Сұхбат • 01 Қазан, 2024

Ерлан Нысанбаев: Тұран жолбарысы қайта оралды деуге болады

127 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Өткен апта еліміз үшін тарихи оқиғамен бас­талды. Ұзақ жылдан кейін Тұран топырағына жолбарыс қайта оралды. 2010 жылы осы аң түрін сақ­тап қалуды талқыла­ған алғашқы халықаралық форумда еліміз жабайы жырт­­­­­қышты өңірге әке­ліп жер­­сіндіруге дайын екенін мәлім­деген еді. 2017 жылы еліміз бен WWF International (Дүниежүзілік жабайы табиғат қоры) арасында меморандум жасалып, соның негізінде арнайы бағдарлама әзірленді. Жоба аясында алаңы 415 мың гектар жерді қамтитын «Іле-Балқаш» резерватын құру, оңтүстік Балқаш маңы экожүйесін қалпына келтіру жұмысы атқарылды. Бұл істің еліміз үшін маңыздылығын Президент 2021 жылғы жаңажылдық үндеуінде атап өтті. Ал күні кеше Нидерланд елінен екі Амур жолбарысының жеткізілуі бағдарламаның маңызды кезеңі басталғанын көрсетеді. Осыған орай Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаевпен сұхбаттасқан едік.

Ерлан Нысанбаев: Тұран жолбарысы қайта оралды деуге болады

– Ерлан Нұралыұлы, өткен аптада «Тұранға жолбарыс орал­ды» деп сүйіншіледік. Осы істің мән-жайы туралы кеңі­рек тарқатсаңыз. Неліктен Ни­дерланд елінен әкелінді? Енді бұларды өңірге бейімдеу қалай жүргізіледі?

– Елімізде бірнеше жылдан бері жолбарыстарды жер­сін­діру бағдарламасы жүзеге асып жатқанын білесіз. Дүниежүзілік жабайы табиғат қорымен (WWF) тығыз ынтымақтастықтың арқа­сын­да екі Амур жолбарысы «Іле-Балқаш» мемлекеттік табиғи ре­зер­ватына Нидерландтағы «Свя­того льва» жабайы жануарларды сақтау орталығынан (Stichting Leeuw) жеткізілді. Бұл оқиға – экожүйені қалпына келтіру және жоғалған биоалуандықты қай­та түлету бағытындағы маңыз­ды қадам. Бағдарламаны Эко­ло­гия және табиғи ресурстар ми­нистрлігінің Орман шаруа­шы­­лығы және жануарлар әлемі комитеті Дүниежүзілік жа­байы табиғат қоры (WWF) және Бірік­кен Ұлттар Ұйымының Даму бағ­дар­ламасы (БҰҰ ДБ) қол­дауы­мен жүзеге асырып жатыр. Бізге жет­­кізілген Богдана мен Кума атты Амур жолбарыстары «Іле-Бал­­қаш» резерватындағы WWF-тың арнайы құрылған қор­шаулы орта­лығында бағылып, кейін олар­­дың шөнжігін табиғатқа жі­беру жоспарланған. Бұл қадам жол­­­барысты тарихи мекенінде өсі­­ріп, көбейтуге мүмкіндік бе­ре­ді.

ва

Биыл жазда еліміз бен Нидер­ланд арасында осыған қа­тыс­ты келісім жасалды. Уағдалас­тық бойынша аталған ел бізге 2 жолбарысты тегін беріп, жет­кізуге келіскен. Олардың тұқымы кейін таби­ғатқа еркін жіберілуге тиіс. Дәл осы мәміленің алғашқы кезеңі сәтті жүзеге асып отыр.

– Сынақ алаңы ретінде Іле-Бал­қаш өңірін таңдаудың себебі неде? Бұл маңда жолба­рыс мекендеуіне қолайлы жағдай қалыптастыру үшін қандай іс-шаралар атқарылды?

– Жолбарысты қайта көбейту жо­басы жеңіл-желпі іс емес. Бұл – бірнеше кезеңде ұзақ жыл бойы жүзеге асатын бағдарлама. Сондықтан барлық мәселе жан-жақты сараланып, зерттеліп қолға алынуға тиіс. Бұл өңір кездейсоқ таңдалған жоқ. 2011 жылы Қа­зақ­стан, Ресей, Швейцария ел­дерінің бірлескен экспедиция­сы жұмысының нәтижесінде Орталық Азияда Тұран жолба­рысын қалпына келтіруге ең қо­лайлы орын ретінде Балқаш көлі­нің оңтүстік жағалауы, Іле өзені сағасының маңы мен оның шығыс жағы таңдалды. Өйткені бұл өңір – бұрын жолбарыс мекендеген, оның өсіп-өнуіне қолайлы аймақ. Іленің төңірегіндегі орманды алқаптарды, өзеннің Балқашқа құятын тұсын Тұран жолбарысы мекендеген. Соңғы жолбарыс бұл маңда 1948 жылы байқалған.

Орталық Азия елдері арасында жалғыз сақталған сулы-бат­пақты алқап Іле өзенінің аты­рабы болғандықтан, еліміз бен ха­лықаралық ғалымдардың тынымсыз еңбегінің арқасында бірегей бағдарлама әзірленді. 415 мың гектарды алып жатқан аумақта 2018 жылы Іле-Балқаш резерваты құрылды. Резерват аумағында жолбарысты жер­сіндіру мақсатында көптеген іс-шара атқарылып жатыр. Атап өтсек, жолбарыстың азық­тық базасы ретінде тұяқты жануарларды (тоғай бұғысы, құлан) жерсіндіру және жергілікті мекендейтін аңдардың санын көбейту жұмыстары жүргізілді.

ва

– Сырт елден жеткізілген аңды жерсіндіру кезінде оның азы­ғының сайлы болуы ма­­ңызды. Осы мәселе қалай реттелмек? Жол­барыстар қорегін аулап жей ме, жоқ қолдан жем жей­тін, үйретілген аң ба?

– Жолбарыстарды әзірше резерваттағы шағын қор­шауға орналастырдық. Сол жерде жаңа табиғи ортаға бейім­делгенше ұстаймыз. Кейі­нірек, бірнеше аптадан соң кеңірек қоршауға жібереміз. Бұл – қамауда ұсталған аң. Сондықтан бекітілген рационмен, үй жануарларының етімен қоректендіріледі.

– Деректерде Тұран жолба­ры­­сының адамға шабуыл­да­ғаны, жойылуына себептің бірі де осы екені айтылады. Осы орайда тұрғындар қауіпсіздігі мәселесі қалай қадағаланады?

– Әрине, жолбарыстың жырт­қыш аң екені белгілі. Сол себепті аңшылар қарауылына жиі ілінгені де рас. Дегенмен жойы­­лудың негізгі себебі – мақта алқаптарын кеңейтеміз деген желеумен құнарлы жерлердің жыртылуы. Адамзаттың бұл әрекеті жолбарыс азық еткен жабайы аң түрлерінің бұл жерлерден жоғалып кетуіне әкелді.

Ал қауіпсіздік мәселесіне кел­сек, бастапқыда жолбарыс­тар қоршау ішінде оқшау ұстала­ды. Ал кейінірек табиғи ортаға жіберер кезде спутниктік қарғы­бау­лар орнатылады. Арнайы құ­рыл­ған мемлекеттік инспекторлар тобы оларды бақылауда ұс­тап отырады. Резерват аумағы бастапқы деңгей, орташа деңгей, қауіпті деңгей дейтін 3 аумаққа бөлінеді. Осының негізінде GPS қарғыбауы арқылы жолбарыстың жүріп-тұруы арнайы монитор арқылы бақылауда ұсталады.

– Бұл бағдарлама жергілікті эко­жүйенің қалпына келуіне, резерватқа жақын елді мекен­дердің экономикалық дамуына ықпал етеді делінеді. Осыған кеңірек тоқталсаңыз.

– Бағдарламаның бір бағытын­да сол төңіректегі ауыл жұртшы­лығын ақпараттандыру және эко­номикалық дамыту жұмысы да бар. Соның ішінде жергiлiк­тi тұр­­ғындарға қолдау көрсету, сон­­дай-ақ қоршаған ортаға зиян келтiр­мейтiн өзге де табыс­ көз­дерiн дамытуға мүмкiндiк ұсыну да қам­тылған. Осы­лайша, WWF қол­­­дауы­­мен соңғы бір­неше жылда­ көп­­теген ша­ғын грант бе­ріл­ді. Жер­гілік­ті қоғам­дас­­тық­тар­ды да­мыту қо­ры құ­рыл­ды. Тұр­мысы тө­мен от­ба­сы­лардың бақ­ша дақылдарын өсі­руіне қолдау көр­сетілді. Сондай-ақ «Саябақтар шеруі» халықаралық экологиялық акциясы, табиғатты қорғау ме­рекелері, мек­теп­тердегі сабақ­тар, көрнекі үгіт-на­си­хат және т.б. сияқты түрлі эко­ло­гия­лық ағар­ту іс-шаралары өткізіледі.

– Тұран жолбарысы, аты айтып тұрғандай, Орталық Азия елдерінің аумағын ен жайлады. Еліміз осы өңірде бірінші болып осы аң түрін қалпына келтірмек. Бұл жобаға көрші елдерден қызығушылық бар ма?

– Әзірше көршілеріміз тарапынан жобаны өздеріне қарасты аумақтарда іске асыруға қатысты тәжірибе алмасу немесе басқада бағыттарда жұмыс жүргізу жө­нін­де ұсыныс болған жоқ.

Ала­йда еліміздегі жолба­рыс­­ты жерсіндіру бағ­дарламасына әлем­нің түрлі елі оң бағасын бе­ре­тініне сенім арта отырып, келешекте Орталық Азия елдері де бұл іске атсалысуға ынталанады деп ойлаймыз.

– Бұл жоба экологиялық туризмді дамытуға үлес қоса­ды деседі. Бұған қа­тысты қандай жоспарларыңыз бар?

– Жоғарыда ­айтып өткенім­­­­­дей, бұл жо­лы әке­­­­лін­ген жол­ба­рыстар тек қор­шауда ұс­та­ла­­­­­ды.­ Өйт­ке­ні олар та­би­­ғатта еркін өмір сүруге бейім­дел­меген. Кума мен Бог­дана төлдегеннен кейін Қарой кентіндегі Іле-Балқаш резер­ва­тының келу орта­лы­ғында жаңа қоршауларға көшіріледі. Осы бастаған ісіміз табысты бол­­­ған жағдайда жолбарыстардың осында туған шөнжіктері халық­аралық стандарттар мен хат­та­­маларға сәй­кес арнайы дайын­дық­тан өтеді. Содан кейін, бір жарым-екі жасқа толғаннан кейін, табиғат аясына шығаруға дайын болады.

Жолбарыстың пайда болуы ауданда экологиялық туризмнің да­муына ықпал етері сөзсіз. Бұл бірінші кезекте осы өңір жұрт­шылығына туризмнен қосымша табыс табуға мүмкіндік береді. Қазірдің өзінде бағдарлама аясында жергілікті тұрғындар арасында экологиялық туризмді ұйым­дастыруға қатысты курс­тар өткізіліп жатыр. Қонақүй­лер ашуға гранттар бөлінді. Гид­терді оқыту курстары ұйым­дас­ты­рылады. Жастарға ағылшын тілін үйретуге ерекше көңіл бөлінеді. Өйткені бағдарлама аясында әлемнің түрлі елінен туристер келеді деп болжап отырмыз.

– Министрліктің мәліме­тінше, алдағы уақытта Ресейден тағы бірнеше Амур жолбарысы әкелінеді екен. Сонда қазақ жеріне жерсінетін бұл аң түрін болашақта «Амур жолбарысы» дейміз бе, жоқ «Тұран жолбарысы қайта оралды» деп айтуға қақымыз бар ма?

– Зерттеу нәтижесінде Тұран жолбарысының Амур жолбарысынан соншалықты айырмашылығы жоқ екені дәлелденді. 70-жылдары жойылып кеткен Каспий жол­барысының геномы тал­данғанда, оның Амур жолбары­сымен практикалық тұр­ғыдан бір тұқымға жататы­ны анықталды. Бұл елімізде осы аң түрінің по­пуля­циясын қалпына кел­тіруге мүмкіндік береді. Ал­дағы уақытта Ресейден тағы 3-4 жолбарыс әкелу жоспарланып отыр.

2015 жылдың маусымында жарияланған зерттеу нәтижесінде барлық континенталды жолбарыстар бір тұқымға, яғни «Panthera tigris tigris»-ке жататыны анықталды. Осы жолбарыс түрі 2021 жылы Қазақстанның «Қызыл кітабына» енгізілді.

«Амур» және «Тұран» атауларын қазіргі уақытта ға­лымдар мен Халықаралық таби­ғатты қорғау одағы (ХТҚО) эко­логиялық формалар немесе географиялық популяциялар ретінде қарастырады. Жекелеген аң түрі деп санамайды.

Сондықтан елімізде жер­сін­дірілген Амур популяция­сының жолбарыстары жүйелі түрде осы жерде тұқым жайып, өсіп-өнген жағдайда, аумақ­­тық белгі бойынша оларды Тұран по­пу­­­ляциясының жолбарыстары деп атауға, «Тұран жолбарысы тарихи мекеніне қай­та оралды» деп айтуға болады.

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен –

Қамбар АХМЕТ,

«Egemen Qazaqstan»