Дін • 28 Қыркүйек, 2024

Наурызбай қажы Тағанұлы: Татулықтың басты тірегі – діни толеранттылық

161 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Конфессияаралық келісім мен дінаралық достық – Қазақ елін әлемге әйгілеп тұрған басты рухани ұстаным. Елімізді мекендеген түрлі этнос пен дін өкілдері өзара достық пен сыйластықта өмір сүріп жатыр. Бұған елімізде 2003 жылдан бері тұрақты өтіп келе жатқан Әлемдік және дәстүрлі дін көшбасшылары съезінің де ықпалы зор. Осы орайда біз Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлын әңгімеге тартып, еліміздегі бейбітшіліктің басты тірегі мен оған дін өкілдерінің қосып жатқан үлесі туралы ойын білген едік.

Наурызбай қажы Тағанұлы: Татулықтың басты тірегі – діни толеранттылық

– Шырпы тисе, қураған жапы­рақтай бұрқ етіп тұтанғалы тұр­ған бүгінгі әлемдік геосаяси жағдайда бей­біт­шілікке бағыт­талған әр қадам маңызды. Соның бірі – конфес­сия­аралық және мәдениет­аралық диа­логті дамыту. Біздің еліміз үшін бұл құндылықтың рөлі қандай?

– Қазіргі таңда елімізде 18 конфессияны құрайтын 3,5 мыңнан аса діни бірлестік тіркелген. Осындай әр алуандық аясында біз ұлттық қауіп­сіздікті қамтамасыз ету мен діни бос­тан­дықты қорғау арасындағы тепе-теңдікті таба алдық. Бұған қалай қол жеткіздік? Өйткені халқымыздың басым көпшілігі Ислам дінін ұстанады. Ал Ислам сөзінің өзі «бейбітшілік» деген мағынаға саяды.

Асыл дініміздің тағы бір мақсаты – адамзатқа деген сүйіспеншілік, адам құқығына құрмет етуді жүрекке орнықтыру арқылы қоғамдағы бейбіт­шілік пен тыныштықты сақтау. Дініміз бұл мақсатқа жету үшін көптеген қағиданы бекіткен. Мәселен, өзгені сыйлау, басқалардың құқығына құрмет көрсету – нағыз мұсылман болудың шарты. Ислам – бүкіл адамзатқа Алла жіберген әрі қияметке дейін жалғасатын соңғы дін. Сондай-ақ Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Ислам дінін жер жүзіндегі барлық халыққа жеткізу мақсатымен сол кездегі елдердің билеушілеріне, басшыларына хат жолдай отырып, оларды Ислам дінін қабылдауға шақырған.

Біз Әлемдік және дәстүрлі дін көш­бас­шыларының съезін өткізе отырып, жаһандағы тыныштықты сақтауға, елдер арасындағы соғысты, түрлі ұлт арасындағы қақтығыстардың алдын алуға шақырып келеміз. Себебі барлық діннің мақсаты – адамзат баласының өзара тату тұруы. Соның жемісі болар, елімізде конфессияаралық келісім мен достықтың ерекше үлгісі қалыптасты. Бұл тәжірибені іс жүзінде басқа да өлке­лерде қолдануға болатынына сенім­­дімін.

Осы орайда елімізде өтіп келе жат­қан съездердің негізгі пайымы – әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары арасындағы сенім мен өзара түсіністік­ке негізделген диалог арқылы осы сала­дағы халықаралық ынтымақтастық үшін кең мүмкіндіктерге жол ашу. Күш көрсету, экстремизм, терроризм сияқты келеңсіз құбылыстарды бірігіп еңсеруге ықпал ету.

– Сіздің ойыңызша, әлемдік бейбіт­шілікті сақтауға дін қай­рат­керлері қан­дай үлес қоса алады?

– 20 жылдан аса уақыттан бері өтіп келе жатқан діндер съезіне әлемнің ең танымал саяси тұлғалары мен дін қайраткерлері қатысты. Жаһандық жиынның идеясын әйгілі Әл-Азһар университетінің шейхы Мұхаммед Саид Тантауи, Жоғарғы имам Ахмет Тайып, Ватикан мен Католик шіркеуінің басшысы, Рим папасы Франциск секілді әлемнің өзге де аса ықпалды дін көшбас­шы­ларының қолдағанын білеміз. Бұл – жай ғана діни қайраткерлердің жиыны емес, әлемдік деңгейдегі мәселелер ортаға салынатын форум.

2022 жылы өткен жетінші съезде «Дін, қоғам және халықаралық қауіп­сіздік», «Діни наным-сенім бос­тандығы және өзге дінді ұстану­шы­лар­ды құрметтеу» және «Діни көш­бас­­шы­лардың халықаралық қауіп­сіз­дікті ны­ғайтудағы рөлі» деген ауқымды та­қырыптар аясында әңгіме өрбіді. Оның қорытындысы бойынша дін қай­раткерлері өз үндеуін жариялап, әлемді тұ­рақтандыру, тыныштыққа ша­қыру үшін бір төбенің басына жиналды. Жал­пы мұндай жиынның өтуінің өзі елі­­мізде дінаралық тұрақтылық пен өза­ра сенімнің қанат жайғанын білдірсе керек.

Ислам діні де өзге дін өкілдерімен достықта өмір сүруге, сондай-ақ толе­рант­тылыққа аса мән береді. Пайғам­барымыз Мұхаммедтің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) заманынан бері мұсылман мемлекеттерінде өзге дін өкілдері бейбіт жағдайда ғұмыр кешті. Қазақ елі сол достық ұстанымын қолдан шығармай, бүгінге дейін берік сақтап келеді. Біз әңгімеге арқау қылып отырған діндер съезі – соның анық айғағы.

– Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезінің жаһандық деңгейде тұрақтылықты сақтауға, сон­дай-ақ еліміздің имиджін артты­руға іс жүзінде нақты қандай пайдасы болды?

– «Істің нәтижесі оның қалай аяқтал­ғанынан емес, қалай бастал­ға­нынан білінеді» деп дана Абай тұжы­рым­да­ғандай, мен 2003 жылы Астанада өткен ал­ғашқы съезге тоқтала кеткім келеді. Оның жұмысына Ислам, христиандық, иудаизм, синтоизм, индуизм және буддизм секілді әлемдік және дәстүрлі дін­дердің беделді өкілдері қатысты. Бұның өзі дінаралық татулық пен келісім үшін қол жеткізілген сөзсіз жетістік еді.

Діндер диалогі І съездің тұжырым­дамалық идеясы және дау-дамайды шешу тәсілі ретінде дінаралық және ұлтаралық қарым-қатынастардағы күш көрсету мен террор әдістеріне қарсы қойылды. Қатысушылар арасында бүгінгі әлемдегі діннің рөлі және кез келген діннің негізгі моральдық құндылықтарының жалпыадамзаттық сипаты жөнінде ашық пікірлесу өтті.

Бірегей және есте қаларлық оқиғаға айналған форум бүкіл әлемдегі адамзат баласының бейбіт, лайықты өмірі үшін түрлі дін өкілдерінің ынтымақтастығы мен бірлігінің өзектілігін көрсетіп берді. Форум қорытындысы бойынша рухани көшбасшылар болашақтағы үйлесімді әлемнің негізі ретінде адамзат үшін бейбітшілік пен өрлеуді қамтамасыз ету және барлық қоғам­да тұрақтылықты сақтау бағытын­дағы бірлескен іс-әрекеттері туралы мәлімдеген декларация қабылдады. Ауқымды іс-шараның табысы деп дінаралық форумды әр үш жылда бір рет тұрақты түрде өткізу туралы бекітілген шешімді айтуға болады.

Қазақ елі тәуелсіздік алған тұстан бері әлем халқын тыныштыққа бас­тап, БҰҰ сынды үлкен мінберлерден бейбітшілік туын көтеріп келеді. Біздің бұл бастамамыз аяқсыз қалмай, өзге де әлем елдері қолдап кетті. Жаһанның дін қайраткерлері Астанада бас қосып, төрткүл дүниені соғыспауға, жер шарын жақсылыққа шақыруға бағытталған бас­тамаларын жария етті. Қырғиқабақ идеологияға жол бермеуге шақырып, этностық топтар мен дін өкілдерінің басын бір арнаға тоғыстырған алқалы жиынды ұйымдастырған Қазақ еліне ризашылығын білдіріп жатыр. Біз де сол үлкен бастаманың бел ортасында болдық. Татулықтың басты тірегі діни толеранттылықты ұстану болса, екіншісі – жер жаһандағы тыныштыққа өз үлесімізді қосу. Еліміздің бұл әлемдік бастамасы – осы бағытта қолға алынған үлкен қадам.

– Съезд хатшылығының отырысында «Әлемдік және дәстүрлі дін­­дер көшбасшылары съезінің 2023-2033 жылдарға арналған даму тұжы­­рымдамасы қабылданды. Оның маз­мұнында қандай алға қойылған міндеттер бар?

– Бұл – әрине, өте маңызды құжат. Даму тұжырымдамасы аясында съездің әлеуетін одан әрі арттырып, қатысушы елдердің көкжиегін кеңейте түсу көзделген. Бейбітшілік алаңы одан әрі өрісін жайып, тыныштық тірегі қанатын кеңге қаға бермек. Алдымызда қандай қиын мәселелер кездессе де, оны бейбіт жолмен шешу керек еке­нін осы тұжырымдама ұқтырғандай. Қазіргі таңда орын алып жатқан түрлі жан­­жал­дың алдын алуға бағытталған бұл ұсыныс көптеген дін қайраткері тарапынан қолдау тапты.

Біз де өз ұстанымымызға сәйкес, әлем халқының бірлікте, жұдырықтай жұмылып, бірлесе әрекет етуін қалай­мыз. Тұжырымдама мақсатына сәйкес, алдағы онжылдықта діндер съезінің миссиясы әлемдік және дәстүрлі діндер қауымдастықтары арасындағы өзара түсіністік пен құрметті одан әрі нығайту, сондай-ақ бүкіл адамзатқа әділ, қауіпсіз, гүлденген болашақ құруға жәрдемдесу үшін рухани дип­ломатияның әлеуетін іске асыруға сеп болары сөзсіз. Қазақ елі бұл мақсатта өз алаңын ұсына отырып, жаһанды жақсылыққа бастай бермек.

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен –

Ескендір ЗҰЛҚАРНАЙ,

«Egemen Qazaqstan»