- Жапонияның Сайтама қаласында аралас жекпе-жектен ұйымдастырылған Rizin-48 турнирінде қазақ файтері Қаршыға Дәуітбек жергілікті спортшы Такеаки Киношитуды бірінші раундта-ақ ұрып жықты. Осылайша, Алматыда іргетасы қаланған «Алаш Прайд» клубының мүшесі өзінің он алтыншы кездесуінде жеңіске жетті.
- Астанада Қазақстан Ұлттық олимпиада комитетінің (ҰОК) Бас Ассамблеясының кезектен тыс жиыны өтті. Бұл шараға ҰОК президенті Геннадий Головкин, Спорт және туризм вице-министрі Серік Жарасбаев, олимпиялық спорт түрлерінен 33 республикалық федерацияның өкілдері қатысты. Г.Головкин спортшылардың Париж Олимпиадасындағы жетістіктеріне тоқталып, 2028 жылы Лос-Анджелесте алауы тұтанатын жазғы ойындарға дайындықты қазірден бастау керектігіне баса назар аударды.
- Әзербайжанның бас шаһары – Бакуде кәсіпқой бокстан «IBA Чемпиондар түні» деп аталатын турнир өтті. Бұл жарыста еліміздің жанкүйерлері аса ауыр салмақтағы Нұрсұлтан Аманжолов (7-2, 6 КО) пен Магомедрасул Меджидовтің (3-1, 3 КО) айқасын тағатсыздана күтті. Ринг қожайынының Лондон Олимпиадасы мен Еуропа ойындарының қола жүлдегері, үш дүркін әлем чемпионы, құрлық біріншілігінің жеңімпазы деген атақтары бар. 2013 жылы Алматыда өткен дүниежүзілік доданың финалында Магомедрасул біздің Иван Дычконы ауыр нокаутқа жіберген еді. Бакудегі бәсекеде Меджидов төрешілердің шешімімен жеңіс тойын тойлады.
- Футзалдан Алматының «Қайраты» Қытайдағы халықаралық турнирге қатысты. Бұл жолы жерлестеріміз өз жанкүйерлерін қуанта алмады. Алғашқы матчта «Шэньчжэнь Нанлингтен» (4:7) ұтылған «Қайрат» келесі кездесуде Жапонияның «Шинагавасын» (6:4) ұтты. Бірақ үшінші ойында Таиландтың «Black Pearl» клубына (3:4) жол берді.
- «Ақтөбе» футбол клубы ел кубогінің иегері атанды. Алматыдағы Орталық стадионда өткен финалдық сайыста олар «Атырауды» 2:1 есебімен еңсерді. Сөйтіп аталған жарыста ақтөбеліктер екінші мәрте топ жарды. Алғаш рет олар осыдан 16 жыл бұрын ел кубогін иемденген.
- Таиландта волейболдан әйелдер арасындағы Азияның клубтық чемпионаты аяқталды. Петропавловскінің «Қуанышы» жартылай финалда Вьетнамның «Lp Bank Ninh Binh» клубына (1:3) есе жіберсе, қола медаль жолындағы тартыста жергілікті «Нахон Ратчасимадан» (0:3) жеңілді.
- Еліміздің 18 жастағы теннисшісі Соня Жиенбаева Мадридте шымылдығы түрілген ITF турнирінде топ жарды. Жартылай финалда швейцариялық Дженни Дерске (7:6, 6:2) шаң қаптырған ол ақтық сында ұлыбританиялық Элис Гилланды (6:1, 5:7, 6:1) қапы қалдырды.
- Алматыда гандболдан Азияның клубтық чемпионаты өз мәресіне жетті. Бас жүлдеге тартыс еліміздің қос командасы – Қызылорданың «Қайсары» мен Алматының «Достығы» арасында өтті. Бұл сайыс 45:23 есебімен Сыр бойынан келген сұлулардың пайдасына шешілді. Жарыс қорытындысында Вероника Хардина («Қайсар») ең үздік ойыншы деп танылды.