Жақында Алматы қаласындағы «Aport Mall East» орталығында ерекше шара өтті. Жобаның бас демеушісі «Халық» қайырымдылық қоры жасөспірімдердің қабілетін, олардың жаттықтырушыларының еңбегін бағалап, үздіктерді ата-аналарымен бірге марапаттады.
«2018 жылы «АуылФутбол» жобасына еніп, содан бері балаларды футбол ойнауға баулып, шеберліктерін шыңдап келеміз. Былтыр «Үздік жаттықтырушы» атандым. Сондай-ақ шәкіртім, 13 жасар Мағжан Базарбай «Үздік шабуылшы» атанып, мерейі өсіп отыр. Үйірмеде 40-қа жуық бала аптасына үш рет футбол алаңына шығып, жаттығады. Демалыс күндері жолдастық кездесулерге, Алматы қаласында өтетін жасөспірімдер футбол лигасының ойындарына қатысып, төселіп келеді. Нәтиже жаман емес. «АуылФутбол» жобасының жетекшісі Серік Мәмбетов пен «Халық» қайырымдылық қоры қамқорлығының арқасында футбол үйірмесіне қатысушы жасөспірімдер тегін спорттық киіммен, доппен қамтылып, сондай-ақ жарыстарға тегін қатысуға мүмкіндік алып, қордың қамқорлығын айқын сезініп келеді», дейді Еңбекшіқазақ ауданы Алмалы ауылындағы балалар мен жасөспірімдер футбол үйірмесінің жетекшісі Дидар Шырғанақов.
«Былтыр «Халық» қайырымдылық қорымен меморандумға қол қойған едік. Соның негізінде Алматы облысынан футболдан үздік балалардың басын біріктіріп, құрама команда құрылды. Бүгінгі күні 2011, 2013, 2014 жылғы балалардан құралған 3 команда жасақталды. Оның әрбірінде 12-13 баладан бар. Сөйтіп, 40-қа жуық бала жиналып, 3 команда жазда Алматы қаласында футболдан өткен жасөспірімдер арасындағы чемпионатқа қатысты. Нәтижесінде, 2013 жылғы футболшыларымыз чемпион атанды. 2014 жылғы балалар 3-орынды иемденсе, 2011 жылғы балалар да мықты ойын үлгісін көрсетіп, 2-орынға тұрақтады. Құрама командаға қатысушы балалар – Алматы маңайындағы Еңбекшіқазақ, Қарасай, Іле, Талғар, Жамбыл аудандарындағы «АуылФутбол» жобасына қатысатын командалардан іріктеліп алынғандар», дейді аталған жобаның жетекшісі, белгілі журналист Серік Мәмбетов.
«АуылФутбол» жобасына қатысушы командаларға «Халық» қайырымдылық қоры меморандум аясында қамқорлық жасап келе жатқандығын айрықша атау керек. Айталық, футбол десе ішкен асын жерге қоятын жасөспірімдер мен жаттықтырушыларды арнайы спорттық киім, доппен қамтамасыз етіп қана қоймай, қыста, көктемде Қарғалы ауылындағы лагерьге орналастырып, бір апта бойы алаңсыз жаттығуларына әрі демалыстарын тиімді, көңілді өткізулеріне толық жағдай жасап берген. Бұл дәстүр биылғы жазда да жалғасын тауып, облыстық жасөспірімдер құрама командасы Қапшағай көлінің жағасында демалды. Команда құрамындағы балалардың тамақтануы, жол жүруі, жатын орны, басқа да керек-жарақ шығындарын толық «Халық» қайырымдылық қоры көтерді.
Қонаев қаласы, Қарғалы ауылында өткен оқу-жаттығу жиындарын еліміздің жастар құрамасының бұрынғы ойыншысы, спорт шебері Азат Битабаров жүргізді. Оған УЕФА D санатындағы жаттықтырушылар Сержан Қаптағаев, Дидар Шерғанақов, Әмір Болатов атсалысты. Нәтижесінде, бұл төрткүл дүние көз тігетін футболға Алматы облысындағы жасөспірімдердің қызығушылығын арттыруға септігін тигізіп отыр. Осы орайда, «АуылФутбол» жобасы аясында еліміздің барлық облыстарында іріктеу жарыстары жалғасып жатыр. Жыл соңында жеңімпаз командалар арасында Алматы қаласында өтетін республикалық жарысқа облыстық құрама да қатысады.
«Халық» қайырымдылық қоры – еліміздің білім, спорт, мәдениет, әлеуметтік салаларын қолдау жобаларын қаржыландырады. Қор жұмыс істеген 8 жылдың ішінде 85 млрд теңгеден астам қаржы аударған.
Додалы жарыста үздік ойын көрсетіп, жеңімпаз болған командалар мен олардың жаттықтырушыларын, футболсүйер балалардың ата-аналарын салтанатты іс-шарада «Халық» қайырымдылық қорының Алматы облыстық филиалының директоры Ғалымбек Жақсылықов құттықтады.
«Футбол ойыны – баланы төзімділікке, ептілікке, еңбекке баулиды, бойында жақсы дағдылар қалыптастырады. «АуылФутбол» жобасының былтырғы маусым айында өткен біріншілігіне 24 команда қатысты. Қазірде олардың саны 111 командаға жетіп отыр. Елімізде 4 мыңға жуық бала, соның ішінде ауыл балалары өздерінің «жасыл алаң шебері атансам» деген армандарын жүзеге асыра алады. Қор мамандарының талдау нәтижелері ауылдық жерлерде балалардың спортпен айналысуына қолжетімсіздігін анықтап отыр. Осы кемшілікті жойып, ауыл балаларының спортпен жүйелі шұғылданып, жетістікке жетуіне, тұлғалық дамуына үлкен мүмкіндік болады деген сеніммен биылдан бастап қордың қамқорлығымен «АуылСпорт» атты жаңа жобамыз жүзеге асады. Жоба шеңберінде спорттың 6 түрі, атап айтсақ, шахмат, волейбол, күрес, бокс, каратэ түрлерінен өңірлік лига басталады», деп мәлімдеді Ғ.Жақсылықов.
Салтанатты іс-шара барысында «АуылФутбол» жобасына енуге бүгінде 60 команда ниет білдіріп отырғаны атап өтілді. Талап үдесінен шығып, жобаға енер болса, жыл аяғына дейін елімізде аталған жобаға қатысушы командалар саны 171-ге жетеді деп күтіліп отыр.
Өткен жылы «Халық» қайырымдылық қоры мен «АуылФутбол» жобасы арасындағы ынтымақтастық шеңберінде қор ауылдың 100 жастар мен жасөспірімдер командасын қажет құрал-жабдықпен қамтуды, 100 жаттықтырушының УЕФА-ның D санатымен біліктілігін арттыруды, 14 облыста турнир ұйымдастырып, қорытынды республикалық турнирді Алматы облысында өткізуді, 3 команданы кәсіби оқу-жаттығу жиынымен қамтуды, яғни осы шараларды түгелдей дерлік қаржыландыруды өз мойнына алған еді. Жоғарыда аталған жұмыс – соның жарқын дәлелі.
Алматы облысы