28 Қаңтар, 2015

Одаққа Түркия да қызығушылық танытты

302 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
 Анкарада Қазақстан елшісі Жансейіт Түймебаевтың, Ресей елшісі Андрей Карловтың, Беларусь елшісі Андрей Савинных пен Қырғызстан елшісі Ибраһим Жүнісовтің қатысуымен жетекші түрік бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне арналған баспасөз мәслихаты өтті. Іс-шара 2015 жылғы 1 қаңтардан бастап іске қосылған Еуразиялық экономикалық одаққа (ЕАЭО) арналды. Іс-шара барысында спикерлер ЕАЭО құру мақсаттарына, атап айтқанда, Одаққа мүше мемлекеттер халықтарының өмір сүру деңгейін көтеруді көздейтін ел экономикаларының тұрақты дамуына бағытталған мәселелер туралы әңгімеледі. Тауарлардың, қызметтердің, капиталдың және еңбек ресурстарының Одақ ішінде еркін айналымына, ғаламдық экономика жағдайында ұлттық эко­номикалардың кооперациялан­уын және бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ету мәселелеріне баса назар аударылды. Ж.Түймебаев еуразиялық инте­грация идеясын алғаш рет 1994 жылы Қазақстан Респуб­ли­касының Президенті Н.Ә.Назар­баев айтқан деп атап өтті. Ол ел­дері­міз 20 жыл бойы Тәуелсіз Мем­ле­кеттер Достастығы, Еура­зия­лық экономикалық қоғамдас­тық, Кеден одағы және Бір­тұтас экономикалық кеңістік тәжі­рибелерінен өтіп, енді жүзеге асырылғанын атап көрсетті. Қазақстан елшісі ЕАЭО-ның баршаға ортақ халықаралық құқық қағидалары, оның ішінде Одаққа мүше мемлекеттердің егемендік теңдігі мен аумақтық тұтастығы, саяси құрылымын өзара сыйлау, өзара тиімді ынтымақтастықты, тараптардың ұлттық мүдделерін және тең құқықтарын қамтамасыз ету, нарықтық экономика мен жауапты бәсекелестікті сақтау қағидалары негізінде құрылғанын мәлімдеді. Ресей, Беларусь және Қыр­ғызстан елшілері ЕАЭО-ға қаты­сушы елдер эко­но­мика­ларының және әлеуметтік салаларын дамыту, халықтарының хал-ахуалын кө­те­ру сияқты мақсаттарды көздей­тінін айтты. ЕАЭО оның мақсат­та­ры мен қағидаларын бөлісе ала­тын әр мемлекеттің қосылуына ашық. Іс-шараға қатысушылар Еу­разиялық экономикалық одақ­қа және оның Түркиямен ынты­мақ­тастығына қызығушылық таныт­қан түрік журналистерінің сұрақ­тарына жауап берді. «Егемен-ақпарат».