Дін • 01 Қазан, 2024

Еліміздің тұңғыш орыс қариі

259 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қазақ елі конфессияаралық келісім мен дінаралық диалогті, толеранттық пен зайырлылық қағидаттарын ілгерілетудегі жетістігімен көпке үлгі. Ата заңымыз бойынша кім қандай дінге сенемін десе өз еркі, сондай-ақ дін ұстануға толық еркіндік берілген.

Еліміздің тұңғыш орыс қариі

Осынау кеңдік пен келісімнің арқасында Ислам дінін қа­былдап жатқан өзге дін өкіл­дері аз емес. Мәселен, қазір ислам дінін қабылдаған орыс ұлтының өкілдерін көру таңсық болмай қалды. Дегенмен таяу күндері ел тарихында бұрын-соңды болмаған елеулі оқиға орын алды. Ол – Дмитрий Островский есімді тұңғыш қаридың шығуы. Оның мұсылманша аты-жөні – Абдуррахман Алтай.

Қари – Құран кәрімді толық жаттаған адам. Мың жарым жылдан бері қасиетті Кітаптың бір әрпі де өзгермей бүгінгі күнге жетуі – ұлы аманатты арқалаған қарилардың арқасы. Еліміз тәуелсіздік алған тұста бұрынғы атеистік саясат кесірінен елде бірде-бір қари қалмаған еді. Алайда одан бергі жылдары медреселер мен қарилар даярлау орта­лықтарының ашылуы нәтижесінде қазір Құранды толық жаттаған дін өкілдерінің саны жүздеп саналады.

Біз Абдуррахманды әңгімеге тартып, Ислам дініне бет бұруы мен Құран жаттау жолына қатысты сыр суырт­пақтадық. «Мен Шығыс Қазақстан облы­сының Зырянов қаласында дүниеге келіп, мектепті сол жерде бітірдім, дейді ол.  2019 жылы бір іссапарға барғанымда мұсылмандармен бірге жұмыс істедім. Алғаш рет солардан Ислам діні, Құран мен хадис туралы көп мәлімет алып, осы жылы Ислам дінін қабылдадым».

Бастапқыда ата-анасы мен бауырлары оның бұл шешіміне таңғалғаны түсінікті. Дегенмен, кейін келе бәрі де оның бұл шешімін құптаған. Әсіресе әкесі ұлының дұрыс қадам жасағанын айтады екен. «Құран жаттамас бұрын алдымен араб әліпбиін үйрендім. Ол кезде күніне бір әріптен жаттайтынмын. 2-3 айдан кейін әліпбиді толық меңгерген соң, біртіндеп Құран үйрене бастадым. Бір күні мешіттегі ұстаз ниетімді байқап, медресеге түсуге шақырды. Бұл кезде мен жарты параны жатқа білетін едім. Сосын медреседе жеделдетілген бағдарламамен Құранды қайтадан басынан үйреніп, екі жарым жылдың ішінде толық жаттап шықтым» дейді қари.

Біз одан мұсылман болғаннан кейін өмірі қалай өзгергенін сұрадық. Оның айтуынша, адам баласы Құранды тере­ңірек білген сайын өмірдің мән-мағынасын терең түсінеді. «Өмірге деген көзқарасым өзгерді. Ізгі амал жасауға ұмтыла түстім. Мен адамдарға Құранды жиі оқуға кеңес берер едім. Ол иманымызды тереңдетеді. Мұндай өзгерісті ең алғаш жаттауды бас­тағанда-ақ аңғардым. Арабшаны жақсы біл­мегендіктен, Құранның аудармасын оқитын кезім еді. Ал қасиетті кітапты толық жаттап, қари болудың орны мүлдем бөлек. Сіз оған бәлкім 2-3 жыл өміріңізді арнарсыз, біраз қиналарсыз, бірақ оның мына дүниедегі әрі кейінгі өмірдегі пайдасы мен сауабы шексіз. Әрқайсымызда сол игілікке кенелетін мүмкіндік бар. Соған талпынуымыз керек», дейді А.Алтай.

Біз қаридан өзі толық білетін Құран­ның ішінен қай аят ұнайтынын сұрағанымызда, «Фуссилат» сүресінің 33-аяты жанына жақын екенін айтты. Оның мағыналық аудармасы: «Алла жолына шақырып ізгі амал жасаған және шын жүректен «мен шынайы мұсылманмын» деп ағынан жарылған адамнан артық, сөзі жақсы кім бар?..»

Абдуррахман алдағы уақытта ислам ғылымын тереңнен меңгеріп, хаққа ықыласты адамдарға дінді үйреткісі келетінін айтып: «Менің арманым – қоғамға пайдалы болу» деп сөзін түйіндеді. Біз өзі­нің жүрек қалауымен имандылық жолын тапқан бауырымызға сәттілік тіледік.