ҚОСТАНАЙ. 28 сәуір. Қостанайдағы Спорт сарайында жеңімпаздар форумы өтті. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады.
Спорт сарайы қостанайлықтарға лық толды. Кеншілер, машина жасаушылар, студент жастар «Алға, Қазақстан» деп жар салады. Сайлау Қостанайда да сайлаушылардың белсенділігімен өтті. «Сырткөз-сыншы» дегендей, оған шетелдерден келген байқаушылардың қайсысы болса да таңқалып кетті. Орталық сайлау комиссиясының мәліметі бойынша, 26 сәуір күні өткен Қазақстан Президентінің кезектен тыс сайлауында Нұрсұлтан Назарбаевқа сайлаушылардың 97,7 пайызы дауыс берді.
Мәңгілік ел» идеясы, «Нұрлы жол» экономикалық стратегиясы Қазақстанды гүлдентіп, әлемнің озық 30 елінің қатарына қосу мақсаты жалғасын табатын болады. Форумда Н.Назарбаев кандидатурасын ұсынған «Нұр отан» партиясының облыстық филиалы төрағасының орынбасары Ә.Сапарова сайлау бірлік пен абыройдың көрінісі болғанын айтты. Мұнан кейін облыс әкімі Нұралы Сәдуақасов: «Халықаралық байқаушылар мен саясаткерлер Қазақстан Президенті сайлауының мөлдір және өте жоғары дәрежеде өткенін мойындап отыр. Нұрсұлтан Назарбаевқа қазақстандықтардың 97,7 пайызы сенім білдірді. Дүниежүзінде сайлаушылар дауысының мұндай пайызын алған ешкім жоқ. Бұл халықтың сүйікті президентіне деген жоғары сенімі болып табылады. Қазақстан халқы өзінің тастүйін бірлігін тағы да дәлелдеді. Осындай бірлікпен Қазақстан алға баса берсін!» деді.
Мұнан кейін А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университеті ректорының кеңесшісі Михаил Дәуенов, Қазақстан халқы ассамблеясының мүшесі, облыстық архив директоры Валерий Вишниченко, халық ақыны Әсия Беркенова тағы басқалар сөз алды. Залдағы жиналған жұртшылық өкілдері, жұмысшылар, жастар лебіздерді «Алға, Қазақстан!», «Нұрсұлтан, Қазақстан!» деп қуаттап, қолдап отырды. Форум патриоттық әндермен көркемделді.
Нәзира Жәрімбетова.
Дерек, сурет: egemen.kz