын салды. Сонымен қатар, сатып алу арқылы мал басын да көбейтті. Осылайша, болашақ ет комбинатының негізі қаланды», дейді Жаңаарқа ауданы кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің бас маманы Ардақ Алпысов.
Жуырда ғана комбинат іске қосылды. Ашылу салтанатына облыс әкімінің орынбасары Ж.Нөпіров қатысты.
«Бұл – біздің облыстағы ең алғашқы ет комбинаты. Осындай іргелі жобаны қолға алып, іске асырған кәсіпкерге алғыс айтамыз. Алғашқы комбинат басқа да кәсіпкерлерге тамаша үлгі болуға тиісті. Өйткені облыста мұндай мүмкіндік мол. Тек ынта мен жігер болсын», деді.
Комбинаттың өз зертханасы, консерв, сою және ішек-қарын аршу цехтары, мұздатқыш, тоңазытқыш камералары, өнім сақтау қоймалары, тері сақтайтын орны бар.
«Жылына 230 тонна ет өнімдерін өндіруді мақсат етіп қойдық. Бір ауысымда 3 мың банк консерв шығарамыз. Біз жылқы, сиыр, қой еттерін пайдаланамыз. Мұнда ет консервілерімен қоса тұшпара, манты, котлет секілді жартылай фабрикаттық өнімдер де шығарылады. Өнімдерімізді Ұлытау облысына қоса, көршілес Қарағанды облысына да шығарып, сатамыз. Облыс басшылығы Жезқазған қаласынан ашылатын әлеуметтік дүкендерден арнайы орын бөлгелі отыр», деді бізбен әңгімесінде «Uly dala Co» ЖШС директоры Жамбыл Жүндібаев.
Бір сүйсінерлігі, мұнда жұмыскерлерге жақсы жағдай әбден ойластырылған. 4 гектар жерді алып жатқан комбинат аумағында арнайы жатақхана, асхана және қонақ бөлмелері бар. Әзірге комбинатта 20 адам еңбек етіп жатыр.
Кәсіпкер жұмыс ауқымын ұлғайту, өнім түрлерін көбейту секілді шаруаларды біртіндеп жүзе асыруды көздейді. Бұл комбинаттың ашылуы жақын ауылдардағы мал иелеріне де оңтайлы болғалы тұр. Өйткені комбинат өндірісті ұлғайтқан кезде етті ауылдардан да қабылдай бастайды.
Ұлытау облысы,
Жаңаарқа ауданы