Кеше Астанада ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасы, Қазақстан Республикасының Мемлекетік хатшысы – Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес (АӨСШК) төрағасы, Түркия Сыртқы істер министрі Ахмет Дәуітоғлымен кездесіп, келіссөз жүргізді.
Еуразия континентіндегі қауіпсіздіктің сақталуын қадағалайтын екі ұйымның басшылары әңгіме барысында осы мәселені талқылап, соның ішінде Қырғызстандағы жағдай туралы пікір алмасты. Ондағы жағдайдың тұрақсыздығына алаңдаушылық білдірген сұхбаттасушылар осы елдегі жағдайды тұрақтандыру, ондағы құқық тәртібін орнына келтіру, сондай-ақ әлеуметтік-экономикалық өткір проблемаларды шешу үшін халықаралық қоғамдастықтың күш-жігерін үйлестіру қажет екендігін атап өтті. 27 маусымға белгіленген референдум Қырғызстан қоғамындағы жағдайды оңтайландыруға көмек көрсетеді деп үміт еткен екі төраға өздері басшылық жасайтын ұйымдардың әлеуетін осы шараның дұрыс өтуіне мүмкіндігінше молынан жұмылдыратынын мәлімдеді.
Сонымен бірге, Қ.Саудабаев пен А.Дәуітоғлы үстіміздегі жылдың мамыр-маусым айларында Түркия Президенті Абдулла Гүлдің Қазақстанға, ал Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Түркияға жасаған сапарлары екіжақты ғана емес, көпжақты ынтымақтастықты тереңдете түсуге айтарлықтай серпін бергенін атап көрсетті. Соның ішінде Ыстамбұлда болған саммитте АӨСШК-ге төрағалық ету міндеті Қазақстаннан Түркияға көшкеніне назар аударылды. А.Дәуітоғлы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен құрылған осынау ұйым Анкара төрағалық еткен уақытта одан әрі нығайып, аймақтық және ғаламдық қауіпсіздікті сақтаудың тетігі ретінде алға қойған мақсатын одан әрі тиімді орындай береді деген сенім білдірілді.
ЕҚЫҰ мен АӨСШК арасындағы өзара іс-қимылдардың перспективаларын талқылау барысында сұхбаттасушылар үстіміздегі жылдың маусым айында Ыстамбұлда Қазақстанның ұсынысымен өткізілген ЕҚЫҰ-АӨСШК форумының бірінші кездесуі тиімді шара болғанын атап көрсетіп, оны Қазақстан Президентінің идеясына сәйкес континенталдық қауіпсіздіктің тұғырнамасына айналдырудың мүмкіндіктері туралы пікір алмасты.
Сондай-ақ кездесу барысында 16-17 шілде күндері Алматы қаласында болатын ЕҚЫҰ Сыртқы істер министрлері бейресми кеңесінің ықтимал күн тәртібіне қатысты да мәселелер талқыланып, оған байланысты екі жақтың ұстанымдары жақын екендігіне екпін түсірілді. Соның ішінде қазіргі заманғы қауіп-қатерлер, ауған проблематикасы, өзара сенімді арттыру, сонымен бірге, еуроатлантикалық және еуразиялық қауіпсіздік архитектурасы, ЕҚЫҰ-ның тиімділігін арттыру, ұзаққа созылған кикілжіңдерді бейбіт реттеу, т.б. мәселелер бойынша тараптардың ұстанымдары ұқсас екендігі атап айтылды.
Түрік жағы үстіміздегі жылдың аяғында Қазақстанның бастамасымен ЕҚЫҰ саммитінің өткізілуін шынайы түрде қолдайтынын білдіріп, оның күн тәртібіндегі мәселелердің мазмұнды болуына үлес қосуға дайын екенін жария етті.
Кездесуден кейін министрлер журналистердің алдына шығып, келіссөз қорытындысы бойынша брифинг берді. Біздің арамызда бірлескен іс-қимылдарға, соның ішінде Қырғызстанда тұрақтылықты қалпына келтіру мәселелері бойынша маңызды пікір алысулар болды, деді өзінің сөзінде Қ.Саудабаев. Сіздер Қазақстан Президенті Н.Назарбаевтың дағдарыстың бірінші күнінен бастап көршілес, әрі туысқан елде тұрақтылық орнатуға күш салғанын білесіздер. Бүгін біз де сол бағытта келіссөз жүргізіп, түркиялық әріптесіммен іс-қимылдарымызды бірлесе жұмсау қажеттігіне келістік. Түсіністік жағдайында өткен келіссөз үшін Дәуітоғлы мырзаға алғысымды білдіремін.
Түрік Республикасының Сыртқы істер министрі Ахмет Дәуітоғлы да өзін Астанада туған үйіне келгендей сезінетінін атап өтіп, әріптесімен дәстүрлі түрде ай сайын дерлік кездесіп тұратынын айтты. Қырғызстандағы жағдайды тұрақтандыру үшін біз қолдан келген барлық көмегімізді жасаймыз, 27 маусымда болатын референдумнан кейін біз Қазақстанмен бірге бірлесе жасайтын көмектерімізді жоспарлауға кірісеміз, деді түркиялық министр. Сондай-ақ ол Кабул конференциясы жөнінде де пікір алмасылғанын айта келіп, биылғы жыл Еуразия кеңістігінде Түркия мен Қазақстан жылы болып тұрғанын ерекше атады.
Жақсыбай САМРАТ.