Қоғам • 28 Қыркүйек, 2024

Маусымашар жаңғырығы

177 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Qazaqstan республикалық телерадиокорпорациясы жаңа телевизиялық маусымдағы жобаларының таныстырылымын өткізді. Тікелей эфир студиясында өткен іс-шараға шығармашыл қауым, сала ардагерлері, руханият өкілдері қатысты. Соңғы жылдары дәстүрге айналған таныстырылым бір жағынан жаңа өнімдерді насихаттау болса, екіншіден өткенді қорытындылап, болашақ шығармашылық жұмысты пысықтауға саяды.

Маусымашар жаңғырығы

Жаңа маусым таныстырылымын телеарна тілшілері мен олардың жасанды интеллект арқылы жасалған образдары бірлесіп жүргізді. Елдегі ең үлкен медиа ұжым күзгі маусымда аудиторияның барлық санатының сұранысын қамтитын түрлі жанрдағы 28 жаңа бағдарлама, жалпы серияларының саны 150 бөлімді құрайтын 11 жаңа телехикая мен деректі фильмдер желісін ұсынады екен.

ап

Оның ішінде қоғамға мейірбандық, жауапкершілік, жанашырлық секіл­ді құндылықтарды қарапайым кейіп­­кер­лер арқылы орнықтыруға бағыт­тал­ған «Жақсылық жаса» атты жаңа бағдар­ламаны ерекше атап өтуге болады. Жұма күні кешке эфирге шығатын хабардың бірнеше шығарылымы көрерменге жол тартты. Өз өмірін қиып, 130 баланы құтқарған қарағандылық полиция қызметкері Қайрат Жұмабековтің, Жамбыл облысындағы жол апатында өртке оранған көліктен бірнеше адамды алып шыққан Мәди Әлиевтің, Астанада 15 жастағы жасөспірімді пәтердегі өрт­тен арашалап алған Алтынбек Алтаев­тың ерлік істері мен оқиға куәгерлері көрсетілді.

Ұлттық арна елдің 17 аймағының ерек­шелігін қамтитын «Атамекен» теле­визиялық тревел-шоу бағдарламасын да қолға алыпты. Тревел-шоу – эфирде кө­рінбей кеткен жанр. Шығармашылық ұжым жаз бойы әр аймақтағы шалғай елді мекендер мен өндіріс ошақтарын аралап шығыпты. Мұнда еңбек адам­дары­ның бейнесі айқын көрсетілген. Бұл – Мемлекет басшысы Жолдауында айтқан еңбек адамдарының рөлін дәріп­теудің мысалы.

ва

Заң шығарушы орган Парламенттің жұмысына арналған «Қос палата» хабарында журналист Ирина Советжан­қызы депутаттық сауалдардағы мәселе­лерді кеңі­нен тарқатып, көрермендерге құ­қық­тық бастамалардың жай-жапсарын түсіндіреді. Кішкентай көрермендер мен олардың ата-аналарына арналған дүниелер де назар­дан тыс қалмаған. Осындай жоба­лардың бірі – «Дара бала» хабары. Елі­міздегі ең талантты балаларды бір алаңға біріктірген жобаға арнайы іріктеуден өткен жас өнерпаздар, білім, ғылым, өнер, спорт салаларындағы дарынды балалар қатысады.

Корпорацияның жаңа маусымға да­йындаған қомақты дүниесінің бірі – теле­хикаялар өндірісі. Атап айтсақ, ұлттық арна көрермендерге 11 премье­ра ұсынбақ. Жалпы бөлім саны 150 серия болатын жаңа телехикаялар арасында туризм, инклюзия, спорт пен ме­дицина, құтқарушылар тақырыбы­на, отбасылық құндылықтарды дәріп­теуге бағытталған драма, мелодрамалар, Қазақ театрының 100 жылдығы­на арналған «Шам түбіндегі шындық», 1930-1940 жылдардағы мәдени кезеңге, сол замандағы Ахмет Жұбанов бастаған қазақ кәсіби музыка өнерінің көр­нек­ті тұлғаларына арналған «Жел үстіндегі вальс», Жеңістің 80 жылдығына орай Сайын Мұратбеков шығармасының желісімен түсірілетін «Жабайы алма» тарихи телехикаялары бар. Сонымен қоса биыл корпорация Бердібек Соқ­пақ­баевтың «Он алты жасар чемпион» шығармасын экранизациялайды. Осы арқылы шығармашылық ұжым қаламгерлердің мұрасын да дәріптейді. Деректі фильм жанры да жаңғыртылып, тың туындылар түсірілмек.

«Шығармашылық команда жаңа мау­сымда ұлттың жаңа сапасын қалып­тастыруға қажетті құндылықтарды дәріп­тейтін бағдарламалармен қоса, ел­дегі елеулі оқиғаларға, маңызды даталар мен өзге де өзекті тақырыптарға арналған телехикаялар мен деректі фильм­дер ұсынады. «Қазақ қызы» серия­сымен шығатын деректі жобаларымызда Ғайнижамал Дулатова, Зейнеп Бөкейханова, Нәзипа Құлжанова, Гүлсім Асфендиярова, Аққағаз Досжанова, Мүбинә Ниязова секілді әр саладан шыққан тұңғыш қайраткер әйелдердің еңбектерін насихаттауды мақсат еттік. Келер жылы бұл циклді тарихи теле­хикаяға айналдыруды жоспарлап отыр­мыз», деді «Қазақстан» РТРК» АҚ бас­қарма төрайымы Ләззат Танысбай.

Саяси-қоғамдық бағыттағы «Ашық алаң», «Әлем және біз», «Жедел желі», «Бас тақырып» жобалары, медициналық кеңес беретін «Теледәрігер», отбасы тату­лығының сырын көрсететін «Тату-тәтті», әскери-патриоттық бағыт­­тағы «Ақсауыт», тікелей эфирде күннің ­резонансты оқиғаларын талдауға арнал­ған «1001 түн» жобалары жаңа маусымда да жалғасады.

Шығармашылық кешке қатысқан ақпарат саласының ардагері, мемлекет және қоғам қайраткері Қуаныш Сұлтанов аудитория сұранысына жауап беретін бағдарламалар молаюына барлық медиа мүдделі болуға тиіс екенін айтады. «Qazaqstan» арнасы – қоғам өзгерістері мен ұлт тарихындағы жаңа парақтарға үнемі мән беріп отыратын үлкен ұжым. Руханият пен құндылықтарымызды ұлықтауда жаңашылдығымен, зор ізденісімен көш басында жүреді», деп атап өтті.

Корпорация құрамындағы «Abai tv»­ телеа­рнасынан классикалық музыка мен театрдағы әлемдік деңгейдегі туын­­ды­ларды терең талдайтын «Арнау», зият­керлік бағыттағы «Оймерген», кітап оқу мәдениетін қалыптастыруды көздейтін «Менің кітапханам» жаңа хабарлары эфирге шығады. «Balapan» телеарнасы кішкентай көрермендерге 20-ға жуық жаңа жоба мен мультхикаялар ұсына­ды. Оның ішінде мектеп жасына дейін­гі балалар арасындағы «iBars» зияткер­лік телевизиялық байқауы, балаларды ­ғы­лымға баулуды көздейтін «Ғылым­ға сая­хат», ата-аналарымен бірлесе сайысқа тү­се­тін «Ойзерек» танымдық жобасы бар.

Жаңа телевизиялық жобалардан бөлек, «Қазақстан» телерадиокорпора­циясы жыл соңына дейін «Алтын қор­дағы» құнды аудиошығармалар жинақ­талған 6 бөлімді «Асыл мұра» жинағын,  спорт журналистері мен комментаторларына арналған «Комментаторлар сөздігін» жарыққа шығарады.