28 Қаңтар, 2015

Рейтингте үздіктер қатарында

271 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Сараптамалық орталықтар­дың 2014 жылға арналған әлем­дік индекс-рейтингісінде Қазақстан Президенті жанын­дағы Стратегиялық зерттеулер институты (ҚСЗИ) Кавказ, Орталық және Оңтүстік Азия елдері орталықтарының арасында үздік үштікке еніп отыр. Сондай-ақ, энергетика және шикізат саясаты саласындағы әлемдік сараптамалық орталықтар арасында алғашқы отыздықтан көрінді. Олардың арасында РЭНД корпорэйшн (5-орын), Америка Стратегиялық және халықаралық зерттеулер орталығы – CSIS (11-орын), Британияның энергетикалық қауіпсіздік мәселелер жөніндегі зерттеу орталығы  – EUCERS (18-орын) сияқты сараптамалық құрылымдар бар. Аталған рейтинг Пенсильвания университетінің «Сараптамалық орталықтар және азаматтық қоғам» атты зерттеу бағдар­ламасы аясында түзіледі. Сараптамалық құрылымдардың жетістіктеріне қарай бағалау 1989 жылдан бері жүргізіліп келеді. Зерттеуге әлемнің барлық өңірінен 6500-ден аса «ақыл-ой» орталықтары алынады. Енді 2014 жылдың рейтингі мен аталымдары қандай критерийлер негізінде түзілгеніне тоқталайық: - ғылыми-сараптамалық жұмыстар­дың сапасы мен беделі – жоғары сапалы, объективті, саяси зерттеулер. Және оның мемлекет басшылығына, БАҚ пен қоғамға қолжетімділігі; - орталық қызметкерлерінің кәсіби­лігі мен абыройы – біліктілігі жоғары, тәжірибелі ғалымдар мен сарапшыларды жинауы, зерттеулер саласына мойындалған мамандарды тартуы; - жүргізілген зерттеулердің ғылыми объек­тивтілігі, орталықтың ғалымдары мен сарап­шыларының ресми аттестациясы, ғылыми жарияланымдардың сапасы мен түрлері – кітап, журнал, конференциялар материалдары, ғылыми және кәсіби іс-шаралардағы баян­дамалардың, орталық мамандары жазған ғылыми мақалалардың саны; - нақты бағдарламаларға, брифингтер мен ресми кездесулердің санына, саяси материалдардың шығуына байланысты танымалдығы; - зерттеулердің нәтижесін тарату мақ­сатында электронды және дәстүрлі ақпарат құралдарын пайдалана білу мен негізгі аудиториямен байланыс орнатуы. ҚСЗИ Елбасының Жарлығымен 1993 жылдың 16 маусымында ашылған. Инсти­туттың құрылған сәтінен бергі негізгі міндеті мемлекеттік ғылыми-зерттеу мекемесі ретінде Қазақстан Президентінің жұмысын ғылыми-сараптамалық тұрғыда қамтамасыз ету болып табылады. «Егемен-ақпарат».