Аймақтар • 30 Қыркүйек, 2024

Ұлытауда азық-түлік бағасын негізсіз көтерген 205 кәсіпкерге айыппұл салынды

90 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Ұлытау облысының  делдалдық схемаларды тексеру жөніндегі комиссиясы әлеуметтік маңызы бар азық-түліктің  үстемесін негізсіз арттырған 205 кәсіпкерді ҚР «Әкімшілік құқықбұзушылық туралы» кодексінің 204-4-бабына сәйкес жауапкершілікке тартты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Ұлытауда азық-түлік бағасын негізсіз көтерген 205 кәсіпкерге айыппұл салынды

фото ашық дереккөзден

ҚР «Сауда қызметін реттеу туралы» заңының 9 бабына сәйкес кәсіпкер  әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарына  сатып алу бағасының он бес пайызынан аспайтын мөлшерде үстеме қосуы керек. Заңнамада көрсетілген ережеге бағынбай, бағаны негізсіз көтерген жосықсыз кәсіпкерлерге жалпы сомасы 1 миллион теңгеге жуық қаражат көлемінде айыппұл салынып, қысқартылған түрде 461 500 теңге  өндірілді.

«Бұл заң бұзушылықтар өңірдегі делдалдық схемаларды анықтау бойынша комиссия жұмысымен қатар, Ұлытау облысының Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті мамандарының электрондық шот фактураларға тұрақты талдау жүргізуінің нәтижесінде белгілі болды. Заң бұзушылықтар әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары тізбесіне кіретін сүзбе, күнбағыс майы, жұмыртқа, тауық еті, қант, күріш және рожки өнімдерінің бағасын негізсіз көтеру кезінде анықталған», делінген ҚР Сауда және интеграция министрлігінің хабарламасында.

Сонымен қатар, Қазақстан Республикасында жария шарт жағдайында тауар өткізу кезінде тауарлардың баға жапсырмаларын орналастырмаған 11 жеке кәсіпкер ҚР «Әкімшілік құқықбұзушылық туралы» кодексінің 193-бабы 4-тармағына сәйкес жауапкершілікке тартылып, қысқартылған түрінде 129 220 теңге көлемінде айыппұл өндірілген. Заң бойынша тауар бағасы ел аумағында жария шарт жағдайларында оны өткізу кезінде теңгемен көрсетілуі қажет.